423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Зейнетақы жинағының бір бөлігі «Отбасы банкіне» аударылады

  • 153
  • UPD: 22:20, 01.09.2021

Елдегі ең төменгі жалақы 42500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін ұлғайтылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұдан бөлек, бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленеді. Тұщы су шығаратын жаңа зауыт салынады. 5 жылда халықтың 100 проценті таза тіршілік нәрімен қамтылады. Ал қазақ тілі басымдыққа ие болады.

Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағытының бірі болып қала береді. Сондықтан мемлекеттік тілдің өрісі тым шектеліп бара жатыр деуге негіз жоқ деген Президент әрбір азаматты қазақ тілін үйренуге шақырды.

Елдегі ең төменгі жалақы өседі. Бұл қазір 42500 теңге. Осының үстіне 17 жарым мың теңге қосылады. Бұл 1 миллионнан аса адамның еңбекақысы тікелей ұлғаяды деген сөз. Ал жанама түрде бұл бастама барлық жұмысшының айлығына әсер етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Ең төменгі жалақы мөлшері 2018 жылдан бері өскен жоқ. Дүниежүзілік коронавирус пандемиясына байланысты дағдарыс халық табысына қысымды арттырды. Сонымен қатар ең төменгі жалақы бойынша Қазақстан ТМД-дағы бірқатар елден төмен. Сондықтан 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 42 500-ден 60 мың теңгеге дейін өсіру туралы шешім қабылдаймын.

Жұмысшының жалақысын өсіргендерге жеңілдік жасалады

Жалпы елде 6,5 миллионан астам адам жалдамалы жұмысшы болып нәпақасын тауып жүр. Жалақы – олардың негізгі табыс көзі. Бірақ соңғы 10 жылда жалақы төлеу қорының өсімі, кәсіпорын иелері табысының өсімінен шамамен 60 процентке артта қалды. Осыған байланысты Үкімет бизнесті өз қызметкерлерінің жалақысын өсіруге ынталандыратын шаралар әзірлейді. Жалақыны өсіретін жұмыс берушілерге мемлекет тарапынан жеңілдіктер жасалып, қолдау көрсетіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Еңбекақы қорына жүктемені неғұрлым түсінікті және қарапайым ету керек. Микро және шағын бизнес иелеріне жиынтық жүктемені 25% дейін төмендете отырып, еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлемді енгізу қажет. Бұл бизнеске мыңдаған қызметкерді көлеңкеден шығаруға мүмкіндік береді.

Бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы өседі

Былтырдан бастап 600 мыңнан аса педагог пен дәрігердің өзге де әлеуметтік сала қызметкерлерінің жалақысы өсті. Бірақ бюджеттік салада еңбек ететін азаматтар бұдан тыс қалды.

Бірыңғай тұрғын үй бағдарламасы әзірленеді

Президент жалақыдан соң үйге тоқталды. «Баспана хит», «7-20-25» шарапатын көргендер аз болмады деді. Алайда бұл бағдарламалар таяуда аяқталады. Оның үстіне ипотеканың мөлшерлемесі жоғары, жұрттың бәріне бірдей қолжетімді емес. Осыған орай...

Зейнетақы жинағының бір бөлігі баспана сатып алу үшін «Отбасы банкіне» аударылады. Президент зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын шешіп алу бастамасы оң нәтиже бергенін атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұл үрдісті қолдау үшін жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинағының бір бөлігін болашақта баспана сатып алу үшін «Отбасы банк» шотына аударуға рұқсат беру қажет деп санаймын. Бұл ақша жинау әдетін қалыптастырып, қаражатты сауатты басқаруға мүмкіндік береді.

Ел ішінде қоныс аударғандарға жәрдемақы бөлу механизмі өзгереді

Мемлекет басшысы ел ішіндегі көші-қонға да бүгін арнайы тоқталды. Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударатын адамдарға көбірек жеңілдік жасауды міндеттеді. Үкімет оңтүстіктен солтүстікке көшетін азаматтарға жәрдемақы бөлудің қолданыстағы механизмін өзгертеді. Атап айтқанда, жәрдемақыны тек әкімдік арқылы ғана емес, жұмысшыларды оңтүстіктен өз бетінше жалдайтын жұмыс берушілердің шығындарын өтеу жолымен ұсынуға болады. Сонымен қатар президент өз кәсібін ашқысы келген қоныс аударушыларға көмектесуді міндеттеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сондай-ақ оларға жер учаскілерін беру мүмкіндігін қарастыру қажет. Жер тек үй құрылысына ғана емес, ауыл шаруашылығы үшін де берілуге тиіс. Мемлекеттік қолдау шаралары азаматтарға барынша қолжетімді болуы керек.

Президент: Болашағы бар ауылдарды дамытуға баса назар аудару керек

Ауылдар мен шағын қалаларда қажетті инфрақұрылым болуы тиіс. Мұның бәрі өңірлік даму жоспарында бекітілуі керек. Бүгінде елдегі 27 моноқалаға 1 миллион 400 мыңдай адам тұрады. Өндірістің 40 проценті осы шағын қалаларға тиесілі. Президент шағын шаһарлардың да жағдайына бүгін арнайы тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Моноқалаларға қатысты тиісті шешім қабылдау керек. Бұл мәселені таяу арада жеке жиында қарастыратын боламыз.

Алты өңірде 9 су қоймасы салынады

Тағы бір ақжолтай ақпар. Елде алдағы бес жылда халықтың бәрі сапалы ауыз сумен қамтылады. Әйтпесе қазір тіршілік нәрінен тарығып отырған өңірлер бар.

БҰҰ-ның болжамынша алдағы 10 жылда жаһанда су тапшы болады. Нақтырақ айтсақ, 2030 жылға қарай тіршілік көзінің тапшылығы 40 процентке жетуі мүмкін. Сондықтан үнеммен жұмсау керек. Бұл ретте жаңа технология мен цифрлық жүйеге иек артамыз.

10 қала газға немесе баламалы қуат көзіне көшіріледі

Президент судан соң экологияға тоқталды. Бұл мәселе де өзекті деді. Әсіресе қалаларда ауа лас. Сондықтан...

Қ.Тоқаев: Бейбіт атом энергетикасына көшуіміз керек

Алдағы 10 жылдың бедерінде елде энергия тапшылығы байқалады. Осы орайда Президент атом энергетикасына сүйенеміз, бұл орайда байбаламсыз, ұтымды шешім қабылдау керек деді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– 2030 жылға қарай Қазақстанда электр энергияcының тапшылығы болады. Ал әлемдік тәжірибеге сәйкес, тиімді шешім бар. Ол – бейбіт атом. Бұл оңай шаруа емес. Сондықтан осы мәселені ұтымды шеше білуіміз керек, сан алуан болжам мен эмоцияға жол бермейік. Бір жыл ішінде Үкімет пен «Самұрық-Қазына» елімізде қауіпсіз және экологиялық атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін зерделеп шығуы тиіс.

Оңай шаруа емес деді ғой Президент. Технологияның тілін білетіндер керек. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев атом энергетикасы саласында жұмыс істейтін кәсіби мамандарды даярлау қажет екенін атап өтті. Әйтпесе бейбіт атомды дамыту қиынға соғады.

Қорған Қонысбайұлы

Хабар 24 телеарнасы