426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жолдау жүктеген міндеттер қалай орындалады?

  • 115
  • UPD: 20:40, 07.09.2020

Коронавирус қанша қыспаққа алса да, өткен 7 айда өнеркәсіп өндірісі 3,8 процентке артты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның ішінде фармацевтика, машина жасау және жеңіл өнеркәсіп саласының көрсеткіштері тәуір. Бұл туралы Үкімет басшысының орынбасары Роман Скляр мәлімдеді. Вице-премьердің айтуынша, агроөнеркәсіп саласын дамытудың ұлттық жоспары жасалды. Сондай-ақ көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүріп жатыр.

Үкімет алдағы 5 жылда атқарылатын жұмыс жоспарына кіріскен. Вице-премьердің айтуынша, 2025 жылы республикалық деңгейдегі жолдардың 100 проценті жаңғырады.

Бұл әзірге жоспар ғана. Әйтпесе, елдегі жолдың жайы баршаға аян. Сол респбуликалық тасжолдардың техникалық сапасына сын көп. 10 тоннадан астам салмақ түссе, кедір-бұдыры шығатын жолдар жөнделмек. Тек «Нұрлы жол» бағдарламасымен 3,5 трлн теңге бөлінеді. Жалпы бұл мемлекеттік бағдарламаның 5 жылдық бюджеті 5 трлн теңгеден асады. Биыл 13 мың шақырым жол салынып жатыр. Ал тасжолдардың бойындағы сервистік инфрақұрылымды қалыптастыру үшін 600 ден астам алаң құрылды.

Роман Скляр, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– Транзиттік трафиктегі позицияларды ұстап қалу үшін біз тасымалдаудың сапасы мен жылдамдығын арттыру бойынша жұмысты жүргіземіз. Осы мақсатта Қазақстанның көлік инфрақұрылымын одан әрі дамыту жалғасады. 2020 жылы республикалық автомобиль жолдары желісінің 4 мың шақырымы ашық болады. Қанағаттанарлық жағдайдағы автомобиль жолдарының үлесі 90% процентті құрайды. 2025 жылға дейін республикалық автомобиль жолдарының барлық 100% проценті 24 мың км қалпына келтіріледі және қайта жаңартылады және де сервистік инфрақұрылымды құру аяқталады.

Үкімет агроөнеркәсіп саласын дамытудың 5 жылдық ұлттық жоспарын да әзірледі. Қазір сала мамандары мен кәсіпкерлерден арнайы топ құрылды. Олар қаржыландыру, қауіпсіздік, эскпорт, қайта өңдеу мәселелері бойынша ұсыныстарын дайындайды. Президент өз жолдауында ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді тізіп көрсеткен еді. Астық сақтайтын қоймалардың тапшылығы, экспорт әлеуетінің төмендігі, қайта өңдеу секторының проблемаларын көтерді. Экспорт демекші, биыл қамбаға 18 млн тонна астық құйылады деп жоспарланса, оның 7 млн тоннадан астамы сыртқа шығарылады.

Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

– Экспорт бағытында біздің негізгі серіктес елдер қамтылады, яғни Өзбекстан, Тәжікстан, Қығызстан, Түрікменстан, Ауғанстан мен Иран мемлекеттеріне тасымалданады. Қытайға қарай астық пен ұн экспорты көлемін арттыруды жоспарлап отырмыз. Жоғарыда аталып өткендей, биыл 18 млн тонна астық жиналса, осы көлемнің тиісті бөлігі осы нарықтарға бағытталады.

Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттерді орындау үшін арендалық баспананы субсидиялау механизмдері әзірленеді. Ол «Нұрлы жер» бағдарламасында көрсетіледі. Жалпы елімізде 530 мың адам үй кезегінде тұр. Бұған дейін бірнеше өңірде «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру жұмыстарында кемшілік бары айтылған еді. Құрылыс сапасы өз алдына, үйлерді мерзімінде тапсырмау сияқты проблемалар болды. Енді бұл бағдарламаға жаңа мехнизмдер енгізіледі.

Бейбіт Атамқұлов, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

– Азаматта күнкөріс минимумына тең кірісі болуы керек. Бүгінгі таңда ол сома – 32 668 теңге. Жалға беру уақыты – 5 жыл. Пәтерге мұқтаж азаматтың мәртебесі айқындалуы тиіс. Одан бөлек, орташа аумақ 60 шаршы метрге тең. Яғни берілетін пәтердің көлемі 40-80 шаршы метр аралығында болады. Әр өңірдегі пәтерді жалға беру сомасы анықталады. Қазіргі уақытта бұл механизм мемлекеттік органдардың талқылауына берілген.

Жалпы әлемдегі және елдегі пандемияның салдарына қарамастан, өнеркәсіп саласында өсім бар.

Роман Скляр, ҚР премьер-министрінің орынбасары:

– Әлемдегі және Қазақстандағы пандемиямен байланысты күрделі жағдайда да, 2020 жылдың 7 айында өнеркәсіп 3,8% процентке өсті. Әсіресе фармацевтика – 23,2% процентке, машина жасау - 13,9% процентке, жеңіл өнеркәсіп - 7,3% процентке өскен.

Президент жолдауындағы міндеттерді пысықтаған министрлер кабинеті экология мен табиғатты және жан-жануарларды қорғау шараларына да тоқталды. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жобасы әзірленді. Енді парламент қааруына жіберіледі. Онда кейбір жабайы жануарларды зообақта ұстауға тыйым салынады. Және жан-жануарларды қасақана өлтіргендерге жаза күшейтілуі мүмкін.

Авторы: Ақсәуле Байменшина

Хабар 24 телеарнасы