378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС

Жастар жылынан не күтеміз?

  • 1472
  • UPD: 17:01, 18.01.2019

Жастар жылы деп анықталған биылғы жыл қандай шаралармен айшықталмақ?

Ас та төк той, алқалы форум, қаптаған флеш-мобтардан нақты нəтиже күте аламыз ба?

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

– Абайдың сөзімен айтқанда «Жастықтың оты жалындаған, талаптың аты арындаған» буынды қолдауға арналған жыл басталды. Жастар жылында қандай шаралар қабылдануы керек? Жастарды не алаңдатады? Олар қандай қамқорлыққа зәру? Жыл бойы пайдасыз форумдар мен флешмобтар шеруінен көз аша алмай қалмаймыз ба? «Egemen Qazaqstan» газеті осы тектес сауалдардың жауабын тұрақты түрде оқырман назарына ұсыну үшін Жастар жылына арналған арнайы бет шығаруды қолға алып отыр екен.

«Жоғары білім алуға жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қоса тағы 20 мың грант бөлу Үкіметке тапсырылды. Сондай-ақ 2022 жылдың соңына дейін кемінде 75 мың орындық жатақхана салынады. Жастар жылын өткізу жөніндегі жол картасында жастардың барлық санаттарын қолдау шараларының толық кешені қамтылмақ. Атап айтқанда, білім беру, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, қолжетімді баспанамен қамту, жастар арасында кəсіпкерлікті өрістету, қаржы сауаттылығын жетілдіру, құқықтық мəдениетті дамыту, дарынды жастарды қолдау сынды бас-аяғы 11 бағытта жұмыс жүргізіліп, 70-тен астам шара өткізілмек».

Шахаудың жолы қашан жөнделеді?

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

– Шахау ауылының тұрғындары қашанғы шұрқ-тесік жолдармен жүреді? Солтүстік Қазақстан облысының Прибрежный ауылдық округінде өткен әкім есебінде ауыл тұрғындары осы сауалды төтесінен қойған. Өзекті мәселені көтерген «Солтүстік Қазақстан» газеті тілшісінің жазуынша, облыс орталығының іргесіндегі Қызылжар ауданында 47 мыңнан астам тұрғын бар. Ал жаңағы жолдары шұрқ-тесік Шақау ауылы Прибрежный ауылдық округіне қарайды екен. Жергілікті билік биыл бұл мәселе шешімін табады деп уәде берген. Бұл мақсатқа 575 миллион теңге қаржы да бөлініпті. Бірақ бұған дейін де талай уәдеге қарық болған ауыл тұрғындары жуық арада тақтайдай тегіс жолмен жүретініне сенбейді, - деп жазады автор. Мақалада ауданға қарасты өзге де ауылдарды толғандырған түйткілді мәселелер сөз болады.

«Қала іргесіндегі мың жарымдай тұрғыны бар Прибрежный ауылында жастардың демалыс орны жоқ. Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жастар жылы» деп жариялап отыр. Сондықтан ауылдағы қыз-жігіттер үшін мәдени орын қарастырылса деген тұрғындар уәжі орынды. Уақыт еншісіндегі мәселенің бірі – дамба құрылысы. Көпшілік 2017 жылдың көктемінде Прибрежный ауылы қар суының құрсауында қалғанын әлі ұмыта қойған жоқ. Қаншама тұрғын үйді су шайып, ауылдықтар шығынға ұшырады. Бұдан бөлек, ауыл көшелерін жарықтандыру, қар тазалау, қоқысты тиісті орындарға төгу секілді шешімін күткен мәселелер шаш етектен».

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

– Биыл Батыс Қазақстан аймағына ақ ұлпа мол түсті. Өңірде салауатты өмір салтын ұстанып, қысқы саф таза ауамен тыныстап, шаңғымен серуендегенді сүйетін тұрғындар аз емес. Міне осындай жандардың бірі жергілікті басылым «Орал өңірі» газетіне хабарласып, шаңғыны қалай таңдауға болатынын сұраған. Оқырман сауалына орай шыққан мақалада шаңғы жарысы бойынша кәнігі спортшы-мамандардың пайдалы кеңестері берілген. Мәселен, шаңғы мен оның таяқшасын және бәтіңкені қалай таңдау керек, қандай өндірушілердің шаңғысын сатып алған дұрыс, шаңғы күтіміне қажетті материалдарды қайдан алуға болады деген сауалдарға толыққанды жауап табуға болады.

Шаңғыны қалай таңдайды?

Сергей Кудрявцев, шаңғы жарысы бойынша облыстың бас бапкері:

– Шаңғыны кәсіби тұрғыда меңгеремін десеңіз, сапалы түрін таңдауыңыз керек. Қарапайым шаңғының салмағы шамамен 1 келі болса, спорттық шаңғының салмағы небәрі 400 грамнан аспайды. Тек кәсіпқой спортшылар ғана емес, әуесқой шаңғышылар да құрал-жабдықтарының күтіміне айрықша көңіл бөлгені жөн. Күтімнің ең басты элементі ретінде парафинді жақпамай қолданылады. Парафиндеуді ақысын төлеу арқылы кәсіби мамандарға жасатсаңыз, орта есеппен әуесқойлар 2000 теңге, ал кәсіпқойлар шамамен 15 мың теңге жұмсайды. Қорғаныш қабаты саналатын парафин шаңғының табанын мұз кесектерінің жыруынан қорғайды, сырғанау жеңілдігін қамтамасыз етеді.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:

– Алдағы демалыс күндерінде аяққа шаңғы байлап, табиғат аясына тартып кетуді жоспарлап отырсаңыз, осындай пайдалы кеңестерін ұсынған «Орал өңірі» газетін бір шолып шығуға кеңес беремін.

Телеканал Хабар 24