429,51 502,00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қ.Тоқаев: Полиция халыққа жақын болуы тиіс

  • 117
  • UPD: 20:56, 01.09.2020

Құқық қорғау жүйесін жаңғыртып, полиция институтын халықаралық стандарттарға сай жетілдіру керек.

Медиацияны дамытып, кибербуллингпен күресу қажет. Мемлекет басшысы өз Жолдауында заң және құқық саласын реформалаудың бірнеше жолын ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Полиция, прокуратура мен соттың қызметін жіктеп, әрқайсының міндетін нақтылап берді. Ең бастысы, адам құқығын қорғау деді Президент.

Адамдарды қудаламайық, қорғайық деді Мемлекет басшысы. Жазығы жоқ жандар зардап шекпес үшін тергеу жұмыстары сапалы, прокурорлық қадағалау мен сот шешімі әділ болуы тиіс. Ал қылмысы дәлелденген адам ғана тиісті жазасын алады. Сондықтан құқыққорғау саласын халықаралық тәжірибеге сүйеніп, реформалау маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Құқыққорғау жүйесінің жұмысында ескіліктің сарыны жойылмағандықтан, тек айыптау жағы басым. Азаматтардың негізсіз қылмыстық қудалауға түскен кездері болды. Қылмысты анықтаған жедел уәкіл мен процесуалды шешім шығаратын тергеуші бір басшыға бағынады. Ал оған қылмысты жылдам ашып, сотқа жіберу маңызды. Алайда көрсеткіш қуамыз деп, азаматтардың құқығын таптап, бостандығын шектемеу керек. Прокурорлық қадағалау болса, ылғы кеш іске асады. Олар іспен сот алдында ғана танысады. Саланы модернизациялау керек деген Президент жұмыстың 3 сатылы үлгісін ұсынды.

Полиция күдіктілерді анықтайды, айғақ заттарды жинақтайды. Прокурор дәлелдер бойынша тәуелсіз баға береді. Оның міндеті – адамның құқығын қорғау. Ал сот жан-жақты қарап, әділ шешім шығаруы тиіс. Яғни аталған үш құрылым өз қызметін сапалы жүргізсе, құқық қорғау саласына халықтың сенімі артады. Әр істің артында адам тағдыры тұр деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды. Халық үніне құлақ асатын мемлекет – шын мәнісінде әділетті мемлекет құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап қою жеткізіліксіз, ең бастысы дұрыс және әділ шешім шығару қажет.

Президенттің айтуынша, қылмыстық және қылмыстық-процессуалдық заңнаманың тұрақтылығын қамтамасыз ету маңызды. Оны жиі түзету мен өзгеріс енгізу құқықты қолдануға кері ықпал етеді.

Біркелкі тергеу және сот практикасын жасауға мүмкіндік бермейді. Ал полиция халыққа жақын болуы тиіс. Әсіресе, учаскелік инспектор тұрғындармен ашық диалог құра білуі керек. Осы орайда кадр сапасын арттыру маңызды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Учаскелік инспектордың мәртебесін заңнамалық тұрғыда көтеріп, оған нәтижелі жұмыс істеу үшін мүмкіндік беру керек. Ол азаматтарға таныс, қолжетімді және беделді болуы керек. Азаматтардың құқығын белсенді түрде қорғауы тиіс.

Құқыққорғаушылардың өзі құқық бұзбауы үшін полиция кеңсесіндегі жұмыс ашық болуы керек. Яғни қызметтік бөлмелерге бейнекамералар орнатып, бақылауды күшейту керек. Жемқорлықпен күрес тоқтамайды. Керісінше, жемқорларға жаза күшейеді. Кәсіпкерлердің жұмысына кедергі келтіргендер заң алдында жауап берді Мемлекет басшысы мемлекеттік бақылауға балама ретінде қоғамдық бақылау институтын қолдап, тиісті құқықтық негіз қалыптастыру керектігін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағандарға шартты түрде мерзімінен бұрын босату шарасы қолданылмайды. Жемқорлықпен ұсталғандардың мемлекеттік қызметте және квазмемлекеттік секторда жұмыс істеуіне өмір бойына тыйым салатын қағида қатаң сақталуы керек. Біз сыбайлас жемқорлық деректері туралы хабарлаған адамдарды заң жүзінде қорғайтын жүйе қалыптастыруымыз қажет.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Президент айтқандай, кәсіпкерлікке негізсіз араласу, кедергі келтіру ауыр қылмыс түріне жатқызылатын болды. Бұл шағын және орта бизнестің жаңа серпінмен дамуына жол ашады деп ойлаймын.

Адам саудасымен айналысқандар, біреуге зорлық-зомбылық көрсеткендер тиісті жазасын алуы тиіс. Президент соңғы уақытта кибербуллингтің құрбаны болған балалардың көбейгенін айтты. Жалпы 21 елде жасөспірімдерді ғаламтордағы қысымнан қорғайтын заң бар. Ал біздің елде нақты статистика да жүргізілмейді. Болжам бойынша әрбір бесінші бала зардап шегеді.

Абзал Құспан, құқыққорғаушы, заңгер:

– Ата-аналар бұл мәселеде жұмысбастылыққа байланысты басқа да мәселелерге байланысты назардан шығарып алды. Осыған байланысты осы интернет арқылы жасалатын қылмыс саны күрт артып кетті. Соның ішінде алаяқтық, интернет арқылы түрлі зорлық-зомбылық орын алып жатыр.

Құқық қорғау саласындағы өзекті мәселелерді тізіп, алдағы мақсат-міндеттерді айқындап берген Президент медиацияны дамытуды тапсырды. Сондай-ақ сот саласына білікті мамандарды тартып, кадр сапасын арттыру қажеттігін айтты. Ал ішкі істер министрлігінің құрылымы қажет емес функциялардан босатылып, қызметі қайта қаралады. Табиғи және техногендік апаттардың жиі болуына байланысты, төтенше жағдайлар министрлігі қайта құрылады.

Хабар 24 телеарнасы