423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Жолдауды іске асыру халықтың тұрмыс сапасын жақсарту факторына айналады – А.Мамин

  • 197
  • UPD: 11:36, 02.09.2021
Жолдауды іске асыру халықтың тұрмыс сапасын жақсарту факторына айналады – А.Мамин primeminister.kz

ҚР премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Қазақстан халқына арнаған жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қазанбаев, ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев баяндама жасады.

«Мемлекет басшысы еліміздің одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтарын белгілеп берді. Президенттің алға қойған міндеттері мен бастамалары қоғамның сұранысы мен заманауи сын-тегеуріндерге негізделген. Олардың іске асырылуы экономиканың орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттырудың, халықтың әл-ауқатының артуы мен тұрмыс сапасының жақсаруының факторларына айналмақ», – деді А.Мамин.

Премьер-министр Жолдауды іске асыру Үкіметтің нақты әрі үйлесімді іс-қимылын талап ететінін атап өтті.

Үкімет басшысы Жолдаудың негізгі басымдықтарының бірі азаматтардың әлеуметтік көңіл-күйін жақсартып, әл-ауқатын арттыру екенін атап өтті.

Алға қойылған міндеттерді шешу халықтың нақты табысын, денсаулық сақтау және білім беру жүйелерінің тиімділігін арттыруға, еңбек нарығындағы ахуалды жақсартуға, шағын және орта бизнесті дамытуға, шикізаттық емес экспорт пен өнімділіктің өсуімен экономиканы одан әрі әртараптандыруға, макроэкономикалық тұрақтылықты нығайтуға, цифрландыру арқылы мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге ықпал ететін болады.

Премьер-министр еліміздің әрбір өңірінде инфрақұрылымды жаңғыртуға, өңірдің ерекшелігін ескере отырып, халықтың тұрмыс сапасы мен табысын арттыру үшін неғұрлым өзекті мәселелерді шешуге бағытталған нақты жобалар іске асырылатынын атап өтті.

Мемлекет басшысының өңірлік даму бойынша алға қойған міндеттері Аумақтық даму жоспарында көрініс табады.

Мемлекет басшысы Жолдауының барлық бағыттарын іске асыру бойынша биылғы 7 қыркүйекке дейін Жалпыұлттық жоспар әзірленіп, Президенттің бекітуіне енгізіледі.

Үкімет басшысы әрбір мемлекеттік және жергілікті атқарушы орган Мемлекет басшысының тапсырмалары мен бастамаларын орындауға дереу кірісуі тиіс екенін атап өтті.

Хабар 24 телеарнасы