375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС

Баспасөзге шолу. Архив - ел тарихының шежіресі

  • 757
  • UPD: 13:35, 19.12.2018

Еліміздегі басылымдардың көбі соңғы шығарылымын Тәуелсіздік мерекесіне арнады.

«Aiqyn» gazeti. «Алтын тақ» - ел қуанатын туынды

https://aikyn.kz/2018/12/15/75864.html

Республикалық «Айқын» газетінде осындай тақырыппен мақала жарық көріпті. Мазмұны да бай. Жалпы басылым Тәуелсіздік тақырыбына біраз мақала арнаған. Мысалы жазушы Смағұл Елубаев сонау «Алаш» автономиясынан бастап, кешегі Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына дейінгі аралықты саралап айтып берген. Ендеше, мақаладан үзінді.

Смағұл Елубаев, жазушы, кинодраматург:

- Тарихи шындықты Президентіміз терең ұққандықтан, бүкіл елге ұлы даланың тарихын терең зерттеуге үн тастады. Оның ішінде мәдениет, әдебиет, кино өнерін дамыту қажеттігін баса айтты. «Біздің ұялатын ештеңеміз жоқ», - деді Елбасы. Отаршылдар жазған тарихтан арылатын мезгіл жетті. Президенттің: «Өз тарихымызды аршып, анықтап алайық» деген сөзі көкейімізден шықты. Ұлт мақтанатын тұлғаларды да ерекше атап өтті. Әл-Фарабиден бастап, Тәуке хан, Абылай хан, Кенесары ханның есімдеріне айрықша тоқталды.

Архив - өткен өмірдің ескерткіші. Қоғамның бай тарихи тәжірбиесін жан-жақты, ауқымды бейнелейтін архив және ондағы  сақталған құжаттардың құндылығы мен маңыздылығы ерекше. Республикалық «Ана тілі» газеті архив мәселесіне бір бет арнаған екен. Мысалы, еліміздің тарихына қатысты архивті Ташкенттен, Омбыдан тағы басқа қалалардан көшірген кезде біраз деректің жоғалғаны айтылады. Ендеше, мақаладан үзіндіні қарайық.

Ana tili. Архив - ел тарихының шежіресі

http://anatili.kazgazeta.kz/?p=50856

Аққали Ахмет, тарих ғылымының докторы:

- Тағы бір тоқтала кететін жағдай - 1929 жылы Алматыға көшірілген уақытта архив қоры пойызбен Шу бекетіне дейін жеткізіліп, одан әрі ат арбамен тасылған. Осы сапарда Қордай асуында он жәшік іс-құжаттар ұрланып, қолды болғаны туралы да дерек сақталған. Сондықтан да еліміздің тарихына қатысты архив қорларының архив ісі қалыптасу жылдарында жинақталмауының нәтижесінде төл тарихымызға қатысты «ақтаңдақ беттер» қалыптасты. Екатеринбург, Томск, Новосібір, Самара, Қазан, Мәскеу, Санкт-Петербург, Уфа, Ташкент, т. б. архивтерінде Қазақстанның халық шаруашылығы тарихына қатысты көптеген материалдар бар және күні бүгінге дейін өз маңызын жойған жоқ.

Тәуелсіздік жылдары ономастика саласында оң өзгерістер болды. Осы орайда «Егемен Қазақстан» газетінде көлемді сұхбат жарық көрген. Соңғы 2 жылда Өскеменде 41 көшенің атауы өзгеріпті. Меніңше, бұл үлкен жетістік, жүйелі жұмыс. Шығыс Қазақтан облысындағы ономастикалық комиссия 500-ге жуық ұсынысты қараған. Оның 321-і бойынша оң шешім қабылдаған. Осы орайда облыс басшысы былай деген екен.

Egemen Qazaqstan. Ономастикадағы оң өзгерістер

http://egemen.kz/article/179326-onomastika-salasyndaghy-onh-oezgerister-zhalghasyn-tabady-danial-akhmetov

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

Бұл бағытта біздің нақты бағдарымыз бар. Кез келген өзгеріс халықтың оң бағасын алуы үшін оның қазақстандық бірегейлікке, тәуелсіздіктің идеалдарына, тарихи маңыздылығына сәйкес болуы аса маңызды. Халық кешегі өткендік кеңестік-коммунистік режимнің де көлеңкелі тұстарын білу керек. Ұрпағымыз қай көшемен келе жатқанын, ол көшенің кімге арналғанын, ол адамның қандай болғанын нақты білгенде ғана біз рухани жаңғырамыз.

Телеканал Хабар 24