Жамбыл облысындағы Жасөркен ауылында жағдай тұрақталды
Кеше түс ауа басталған толассыз жауыннан соң Жамбыл облысындағы Жасөркен ауылын су басты.
Тау суы үйлерге еніп, мектеп ауласын да шайған. Құтқарушылар мен жергілкті билік көлбеу ағынмен түнгі сағат 02:00-ге дейін күресіп, ақыры бетін қайтарды.
Тау сілемдерінен аққан су түні бойы Жасөркен тұрғындарын әбігерге салды. Кешкі саған 8-дерде басталған тасқын алдымен тау етегінде орналасқан 30 үй мен ағарту ошағының ауласына кірген. Оқиға орнында жедел штаб құрылды. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев үрейленген жұртты басып, тасқыннан келер қауіп жоқ екенін ескертті.
Ербол Қарашөкеев, Жамбыл облысының әкімі:
- Ахуал тұрақты Жамбыл облысында су қоймалары Шу, Талас өзендері ахуалы тұрақты. Су деңгейі бақылауда. Ешқандай қауіп, су тасқын қаупі қазіргі таңда жоқ.
Жылғаларды қуалай аққан қызыл судың биіктігі 40 сантиметрге жетті. Онымен күреске 300-ге жуық құтқарушы мен полиция және жергілікті тұрғындар тартылды. 22 мотопомпа мен 60-қа жуық техника жұмылдырылды.
Арман Тоқанов, облыстық ТЖД бастығы:
- Қазіргі уақытта үйлердің ауласынан көшелерден су Талас өзеніне лақтырылып жатыр. 4 мың текше метрден астам су лақтырылды.
Атқарылған ауқымды жұмыстардың арқасында көлбеу ағынның көлемі түнгі сағат 01:00 шамасында азайды. Қазір ауылдағы барлық аула судан тазартылды.
Қалатдин Бағысбаев, Жасөркен ауылының тұрғыны:
- Техникалардың барлығы ауылдың әкімі бар ауданның әкімі бар мынау төтеншеліктер ар бәрі бір адамдай, мынау тұрғылықты халықтың өзі әрқайсысы күрек алып, осы ненің бәрін қазып түнгі сағат 02:00-ге дейін суды жартылай түсірдік. Одан кейін барып азайды.
Оқиғадан зардап шеккендер жоқ. Төрт түлік пен дүние мүлікке келген залал бойынша комиссия нақтылау жұмыстарын жүргізуде. Ал бұл жағдайды екінші рет болдырмау үшін, таудағы суды Беларық каналына бұру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазір 1,5 шақырымдық дренаж қазылды. Ал онлайн оқуға көшкен орта мектеп ертең ертең оқушыларға есігін айқара ашпақ.
Мерей Бает, Елдар Байділдә