Министр: Өнеркәсіпті қолдауымыз керек
Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауытында болды, деп хабарлайды 24kz.
Отандық автомобиль өнеркәсібіне мемлекеттік қолдау көрсету мәселелері талқыланды. Министрмен әңгімелесу барысында компания жұмысшылары зауыттың келешегі мен жұмыс орындарының сақталуына қатысты алаңдаушылық білдірді.
Hyundai Trans Kazakhstan – Astana Motors-тың еншілес кәсіпорны. Мұнда 1300 қызметкер жұмыс істейді. Бір ауысымда 500 адам еңбек етеді. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев зауытты аралап, өндіріс қуатына көз жеткізді. Компания қызметкерлері мемлекет тарапынан автоөнеркәсіпті қолдау, жұмыс орындарын сақтау мәселесін алға тартты.
Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Біз міндетті түрде өнеркәсіпті қолдауымыз керек, ал өнеркәсіпті қолдау қарапайым, ойлап көріңіз, зауыттағы бір жұмыс қосымша 7-8 жұмыс орнын ашады. Сапардың мақсаты – қызметкерлердің ертеңгі күні үшін алаңдамауына сендіру.
Автокөлік зауыты жұмыс істеген алғашқы төрт жыл ішінде оның қызметкерлері Hyundai халықаралық стандарттары бойынша дәнекерлеу және шанақ бояуын меңгерді. Өндіріс көлемін айтарлықтай ұлғайтуға қол жетті.
Жарас Әбдіқожаев, Hyundai Trans Kazakhstan зауытының жетекші инженер-технологы:
- Ең алғаш осы линияда қарапайым жұмысшы болып бастағанмын, бірақ қазіргі таңда жетекші инженер-технолог қызметін атқарамын. Менің жұмысыма, яғни, адамдардың жұмыс істеу сапасын жақсарту, олардың жұмысын жеңілдету. Мен сияқты енді бітірген мамандар осындай өндіріс орындарына бармаса басқа қайда барады? Қазір 1 курстан 4 курсқа дейін техникалық мамандықта оқып жатқан жігіттер не істейді?
Бүгінгі таңда Hyundai Trans Kazakhstan зауытының жұмысшыларында 1400-ден астам бала бар. «Сондықтан кәсіби өсуге, біліктілікті арттыруға және тұрмыс жағдайын жақсартуға ынталандыратын себеп бар», - дейді мамандар.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Мұхит Құдықбаев