420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысында 18 мыңнан астам кәсіпкер шығынға батқан

  • 133
  • UPD: 22:18, 01.09.2020

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында пандемия кесірінен зардап шеккен шағын және орта бизнеске субсидия берілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қауіпті індет кезінде қаражаттан қағылған кәсіпкерлер үшін бұл жақсы жаңалық болды. Елді жайлаған дерт салдарынан Атырау облысы бойынша 18 мыңнан астам кәсіп иесі шығынға батқан.

Мұнайлы шаһардағы оқу орталықтарының бірі пандемия кесірінен қарайған қаражаттан қағылған. Алған құрал-жабдықтардың несиесін қайтарудың өзі жырға айналыпты. Жұмысшылардың 30 процентін қысқартуға мәжбүр болған. Мемлекет басшысының бүгінгі Жолдауындағы кәсіпкерлерді қолдау бастамасы біз үшін көп көмек болар еді дейді оқу орталығының директоры Нұргүл Байдуллиева. 

Нұргүл Байдуллиева, оқу орталығының директоры:

– Жыл басында жоспарымызда оқу сапасы және оқушылар санын көбейту мақсатында жоғары пайызды несиеге жүгіндік. Компьютерлер, тігін машиналары, құралдар алғанбыз. Төтенше жағдайға байланысты оқу тоқтап, жұмыс баяулады. Бүгінгі Президентіміздің Жолдауы бойынша кіші және орта бизнеске 6 пайыз субсидия жасалатынына біз қуанып жатырмыз.

Қауіпті індет кәсіп иелерінің санасын сан саққа жүгіртті. Жоспарлы жұмыс жайына қалып, шығын көбейді. Бірақ Мемлекет басшысы бұл келеңсіздікке баса назар аударып отыр. Бүгінгі Жолдауында шағын және орта бизнесті субсидиялау үшін 200 млрд теңге бөлінетінін де жеткізді. Коммуналдық қызмет секілді басқа да қаржылық шығындарға да мемлекет тарапынан қолдау көрсетілсе дейді кәсіпкерлер.

Абдолла Ыдырысов, облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы:

– 6 пайызбен мемлекеттік субсидия арқылы зардап шеккен салаларға қолдау білдіруі - кәсіпкерлердің сұрап жүрген мәселесі еді. Кәсіпкерлердің көңілінен шықты деп есептеймін. Мемлекеттік субсидия қалай беріледі? Оның механизмін әлі ойластыру қажет болады. Екіншіден, одан бөлек, коммуналдық қызметтер бар, басқа да қаржылық шығындар бар, осылардан да мемлекеттік қолдау тапса, оған да құба-құп болар еді.

Жалпы мұнайлы өңірде 50 мыңнан астам шағын және орта бизнес өкілі бар. Елді жайлаған қауіпті індет кезінде облыс бойынша 18 мыңнан астам кәсіпкерлік нысаны зардап шеккен.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы