377,65 427.65 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС

Ұлттық компания ұлт қамын қашан ойлайды?

  • 1120
  • UPD: 10:52, 17.01.2019

«Ұлттық компания ұлттың есебінен байығысы келе ме?» Батыс Қазақстан облысында шығатын «Орал өңірі» газеті осы тақырыпта аса өзекті мәселені көтерген. Мақала авторының жазуынша, «Қазақстан теміржолы» ҰК» 2018 жылдың 11 қыркүйегінен бастап еліміздің барлық ішкі бағытына бағаны реттеудің икемді жүйесін енгізген. Яғни билетті 45 күн бұрын алсаңыз, қалтаңызға салмақ түспейді. Дегенмен, алдын ала қам жасамасаңыз, қалтаңыздағы айлық табысыңыздың өзі жетпей қалуы мүмкін екен. Тырнақша ішіндегі тағы бір «тосынсый» - биылдан бастап Оралдан Алматыға жүретін «Тальго» пойызы енді тек Астана арқылы қатынайтын болған. Билет бағасы өскенімен, сервистік қызмет сапасы да көңілден шықпай жатады. Әсіресе, өңірге басқа жақтан келіп оқып жатқан студенттерге қиын,- дейді мақала авторы.

Зафура Мамут, педагогикалық колледж студенті:

«Оңтүстік облыстардан келіп Оралда оқып жүрген біз секілді студенттерге мерекелерде, каникулда үйге қайту өте қиын. Ал алдын ала пойызға билет алып қоюға сессияның қай күні бітетінін болжап біле алмайсыз. Мысалы, жаңа жылды отбасыммен қарсы алғым келгенімен, 30 желтоқсан күні «Тальго» пойызына билетке ақшам жетпеді. Амалсыз, бірнеше пойызға отырып, ауылға тоңып-шашырап әрең жеттік. Әншейінде жастар еліміздің болашағы дейміз. Бірақ теміржол қатынасында студент жастарға бір де бір жеңілдік қарастырылмауы түсініксіз. Ұлттық компания ұлттың  болашағын  қашан  ойлар  екен?!»

Ел газеті «Егеменде»  «Ғарыш милитаризациясы. Күдік пен қауіп» атты сараптамалық мақала жарық көріпті. Саяси және танымдық тұрғыда өте қызықты мақалада автор ғарышты игеру саласындағы жаңалықтар, осы саладағы держава мемлекеттердің мақсат-мүдделері туралары сарапатамалық ой-тұжырымдар жасайды. Бізді қызықтырған тұсы – ғарышты бейбіт мақсатта пайдаланудағы жетістіктер. Мәселен, Илон Масктың SpaceX компаниясы зымыранды ғарыштан қайтарып, оны бірнеше рет қолдану мүмкіндігіне қол жеткізген соң ғарышқа жүк жеткізу қызметі арзандап кеткен. Бұл игіліктен Қазақстан да шет қалмапты.

«Былтыр Қазақстан дəл осы SpaceX компаниясының Falcon 9 зымырандарымен KazSaySat жəне KazistiSat атты қос спутнигін 1,3 млн долларға ұшырды. Бұл нені көрсетеді? Жоғары технологиялар дамып, ғарышқа сапар шегу, жүк тасу, зымыран ұшыру бағасы төмендеген сайын онда түрлі мақсаттағы спутниктерді де жеткізу жиілемек. Мəселен, былтыр Үндістан бір зымыранмен 104 спутник ұшырып, рекорд орнатты. Қытай 2018 жылы 39 рет зымыранды сəтті ұшырып, бұл салада əлемнің алдына шықты». 

Ал «Айқын» апталығының соңғы санын ашып қалсаңыз «Кино: заң қандай жеңілдік береді?» атты көлемді мақаланы көресіз. Жуырда ғана елімізде  «Кинематография туралы» заң жобасы мақұлданғаны мәлім. Сала басшыларының мәлімдеуінше, ұлттық кино алдағы уақытта 3 негізгі бағыт бойынша дамиды екен. Яғни, жаңа заң бойынша біріншіден ұлттық фильмдер өндірісін қолдаса, екіншіден, ұлттық киноның кең таралуын қамтамасыз етеді. Үшіншіден, қазақстандық киноның халықаралық нарыққа шығуына және әлемнің жетекші кинокомпанияларымен бірлескен өнімдер жасауға мүмкіндік бермек. Мақалада кино саласында тер төгіп жүрген белгілі режиссерлердің бұл саладағы ой-тұжырымдары келтіріліпті.

Рүстем Әбдіраш, режиссер:

«Заң жобасын қолдаймыз. Елбасының заңға қол қойғанына қуаныштымын. Кино саласын зерттей отыра құрастырған заң жобасы деп ойлаймын. Ұлттық кино, шетелдік компаниялармен бірге түсіретін кино заңға сәйкес болады. Кино түсіруді жалғастыра беру қажет. Бұрын қаражат министрлік пен «Қазақфильм» аясында бөлінсе, енді қор арқылы бөлінеді. Басы-қасында отыратын комиссиямен бірігіп отырып шешіледі. Әлемде бар практика бізге енді-енді келіп жатыр. Ақырындап бәрі бір жүйеге түседі деп ойлаймын».

Телеканал Хабар 24