423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Зиялы қауым ұлттық қоғамдық ғылымдар академиясын құруды ұсынды

  • 378
  • UPD: 23:05, 04.09.2020

Еліміздің орта мектептерінде «Отбасы құндылықтары мен ұлттық тәрбиеге» бағытталған арнайы пән енгізетін уақыт келді. Бұл туралы Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы зиялы қауыммен өткен кездесуде айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алматыдағы басқосуда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауындағы Ұлттың жаңа болмысын қалыптастыру жөнінде жан-жақты ой қозғалып, қызу пікірталас болды. 

Бүгінгі жүздесуге әдебиет пен мәдениеттің, ғылым саласының беделді өкілдері жиналды. Ұлт сапасын арттыру үшін ақын Абай Құнанбайұлының еңбектері халықтың рухани конституциясына айналуы керек дейді зиялы қауым. Іргелі зерттеулер жүргізіп, әлеуметке жөн сілтейтін Ұлттық қоғамдық ғылымдар академиясын құру қаажет деген ұсыныс айтылды. 

Ұлықбек Есдәулетов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:

– Абай сынаған өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек бекер мал шашпақ деген сияқты жаман әдеттер адам баласының бойынан асып, қоғамның дертіне айналып бара жатыр. Біз алдымен содан арылуымыз керек.

Ал белгілі жазушы Дулат Исабеков оқулық мәселесін сөз етті. Оның пікірінше, жас ұрпақ білімді болсын десек, оқулық сапасын түзеу қажет. Ол үшін арнайы министрлік құрса да, артық етпейді дейді қоғам қайраткері.

Дулат Исабеков, жазушы, мемлекеттік сыйлықтың иегері:

– Біздің оқулықтарымыз тұрақты түрде сын объектісіне айналып отыр. Қазақ тіліндегі оқулықтар. Сондықтан бізге Ресейдегідей бір министрлік құруымыз керек. Ол министрліктің аты – Орта және арнайы білім министрлігі. Колледждер де кіреді. Міне сол кезде ғана баяғы замандағыдай біздің оқулықтар түзеледі.

Дөңгелек үстелде той-томалақ пен ас-жиындардағы ысырапшылдық та сөз болды. Мемлекеттік хатшы ғұрыптық-рәсімдерді заңмен реттейтін уақыт жеткенін атап өтті. Мәселені зерттеу үшін зиялы қауым мен қоғам қайраткерлері және заңгерлерден құралған жұмыс тобын құруды ұсынды.

Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы:

– Рухани жаңғыруды қазақша айтқанда ұлттық жаңғыруға алып келу үшін атсалысуымыз керек. Ұлы Абайдың «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген ұлағатты сөзін ту етіп ұстап, жұмылған жұдырықтай жұмыла елге қызмет ететін осы кезең.

Салмақты пікір көп. Бірақ уақыт тапшы. Сондықтан Қырымбек Көшербаев айтылмай қалған ұсыныстарды Мемлекеттік хатшының атына жіберуді айтты. Барлық ұсыныстар «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жөніндегі Ұлттық комиссияның күн тәртібіне енгізілетін болды.     

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы