425,75 504.32 5.84
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздары конкурссыз грантқа ие болады

  • 138
  • UPD: 21:28, 01.09.2021

Олар үшін арнайы грант тағайындалады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сондай-ақ қаржылай сыйақы беріледі. Ұстаздары да назардан тыс қалмай қолдауға ие болады. 

Заман жылдам өзгеріп жатыр. Мұндайда тез бейімделу керек. Бұл білім саласына да қатысты. Өйткені қазір университетте беріліп жатқан білімнің кейбірі еңбек нарығына қажет емес. Ескірген. Сондықтан Президент Білім және ғылым министрлігіне оқу бағдарламасын заман талабына сай бейімдеуді тапсырды. Сондай-ақ карантин кезінде ұлттық телекоммуникация жүйесі кемшіліктерін көрсетті. Базалық білімі жоқ оқушылар қатары көбейді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұл кемшіліктердің ақыры үлкен қасіретке әкеліп соқты. Балалар оқуды тастап кетіп жатыр. Өйткені білімді қажет деп санамайды. Үкімет бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарап, шешу жолдарын ұсынуы тиіс. Нақтырақ айтсақ, қашықтан оқыту форматына қажетті сапалы ақпараттық жүйе жасалуы керек. Білім қолжетімді әрі инклюзивті болуы шарт.

Биыл қаңтарда мұғалімдердің жалақысы 20 процентке өскен еді. Алдағы үш жылда бұл үрдіс кезең-кезеңімен жалғасатын болды. Осы мақсатқа 1,2 триллион теңге жұмсалады. Қабылданған шаралар оң нәтижесін көрсетіп жатыр. Педагогикалық мамандыққа оқуға түсудің орташа балы жоғарылады. Дарынды балаларымыз халықаралық пәндік олимпиадаларда топ жатыр, елдің атын шығарып жүр. Енді оларға қолдау көбейеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Биыл қазақстандық бірнеше оқушы халықаралық пәндік олимпиадаларда топ жарып, жүлдегер атанды. Мұндай дарынды балаларға жан-жақты қолдау көрсетілуі тиіс. Олар ЖОО-ға түсу үшін конкурссыз грант тағайындаймыз. Сондай-ақ бір реттік қаржылай сыйақы береміз. Осындай балаларды оқытқан педагогтарға да моральдық және материалдық қолдау жасалады. Сондай-ақ цифрлық мұғалім жобасы аясында білімін жетілдіруге жағдай жасалуы тиіс. Білім беру жүйесінде ынталы әрі білікті мамандар керек. Сондықтан ұстаздар 5 жыл сайын емес, үш жыл сайын білімін жетілдіріп отыру тиіс. Оның барлығы тегін ұйымдастырылуы керек.

Білім саласысындағы өзекті мәселенің бірі – мектептің аздығы. Қазір шамамен 225 мың орын жетіспейді. Жедел әрекет етпесек, 4 жылдан кейін бұл көрсеткіш 1 миллионға жетуі мүмкін. Президент білім ошақтарын салуға қатысты жоспарды өзгертіп, құрылыс жұмыстарын жеделдетуді тапсырды 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бұған дейін мен 2025 жылдың соңына дейін 800 мектеп салуды тапсырған болатынмын. Бүгін 800 емес мың мектеп салынуы тиіс деген міндет қоямын. Бұл салаға жеке секторды да тарту керек. Балалар ерте жастан мамандақты тыңдауп, бейімделуі тиіс. Өскелең ұрпақ болашақ мамандығын саналы түрде таңдауы керек. Үкімет пен Атамекен ұлттық кәсіпкерлер палатасы осы міндетті бірлесе жүзеге асыруы қажет.

Президент біліммен қатар ғылым саласына назар аударды. Яғни елде ғылыммен айналысып жүрген азаматтардың жалақысы еңбегіне сай өседі.Сондай-ақ іргелі ғылыми институттарды тіклей қаржыландырылады. Құзырлы министрлікке осындай институттардың тізімін жасап, оларды ашық түрде қаржыландырудың ережесін әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ грант мерзімін ұзартуды ұсынды.

Еліміздің биологиялық қауіпсіздігін болжаумен айналысатын ұлттық жүйе құрылуы тиіс. Бұл жоба тиісті заң жобасында қарастырылған. Президент Парламенттен осы заң жобасын қазіргі сессияның соңына дейін қабылдауды тапсрды. Сондай-ақ 12 зертхананы жоғары технолоиялық құралдармен жабдықтауды міндеттеді.

Медициналық сараптама жасайтын көптеген зертханамыз халықаралық стандартқа сай емес. Дені сау ұлт жобасы бойынша кемінде 12 зертхананы жоғары технолоиялық құралдармен жабдықтау қажет. Соның арқасында зертханаларымыз 90 пайызға дейін халықаралық талапқа сай жұмыс істейтін болады.

Қазір еліміздің фармацевтикалық компаниялары отандық нарыққа қажетті дәрі-дәрмектің тек 17 процентін ғана қамтып отыр. Президент 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 50 проценткке жетикізу керектігін айтып, мұны шешу жолдарын ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Фармацевтика саласы еліміздің бәсекеге қабілеті мен қауіпсіздігі үшін маңызды. Сондықтан медицина өнімдерін зертханалық және техникалық сынақтан өткізетін орталық ұруымыз керек. Жаһандық фармацевтикалық корпорациялармен ынтымақтастықты жандандырған жөн. Инвесторларды тартып, озық технологияны және осы саладағы жаңа зерттеу жұмыстарын игеруді қолға алу керек. Отандық тауарөндірушілермен келіссөзді көлемін арттырып, өнім тұрін көбейту қажет.

Қазақстан – індетке қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі. Біздің вакцинаның қауіпсіз әрі тиімді екеніне еш күмән жоқ. Қазір QazVac-қа өзге мемлекеттер де сұраныс білдіруде. Елімізде вакцина қоры жеткілікті. Азаматтарымыздың таңдау мүмкіндігі бар. Сондықтан тұрғындарды вацинаны қабылдауға тағы бір рет үндеді.

Талғатбек Әбдіқожа

Хабар 24 телеарнасы