425,30 504.32 5.86
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Президент латифундистерге сөзін өткізе алмаған әкімдерді сынап тастады

  • 102
  • UPD: 21:19, 01.09.2021

Мемлекет енді банкирлерге көмектеспейді. Президент мұны кесіп айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Банктер банкрот болып жатса да, міз бақпаймыз дегенге саяды сөзі. Сосын ұлттық компаниялар құрдымға кетсе, басшылары неге жауап бермейді деп Үкіметке шүйлікті. Ат шаптырым аумақты алып алған латифундистердің мәселесін тағы қозғады. Солардан қорқып отырған әкім-қараларды сынға алды.  

Еліміз ауыр соққы алды. Содан теңселіп әлі тұр. Қазіргі жағдайды осылай суреттесек болатын шығар. Алдымен бағаны ырықтан шығарып алдық. Сабын ұқсап қолдан сусып кетті. Сәбіздің де, картоптың да құны қалай құбылғаны есте шығар? Бағаны елде бір емес, бірнеше орган бақылайды. Солардың қайсысынан сұрасаң да, бір-біріне сілтеумен келеді. Әйтеуір көрпені өзіне тартып, қымтанып алуды ғана ойлайды. Президент ол дәурен енді келмеске кетеді деп кесіп айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қазір бұл жұмысқа бірнеше орган жауапты. Бірақ баға өскен сәтте, олар бір-біріне сілтеп, бір-бірін айыптай бастайды. Бұлай істеуге болмайды. Мұны жөнге келтіру керек. Бағаны бақылайтын бір ғана органды бекіту керек. Үкімет осы жұмысты 1 айдың ішінде реттеп, нақыт шешім қабылдасын.

Ат тонын ала қашатын кімдер? Әлдебір саланы билеп-төстеп алғандар. Айталық, елде ондаған ұлттық компания бар. Шағын және орта кәсіппен айналысатындардың тынысын солар тарылтып тұр. Бюджеттен бөлінетін қаражатты тартып алады. Тықыр таянатын шақта, түк болмағандай мүләйімсіп шыға келеді. Президент ұлттық компаниялар құрдымға кетсе, неге басшылары жауап бермейді деп Үкіметтегілерге шүйлікті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мемлекеттік кәсіпорындар әлі де үстемдік етіп отыр. Саланы билеп-төстеп алған. Бірақ жекелеген ұлттық компаниялар құрдымға кете бастаса, олардың басшылары жауап бермейді. Неге? Мемлекеттік кәсіпорындар шығынмен жұмыс істеп жатса да, оларды басқаратындар неге жауапсыз қалады?

Бетегеден биік, жусаннан аласа бола қалатын әкім-қаралар да бар. Елде жайылымдық жерлер жетпей жатыр ғой. Биыл жазда соны анық аңғардық. Маңғыстау мен Қызылордада жаппай мал қырылды. Сол неден болды? Шаруалар мал жаятын жер таппай, тыпыршып қалды емес пе? Ал латифундистер ат шаптырым аумақты иеленіп алып, жайбарақат жатты. Президент соларға сөзін өткізе алмаған әкім-қараларды сынап тастады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп қалған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себепті сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр. Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс.

Үкіметке нақты не жүктелді? Жеке қосалқы шаруашылықтардың мүддесін қорғайтын заң әзірлеу керек. Аз уақытта. Әйтпесе, күзде күзде мал біткен тағы қырылады. Өңір-өңірді аралап келген депутаттар осылай дейді. Олар бақташылардың жағдайын көрдік, өте мүшкіл деп отыр.

Жанарбек Әшімжан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Алда күз келеді. Жайлаудан мал түседі. Сол кезде үлкен проблема болайын деп тұр. Себебі күзд шөп жоқ. Мен көріп келдім. Сол себепті біз орман шаруашылығындағы жерлерді пайдалануға беру керекпіз.

Мал қырылса, елде ет өнімдері тапшы болады, оның соңы бағаның күрт өсуіне әкеледі. Президент экономиканың тұтқасын ұстағандар онсыз да дәрменсіз болып отырғанда мұның ауыр соққы боларын сезсе керек. Инфляцияны 4-6 процент шамасында қалай да ұстаңдар деп тапсырма берді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Біз инфляцияның бақылаусыз өсіміне тап болдық. Ұлттық банк, Үкімет оны әлемдік тенденцияларға балап, инфляция алдында дәрменсіз болып шықты. Мұндай сипаттағы желеулер ұлттық экономиканың қауқарсыздығын көрсетеді. Үкіметтің басты міндеті – инфляцияны 6-4 пайыз дәлізіне қайтару.

Жауырды жапа тоқысаң да, жараның беті жазылмайды ғой. Бізде жаңа басшы келсе, саясат та лезде өзгеріп сала беретін жаман әдет бар. Мемлекет басшысы соны тілге тиек етті. Аграрлық саланы меңзеді. Тәп-тәуір-ақ жүзеге аса бастаған жобалар орта жолда тоқтап қалады. Өйткен, әлгі басшы өз қолтаңбасын қалдыруды көксеп, өзіне дейін болған өзгерістерді түгел өзгертіп тастауға тырсып жатады. Мұнымен бар шаруаның шешілмесі тағы анық.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Министр ауысса, саланың саясаты да өзгереді. Мұндай жағдайда шаруаларға алдағы жұмыстарды жоспарлау қиынға түседі. Бірыңғай негізгі бағыт болу қажет.

Бірізділік болмаған соң, барлығы бұра-тартып жатады. Президент әсіресе, субсидия бөлу мәселесінде көлеңкелі тұстардың көп екенін айтып қалды. Осыған дейін қаншама қаражат бөлінді. Бірақ солардың барлығы шаруаларға тікелей жетіп жатыр дегенге күмән келтіргендей болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Соңғы 5 жылдың өзінде субсидиялауға 2 трлн теңгеден астам қаржы бөлінді. Өкінішке қарай, агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қозғалған қылмыстық істердің жартысынан астамы субсидияны талан-таражға салуға байланысты болып отыр. Бұған жол беруге болмайды. Нормативтік негізін нығайтып, тиімді жоспарлау және мониторинг жүргізу жүйесін енгізу қажет. Субсидияны рәсімдеу тәртібі түсінікті әрі толығымен ашық болуы тиіс. Шағын және орта шаруашылықтар үшін субсидия толығымен қолжетімді болуы керек.

Құрдымға кетуден қорықпайтын болдық-ау. Ұлттық қор бар ғой деп иек артамыз. Президент осы қорға қол салуды қою керек деп тағы айтты. Ол енді қосымша қаражат көзі емес, толассыз тола беретін дорба іспеттес болу керек деді. Елде толыспай тұрған тұстар да, кемеліне келмеген келелі мәселелер де әлі де баршылық.

Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы