420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда мемлекеттік басқарудың жаңа моделі құрылады

  • 117
  • UPD: 21:24, 01.09.2020

Елімізде жергілікті мемлекеттік басқару және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілеттіктері кезең-кезеңмен ажыратылуы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президент өз Жолдауында осыны ұсынды. Жалпы мемлекеттік басқарудың жаңа моделін түзу керек. Оның негізгі тетігі ретінде стратегиялық жоспарлау және реформалар бойынша агенттігі құрылады. Агенттік тікелей Президентке бағынады.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар бойынша агенттік. Бұл тікелей Президентке бағынатын жаңа құрылым. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халқына Жолдауында елде мемлекеттік басқарудың тың моделі құрылатынын айтты. Бұдан былай статистика комитеті аталған агенттік құрамына өтеді. Сондай-ақ реформалар бойынша жоғары президенттік кеңес құру жоспары бар. Сенатор Ләззат Сүлейменованың ойынша, бұл Қазақстанның халық үніне құлақ асатын мемлекетке айналғанын көрсетеді.

Ләззат Сүлеймен, ҚР Сенат депутаты:

– Былтырғы Жолдауда айтылған халық үніне құлақ асатын мемлекет. Осы концепция өзінің жалғасын табады. Бұл жерде азаматтардың мемлекеттік басқаруға араласуы, биліктің жауапкершілігі, азаматтардың жауапкершілігі осылардың заң жүзінде қалыптасуы туралы өте жақсы концепциялар айтылды.

Президент те өз сөзінде азаматтардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасап, құқығын қорғауға міндеттіміз деді. Бірақ қандайда бір жоспар түзуде мемлекеттік аппаратқа иек артып отыра бермеу керек. Қоғамның да белсенді болуы маңызды. Оның үстіне биыл мемлекеттік қызметкерлердің санын 10 процентке, келесі жылы 15 процентке қысқарту міндеті тұр. Бірақ экономист Сапарбай Жобаев орган ішінен орган ашып алатындардың әлегін ұмытпау керек дейді.

Сапарбай Жобаев, экономист:

– Қазір бізде нарыққа өту алдында мемлекетке өтіп жатырмыз. Ал бұл не деген сөз, 4 пайызға басқарушы мемлекеттік органдар көбейіп кетеді. Әр жылы айтады, 10 пайызға қысқартамыз деп, мемлекеттік ұйым 10 пайызға қысқартады, ал жыл сайын ол 20 пайызға өсіп кетеді.

Әлемді әлек еткен індет өмірге өзгеріс енгізгені рас. Бұдан былай көрсеткішті көксейтін мемлекеттік бағдарламалардан гөрі, көпшілікке түсінікті ұлттық жобаларды жүзеге асыруға мән беру керек. Ал мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы балдық жүйемен бағаланады. Бұл өз кезегінде шенеуніктердің арасында шынайы бәсекелестіктің орнауына себеп болады. Бұдан былай министрліктерде жауапты хатшы деген болмайды. Оның түкке де керегі жоқ деді Қасым-Жомарт Тоқаев

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Нәтижесінде, ортақ іске нұқсан келтіріледі. Сұрау бір адамнан болуы керек, яғни Президент тағайындаған министр жауапты болуы тиіс. Сондықтан жауапты хатшылар институтын қысқарту керек. Олардың міндетін министрліктердің аппарат басшыларына жүктеу қажет. Жоғарыда аталған ұсыныстарды жүзеге асыру үшін мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға жыл соңына дейін түзетулер пакетін қабылдауды тапсырамын.

Ауыл тұрғындары өз әкімдерін өздері сайлағысы келеді. Президент бұл мәселенің шешімін кейінге қалдыруға болмайды деді. Оның үстіне келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады екен. Демек ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізетін уақыт жетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Жергілікті билік өкілдерінің сайланбалы болуымен қатар, мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы құзыреттерді бөлу және жергілікті өзін-өзі басқару ісін айқындап алуымыз қажет. Аса маңызды мәселенің бірі – аймақтарды бюджеттен қаржыландыру моделін әзірлеу. Бұл ретте, «орталық пен өңір» арасындағы қарым-қатынастан бөлек, қаражаттың өңір ішінде бөлінуіне айрықша назар аудару керек.

Жастарды да саяси жүйеге қатыстыру керек. Бұл да – мемлекеттік басқарудың жаңа моделінің бір көрінісі.

Авторы: Мерей Мұратханқызы

Хабар 24 телеарнасы