421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мемлекет шығынға ұшыраған кәсіпкерлердің қарыздан құтылуына көмектеседі

  • 101
  • UPD: 20:59, 01.09.2020

Президент елге жолдауында осылай деді. Қазір шағын және орта бизнес өкілдері шығынға белшесінен батып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті банктен алған берешегін қайтара алмай жатқандары бар. Мемлекет басшысы енді оларға арнайы субсидия бөлінеді деді. Яғни несиенің бір бөлігін төлеп береді. Билік неліктен мұндай қадамға барғалы жатыр?

Күнгейдегі шаруалар күйініп отыр. Жүгері еккен. Бітік шықсын деп, барын салыпты. Бірақ судан тарыққан көрінеді. Тоғаны бос болған соң, жеміс бермеген. Әне, шетінен қурап жатыр. 

БЛИЦ:

– Су болмаған соң, жұрттың бәрі қайтып егіс егеді? Егіссіз отыр. Еккендерінің бәрі қурап жатыр.

– Жоңышқа, жүгері қурап кетеді. Еш нәрсе істей алмаймыз, қанша жыл болды?!

– Әкімшілікке қанша мәрте шықтық. Қатырамыз деді ғой. Бірақ қатырған түгі де жоқ.

Егін екпек түгілі, бақшаға тұқым салудың өзі мұң болды деген шаруалар ауыл басшысына талай барған. Арыққа су жібер деп, талап та қойыпты. Бірақ әлгі шендінің мәселені шешетін түрі жоқ. Құлағы бітеу болды ма дейсің. Әйтпесе, ауылдастың айтқанын әлдеқашан еститін кезі болды емес пе? Бұлар ұғып боламын дегенше, мәселе Ақордаға жетіп үлгерген.  

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйесі үлкен кедергі келтіріп отыр. Судың 40 пайызы далаға кетіп жататын кездері болады. Онсыз да су тапшылығының зардабын тартып отырған еліміз бұған жол бере алмайды. Осы саланың нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттелуін қамтамасыз етіп, заманауи технологиялар мен инновацияны енгізу үшін экономикалық ынталандыру шараларын әзірлеу қажет.

Шаруалардың ашынып сөйлейтіні бар. Егінді егу де, оны ору да бас қайғы болып тұр емес пе? Сосын қамбаға салғанын нарыққа шығару – тағы азап. Ешкім сөресіне қойып бермейді. Сеңдей соғылысып жүретіні сондықтан. Президент осындай былық болмау үшін кооперация құру керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Басы бірікпеген жеке қосалқы шаруашылықтар шын мәнінде өлместің күнін көріп отыр. Бұл ретте, сапалы әрі мол өнім өндіру, үздіксіз тауар жеткізу туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Бәсекеге қабілетсіздік пен импорттан арыла алмай отыруымыздың себебі де осыда. Кооперация кезінде жер және басқа да мүлікке қатысты барлық құқық сақталады. Кооперация шаруашылықтарға шикізат сатып алу, өнім өндіру және оны сатуды ұйымдастыру барысында күш жұмылдыруға мүмкіндік береді.

Шаруалар біріге білсе ғана, толайым табысқа кенеледі. Әйтпесе, арадағы делдалға желіне бермек. Бұған жол бермеу үшін елде азық-түлік қоймалары салына бастаған. Соның ірі Қарағанды облысында бой көтеріп еді. Былтыр Президент барған. Шарулар өз өнімін осындай қоймаға алып келеді, ал тұрғындар тікелей сол жерден алып кетеді. Делдалға ақша төлеп керек емес. Арада алыпсатар болмаған соң, өнім бағасы да арзан болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ауыл еңбеккерлерінің ауыр жұмысы тым арзан бағаланады. Бұл жасырын емес. Табыстың басым бөлігіне алыпсатарлар кенеліп жатады. Сондықтан субсидия және салық жеңілдіктерін беру бағдарламалары аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу қажет. Елімізде ет, жеміс-жидек, көкөніс, қант, бидай, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру және өңдеу үшін 7 ірі экожүйе қалыптастыруға болады. Балық шаруашылығына да ерекше мән берген жөн.

Салада қордаланған мәселе көп. Солардың барлығын жүйелі түрде шешу керек. Ол үшін Президент агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 5 жылдық жоспарын әзірлеуді тапсырды. Анығында ауыл шаруашылығы саласының адымын алшаңдатпаса болмайды. Қазір қара алтынға қарап отыратын кез емес. Мұнайды ендігіде ешкім керек етпеуі мүмкін. Сондықтан шикізатты сыртқа шығарумен ғана шектеліп келген біздің ел бұдан былай, өңдеу өнеркәсібіне жіті мән беру керек.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Өңдеу өнеркәсібін дамытудың қағидаттарын, мақсаттары мен міндеттерін белгілейтін «Өнеркәсіп саясаты туралы» бірізді заң жыл соңына дейін әзірленуге тиіс. Өнеркәсіпке қолдау көрсетудің нақты шараларын да жетілдіру керек. Бізде жүйелі әрі біртұтас ұстаным жоқ. Соның салдарынан сансыз көп жобаға қаражатты ысырап етіп отырмыз.

Қазір еліміз 180 өнім түрін шығарады екен. Бірақ іргедегі мемлекеттердің әлеуеті бізден әлдеқайда жоғары. Көштен қалып бара жатқанымызды ұғатын кез әлдеқашан жеткен.  Қамдану керек. Құр отыруға болмайтынын қауіпті індет көрсетіп берді. Шағын және орта бизнес тұралап қалды. Кейбірі жұтылып тынды. Мемлекет қол созбаса, қалғаны да құрдымға кеткелі тұр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Карантин кезінде шағын және орта бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді. 700 мыңға жуық кәсіпкер салықтан уақытша босатылды. Қарыздарын кейінге шегердік. Сонда да көп адам қиын жағдайдла қалып отыр. Кәсіпкерлер банктен алған берешегін қайтара алмай отыр.

Рас, қарыз қамытын киген кәсіпкер көп. Енді солардың несиесін жабуға мемлекет көмектеседі. 6 пайызбен субсидия бөледі. Бұл – үлкен қолдау.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ұлттық банк зардап шеккен секторларда шағын және орта бизнес үшін айналымдағы қаржыны толықтыру бойынша арнайы бағдарламаны жүзеге асыруда. Бұдан бұрын оның іске асыру биыл аяқталады деп ескерілген еді. Қазіргі дағдарыстық жағдайда аталған бағдарламаның күшін 2021 жылдың соңына дейін ұзартуды және оның ауқымын кеңейтуді тапсырамын. Осы мақсаттарға қосымша 200 млрд теңгені қарастыру керек. Осы орайда бағдарламаның жалпы көлемі 800 млрд теңгеге дейін жеткізіледі.

Бизнесі барға билік неге болыса береді дейтін шығар. Әуелде салықтан босатты, қазір қарызын жабуға көмектескелі жатыр деген ой кейбір адамды мазалайтыны анық. Осыны бізге экономист түсіндіріп берді.   

Сапарбай Жұбаев, экономист:

– Елде жұмыссыздық белең алмасын десең, шағын және орта бизнестің өзегін талдырмау керек. Сол себепті мемлекет бұларды қызғыштай қорғайды. Енді кәсіпкерлердің жұмысын жөнсіз тексергендер анықталса, кешірім болмайды. Президент мұны соңғы ескертті.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы