Қ.Тоқаев: Экономика ел тірегіне айналуы тиіс

Қазақстан өткеннен сабақ алып, келер күнге сеніммен қадам баса бермек, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол үшін әрине экономикалық жағдай тұрақты болуы тиіс. Қазір көрші елге салынған санкцияларға байланысты көптеген кәсіпорында кідіріс бар. Жағдай сәт сайын құбылып тұр. Бұл жағдай төл валютамызға әсер етпей қоймады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Валюта нарығындағы тұрақсыздыққа тұрғындардың дүрлігуі және валютаны астыртын шекара асыру жағдайлары әсер етті. Сондықтан қаржы саласында жасырын сұранысты азайтып, шет елдік сатып алушыларға шек қою керек. Бірер күн бұрын мен мұндай жарлыққа қол қойдым. Ірі инстутционалдық компанияларға мемлекет алдындағы міндеттемелерін орындаған жағдайда ғана шел ел валютасын ірі көлемде сатып алуына мүмкіндік берген жөн.

Квазимемлекеттік компаниялар экспорттан түскен шет ел валютасының басым бөлігін отандық биржада сатуы тиіс. Бұған дейін бұл меже 50 процент болған еді. Енді ол үлесті көтеру мәселесі қарастырылмақ. Мемлекет басшысы жеке компаниялардың да бұл іске атсалысатынына сенім білдірді. Теңгені нығайту үшін екінші деңгейлі банктерге міндет жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Екінші деңгейлі банктер өз клиенттерінің валюта сатып алу операцияларын бақылап мониторинг жасап отыруы тиіс. Бұл міндетті орындау қатаң қадағалануы керек. Нарықтағы дүрбелең біздің атқарып жатқан жұмыстарымызды жоққа шығармауы керек. Үкімет, Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі осы бағытта батыл шешімдер қабылдауы қажет.

Украинадағы ахуалға байланысты қазір әлемді қымбатшылық жайлап барады. Алдағы уақытта баға өсімі рекордты деңгейге жетуі мүмкін. Мұндайда жайбарақат жатуға әсте болмайды. Ерте қамданып, камбаны толтыру керек. Оңтүстіктегі дихандар қазірдің өзінде егіс науқанына кірісіп кетті. Солтүстік өңір дайындық үстінде. Президент министрліктер мен әкімдерге шаруаларға барынша қолдау көрсетуді тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Үкімет пен әкімдіктер бұл мәселені ерекше бақылауға алуы тиіс. Дихандарға қажетті жанармайды қолжетімді бағамен жеткізіп жатыр ма. Техника, тұқым қоры, тыңайтқыш жеткілікті ме барлығын тағы бір пысықтап шығу керек. Кей өңірлерде жауын шашын аз түсіп, егістің шығымына кері әсер етуі мүмкін. Фермерлік қауымдастықтармен кеңесе отырып, мемлекеттік қолдаудың тиімді жолдарын талқылау қажет.

Нарықта азық-түлік тапшылығы туындап, бағасы бірден шарықтап кетпес үшін ауылшаруашылық өнімін мемлекеттік тұрақтандыру қорына сатып алу мәселесі де пысықталмақ. Сондай-ақ оны қажет кезінде нарыққа шығару туралы шешім де жедел қабылдануы тиіс. Осы мақсатта кәсіпкерлер мен азаматтық қоғамнан түскен өтініш әрі кетсе үш күнде шешімін табады. Созбалаңға салуға жол жоқ. Мемлекеттік аппараттағы негізсіз қағазды азайту үшін Президент жақын күндері дебюрократизация туралы жарлыққа қол қоятынын жеткізді. Бұған қоса бүгін айтылған саяси өзгерістерді ескере отырып, экономика және мемлекеттік басқару саласын реформалаудың жаңа пакеті әзірленетінін айтты.

Авторы: Талғатбек Әбдіқожа.