421,44 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлттық банк карантин кезінде зардап шеккен кәсіпорындарды қолдауға 200 млрд теңге бөледі

  • 99
  • UPD: 11:22, 02.09.2020
Ұлттық банк карантин кезінде зардап шеккен кәсіпорындарды қолдауға 200 млрд теңге бөледі

Премьер-министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды.

ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Ерболат Досаев және қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады, деп хабарлады primeminister.kz.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мақсатында Ұлттық банк мынадай шаралар қабылдайды.

Президенттің бұған дейін берген тапсырмасына сәйкес Ақша-кредит саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясы әзірленуде. Жолдауда аталған жүргізілетін саясаттың тиімділігі мен айқындылығын арттыру жөніндегі тапсырмалар Стратегияда ескеріледі. Стратегияны бекіту елдің 2025 жылға дейінгі жаңартылған Стратегиялық даму жоспары қабылданғаннан кейінгі уақытқа жоспарланып отыр.

Ақша-несие саясатын іске асырудың тиімділігін арттыру және валюта нарығын тұрақтандыру үшін Үкіметпен бірлесіп валюталық түсімді елге қайтаруға арналған қосымша шаралар пысықталады және экспорттаушылардың оны іске асыруы үшін қолайлы жағдайлар жасалады.

«Ақша-несие саясатының 2030 жылға дейінгі стратегиясында Ұлттық банк жанынан Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитет құру ескеріледі, оның басты міндеті базалық ставка мен оның дәлізінің мөлшері бойынша стратегиялық шешімдер қабылдау болады. Орта мерзімді перспективада оған тәуелсіз мүшелер кіреді. Заңнамалық актілерге тиісті өзгерістер 2020 жылдың соңына дейін енгізіледі», – деді Е.Досаев.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша экономикалық өсуді қалпына келтіру мақсатында дағдарыс салдарынан айтарлықтай зардап шеккен секторлардағы кәсіпорындарды қолдау үшін қосымша 200 млрд теңге бөлінеді. Салалар тізбесін Үкімет «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасымен бірлесіп анықтайды.

Ұлттық Банктің жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасы 800 млрд теңгеге дейін жеткізіліп, 2021 жылдың соңына дейін ұзартылады. Қаржы министрлігі Президент тапсырмаларының тез арада орындалуын қамтамасыз ету үшін бірнеше шара қабылдауда.

Квазимемлекеттік секторда бірыңғай сатып алуды енгізу жөніндегі заңға қатысты Үкіметке «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінде сатып алу туралы» заң жобасы енгізілді. Заң жобасы барлық процедураны 100% электрондық форматқа көшіру арқылы сатып алулардың ашықтығын арттыруға бағытталған.

Барлық реттелетін сатып алуды Бірыңғай терезе арқылы өткізу жоспарлануда. 2019 жылы қолданыстағы сатып алу алаңдарының негізінде «Сатып алудың бірыңғай терезесі» порталы құрылды. Бірыңғай терезе операторы ретінді «Атамекен» ҰКП белгіленді.

Сонымен бірге бірыңғай терезенің толыққанды жұмыс істеуі үшін жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополия субъектілерінің сатып алу алаңдарымен ықпалдасу қажет.

«Биыл жыл соңына дейін шағын және орта бизнес субъектілерін жалдау төлемдерінен босату бойынша Жалдау ережелеріне өзгерістер енгізу жөнінде бірлескен жұмыс жүргізілуде. Республикалық және коммуналдық меншік объектілері бойынша шағын және орта бизнес субъектілерімен тиісті қосымша келісімдер жасасу жоспарланып отыр. Квазимемлекеттік сектор да оларды басқару органдарының шағын және орта бизнесті жалдау төлемдерінен босату жөнінде шешім қабылдауы қажет», – деді қаржы министрі.

Көлеңкелі экономикаға қарсы күрес аясында Қаржы министрлігі басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп кешенді іс-шаралар өткізуде. Көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі жоспар өзектендіріледі және оффшорлық юрисдикцияларға ақша аударымдары бөлігінде заңнама жетілдіріледі.

Министрлік FATF ұсынымдарын орындайды, атап айтқанда:

мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың лауазымды тұлғаларына және олардың отбасы мүшелеріне шетелдік шоттарды ашуға тыйым салуды енгізу;

салық органдарының кәсіпкерлік субъектілерінен түпкілікті бенефициарлар туралы мәліметтерді алу құқығын заңнамамен бекіту.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің салық органдары арасында ақпарат алмасу шеңберінде ҚР резиденттерінің қаржылық шоттары туралы мәліметтерге талдау жасау жоспраланып отыр. Сонымен қатар салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру бойынша жұмыс жандандырылды

Астана-1, электрондық шот-фактуралар жүйесі және виртуалды қойма іске қосылды. Темекі және алкоголь өнімдерін таңбалау пилоттық жоба ретінде жүргізіледі және онлайн-бақылау кассалық машиналары енгізілді. Жүйелерді интеграциялау есебінен ҚХР-мен импорт бойынша кедендік статистиканың алшақтығы төмендеді.

Авто және теміржол өткізу пункттерін жаңғырту жөніндегі жобаны іске асыру көзделген.

Кешенді жедел-профилактикалық іс-шаралар шеңберінде экономикалық тергеу қызметі қайта бағдарланады:

мұнай және мұнай өнімдерінің, акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымы;

капиталдың заңсыз ағымы;

бюджет қаражатын, оның ішінде квазимемлекеттік секторда, ұрлау және ысырап ету;

салық төлеуден жалтару;

жалған шот-фактуралардың үзінділері.

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын қаржылық қамтамасыз ету:

осы және келесі жылдарды нақтылау кезінде;

2021-2023 жылдарға арналған бюджет жобасын талқылау барысында жүргізіледі.

«2020 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде медицина қызметкерлерін ынталандыру үстемеақыларына, тез салынатын жұқпалы аурулар ауруханаларын салуға, Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (МККК) шеңберінде медициналық қызметтерге және дәрілік заттарды сатып алуға арналған шығыстарды қаржыландыру жоспарлануда. Президент Жолдауындағы тапсырмаларды іске асыруға арналған шығыстар көлемі бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бірлесіп пысықталады», – деп қорытындылады Е.Жамаубаев.

Хабар 24 телеарнасы