378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС

Жастар жылына артылған үміттер жайлы отандық БАҚ не дейді?

  • 1265
  • UPD: 12:28, 24.01.2019

Елбасы Жастар жылының салтанатты шарасына қатысып, жас буын үшін жасалуы тиіс жұмыстарды атады.

Бұл бағытта Үкіметке нақты тапсымалар берді. Содан еліміздегі басылымдарды шолдық. Соның бірнешеуіне тоқталайын. «Жылдан маңызды нәтижелер күтіледі». Бұл «Егемен Қазақстанда» жарық көрген мақала тақырыбы. Авторы – Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры Зарема Шаукенова. Оның жазуынша, еліміз қоғамдық сананың өзгеруі мен қатар жүретін Үшінші модернизацияны бастан кешуде. Мемлекет басшысының Жастар жылын жария етуі 2018 жылдың негізгі жəне маңызды нəтижелерінің бірі деп танылды. Осылайша, Мемлекеттің жастар сияқты тəуелсіздіктің үлкен капиталына ерекше назар аударуы – Қазақстан үшін өте маңызды.

Зарема Шаукенова, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының директоры:

– Біз тəуелсіздік ұрпақтарының өсіп-жетілген кезеңіне аяқ бастық. Бүгінгі таңда жастар жасының жоғарғы шекарасына 1990 жылдардың басында туған тəуелсіздік құрдасы жақындады. Бұл ұрпақпен жұмыс істеп, ұлттық құндылықтар мен патриотизмді нығайту қажет. Сонымен қатар тек жалаң талпыныспен көп жетістікке жете алмаймыз. Сенімді болашақ үшін жас қазақстандықтардың негізгі қажеттіліктерін қамтамасыз ету қажет. Бұл жастардың энергиясын жасампаздық жəне өз əлеуетін жүзеге асыру арнасына бағыттауға мүмкіндік береді.

«Жастар жылынан не күтеміз? Бұл – «Ана тілі» газетінде жарық көрген мақаланың тақырыбы. Авторы – Ақбота Мұсабекқызы бұл орайда бірнеше адамның пікірін жазған екен. Соның алғашқысы – белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы.

Оның пайымынша, жастарға ең алдымен сапалы білім беру керек. Ол үшін еліміздің оқу орындарының сапасын жақсартқан жөн. Әйтпесе қазір шетелге білім іздеп кетіп жатқандар көп. Осы тұрғыда біздің де оқу орындарымыз әлемнің дамыған оқу орындарынң қатарына қосылуы тиіс. Ал екінші мәселе деп Расул Жұмалы жастарды жұмыспен қамту және баспана мәселесіне тоқталған екен.

Расул Жұмалы, саясаттанушы:

– Тағы бір мәселе – жастарды жұмыспен қамту және баспана. Бұл мәселемен айналыспайтын болсақ, мемлекет үшін де, жастардың өзі үшін де өте қиын болмақ. Әрине бір жылдың ішінде мұның бәрі шешіліп кетпес, бірақ осы 2019 жыл солардың бастамасы болса, түйткілдердің ең болмағанда 2-3-еуін шеше бастаса, бұл да дұрыс болар еді.

Дәл осы мақалада «Жастар» ғылыми зерттеу орталығының директоры Талғат Қалиевтің де пікірі бар. Оның пайымынша, елімізде жастарға жұмыс бар. Тек ниет болуы тиіс. Еңбек етемін деген талапты жастың қолын ешкім байлап отырған жоқ.

«Елде жұмыс көп, бірақ жастар тәжірибесіне қарамай таңдайды. Мысалы, тек Астананың өзінде 8 мың бос жұмыс орны тұр. Бірақ кейбіреулер істегісі келмейді. Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң тек «Самұрық-Қазынаға», «Мұнайгазға» барам деп отырады. Ал шағын фирмаларда 120 мың теңге, 150 мың теңге, 200 мың теңге айлыққа жұмыс бар, жастар оған бармайды. Демек жастарға арналған жұмыстар бар, тек жастардың істеуге құлшынысы, ниеті жоқ. Яғни осы жылы жастарға жұмыс мәдениетін үйрену керек. Ал баспана мәселесіне келгенде, бізде түрлі бағдарламалар бар. Мысалы «7-20-25» бойынша жұмыс істеген адам ала алады. Егер жұмыс істемей жатса, онда оған ешкім пәтер бермейді ғой. Сондықтан бар мәселе жастардың өзінде, ал біз осы жылы бұл түйткілдерді шешуге тырысуымыз керек.

Ал белігіл журналист Ілияс Ысқақовтың ойынша, үйленіп, балалы болған жастардан несиені де алып тастаған жөн. Бұл бір. Екіншіден, жастарға білім беретін кезде мамандықтарға баса назар аударған дұрыс. Әйтпесе, келешекте қажетсіз болып қалатын мамандықтар бар.

Ілияс Ысқақов, «Жастар» телеарнасының негізін қалаушы:

– Ендігі 10 жылда әлем қатты өзгеріп кетеді. Қаншама мамандықтар керек болмай қалады. Ал қандай мамандықтар болады? Біз соны қазір ескеріп жатырмыз ба? Қандай білім беріп жатырмыз? Жастарға берілетін білім сапасын жақсарту керек. Біз болашақтың мамандықтарын ойластыруымыз керек. Екінші әлеуметтік мәселе, ол – баспана. Қазір жақсы бағдарламалар бар. Грузияда, басқа елдерде жастардың несиелерін алып тастап жатыр. Біз жастарға неге сондай жағдай жасамаймыз? Баспаналық несие алса, бір балалы болған кезде 20 пайызын алып тастасын, екі балалы болғанда тағы 30 пайызын алып тастасын, төрт бала болған кезде бүкіл несиенің бәрін алып тастасыншы, сонда қазақтың да, қазақстандықтардың да өсімін көбейтеміз. Қазір жастардың арасында ажырасу көбейіп кетті. Бұл да ойландыруы тиіс. Жастарға нақты көмек болатын реформалар жасау керек.

Республикалық газеттерден бөлек, өңірлік басылымдарды да шолдық. Мәселен, Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде жастар жылына қатысты «Әлеуметтік жағдайға көңіл бөлінетіндігі қуантады» атты мақала жарық көрген екен. Авторы – Ермек Елемесов есімді кәсіпкер. Бизнес өкілінің жазуынша, бұл жыл жастарды бір серпілтіп, бойларына жігер сыйлағандай болды. Cебебі еліміздің болашағы – жастарға айрықша көңіл бөліп, Елабасының жастар жылын қабылдауға ұсыныс білдіруі қоғамның ауызбірлігін еселеп арттырды. «Жоспар ауқымды. Енді мұның бәрі сөз күйінде қалмаса екен» деп ойын білдіріпті автор.

Ермек Елемесов, Ақмола облысы атбасар ауданының жеке кәсіпкері:

– Жастар жылы кейбір айтулы даталар сияқты ұрандатып, желеулетіп өткізетін жыл емес. Бұл жылы қоғамның маңызды бөлігін құрайтын жастарға кең мүмкіндік берілуі тиіс. Сондықтан да нақты ұсыныстар қабылданып, жастардың жанжақты көмекке ие болуын қамтамасыз еткен жөн. Әсіресе, жастар арасында жұмыссыздық деңгейін төмендетуге байланысты іс-шаралар қолға алынып, нақты нәтижеге қол жеткізуін қадағаласақ, құба-құп. Олардың бос сенделіп жүрмеуі үшін мемлекет тиімді бағдарлама қабылдап, соның аясында жұмыс істеген абзал.

«Тағы бір мәселе, жас мамандардың, жас отбасылардың баспаналы болуын тездететін тетіктерді қайта қарап, жеңілдік қарастырылса артықтық етпейді. Себебі демографиялық ахуалға серпін беретін де жастар», – деп автор мақаласын түйіндеген екен. 

Телеканал Хабар 24