Ұлттық құрылтай демократияны дамытады – Депутаттар

Ұлттық құрылтай арқылы қоғамдық талқылау жаңа деңгейге шығады. Өйткені мемлекет пен халықтың арасында сенімді диалог болу керек. Депутаттар осылай дейді. Ал платформаны бастаушы Ұлттық кеңес жұмысын тоқтатады. Жаңадан құрылатын Құрылтай сөзден іске басымдық беріп, көптің көкейінде жүрген мәселелерді шешуге тиіс.

Ұлттық құрылтай елдегі демократияны дамытудың жаңа форматы. Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Саировтың пікірі осындай. Қоғам мен билік арасындағы байланысты нығайту керек дейді мәжілісмен.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ұлттық құрылтайдың құрамына депутаттар, эксперттер, саясаттанушылар кіреді. Бірақ сонымен бірге ұлттық құрылтай бүкіл Қазақстанның аймақтарының барлығында жұмыс істейді. Яғни осыған дейін облыстық, аудандық деңгейде болған қоғамдық кеңестердің барлығы осы ұлттық құрылтайдың форматының ішіне енеді.

Құрылтай ұлттық диалог алаңын кеңейтуге, сондай ақ экономикалық, әлеуметтік, рухани, моральдік проблемаларды қоғаммен бірге ашық талқылауға және нақты шешімдер қабылдауға қажет. Депутат Саясат Нұрбек құрылтайдың ұлтты ұйыстырудағы ролі маңызды болады дейді.

Саясат Нұрбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазіргі таңда біз ұлтымызды жинақтауымыз керек. Жаман бөлініп кеттік қазір. Орысша сөйлейтіндер, орысша сөйлемейтіндер. Қазақи, қазақи емес. Қалалық, ауылдық. Көлігі бар, көлігі жоқ. Пәтері бар, пәтері жоқ. Сұмдық бөлініп кетті қоғам. Бұл өте қауіпті.

Айта кеткен жөн, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі көмегімен 100-ден астам нормативтік құқықтық акт қабылданды. Оннан астам заң жобасы орталық мемлекеттік органдарға және Парламент қарауына ұсынылды.

Мирлан Алтынбек, Жандос Сұлтанғазы, Құдайберген Аймырза