389,59 429,68 6.06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Соңғы уақытта жиілеп кеткен жастар арасындағы қатігездікке отандық БАҚ алаңдаулы

  • 1649
  • UPD: 10:57, 30.01.2019

«Айқын» республикалық газетінде «Тентекте де тентек бар» деген мақала жарық көріпті.

Қазіргі жастар бойындағы қайнап тұрған күшті теріс бағыттарға жұмсайтынына қынжылады мақала авторы Нұртөре Жүсіп.

«Соңғы кездері Түркістан, Қызылорда, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында жастар арасында бірнеше төбелес тіркелгені мәлім. Әлеуметтік желіде таратылып жатқан бейнежазбаларды көрген адамның тұла бойы түршігеді. Қандай қатыгездік? Біз де жас болдық, жас адам шекіспей, тәжікелеспей жүре алмауы да мүмкін. Бірақ төбелесе қалсақ, құлағанды теппейтін едік, жығылғанға жұдырық жұмсамайтынбыз», – дейді автор.

Алмас Садубаев, ҚР ІІМ департамент директоры:

– Еліміздің қылмыстық заңнамасына сәйкес, ауырлық тудыратын жағдайда жасалған бұзақылық үшін 14 жасқа толған тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Жасөспірімдер топтасып құрдастарына қатысты құқыққа қайшы әрекет жасаған кезде дәл осы бап бойынша қылмыстық өндіріс ашылады. Осыған байланысты ата-аналарды, оқу орындарының ұстаздарын жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында балаларға қылмыстық жауапкершілікке тартылатын жасқа жеткендігі туралы алдын ала ескертіп, ойланбай істелген әрекеттің соңы неге әкеп соғатынын айтуға шақырамыз.

Ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Қызыл кітап та қамқорлыққа зәру» атты мақаланы оқи аласыздар. Оның авторы «Қызыл кітап» тізіміне енгізілуі үшін қажетті дерек жеткіліксіз екендігін алға тартады. Сондықтан бұл жұмыста саны сирек жануарлар туралы жаңа деректермен қатар, бұдан 10 жыл бұрынғы мәліметтер де пайдаланылады. Соған сәйкес, «Қызыл кітап­тың» келесі басылымы жарық көргенше, маман-зоологтарға осы жануарлар жайлы жаңа мәліметтер жинауға мүмкіндік тудырып, зерттеу жұмыстарын жүргізуге жағдай жасау керектігі айтылған. 

Перизат Есенбекова, биология ғылымдарының кандидаты:

– Қазақстан «Қызыл кітабының» келесі басылымын жарыққа шығару үшін зоолог-мамандарға зерттеулер жүргізуге жағдай жасап, қаржыны кешіктірмей бөлу керек. Қазақстан жануарлары ішінде омыртқалылар ғана емес, омыртқасыз жануарлар да бар, олардың да «Қызыл кітабын» жарыққа шығару керек. Мен осы институтқа орналасқанымда 800 адам жұмыс істесе, қазір 8 адам ғана қалды. Қаржы бөлінбегеннен кейін, мамандар күнкөріс үшін әр жаққа тарап кетті. Институт жабылудың аз ал­дында тұр.

«Әлемге қазақ сөзін кім танытар?» «Түркістан» газеті осылай жазады. Мақалада еліміздің 30 ақын мен 30 жазушының шығармаларын қос томдық антология ретінде алты тілде басып шығару жайлы айтылған. Алайда әлі күнге дейін бұл тізімге нақты қай қаламгерлер енгені беймәлім.

Жиында сөз алған прозаик Дулат Исабеков: «Мұндай жауапты іске мұқият болу керегін, шығармалары аударылатын қаламгерлер арасында өзіне бейтаныс, бұрын-соңды жазғандары көзіне түспеген бірді-екілі кісілердің бар екенін» айтып қалды. Қазақ әдебиетіне еңбегі сіңген беделді прозаик тектен-текке ілік іздеп, реніш білдірмесе керек. Демек шетелге қазақ әдебиетін танытуы тиіс қаламгерлерді сұрыптағанда, әлі де болса қаталдау қарау қажеттігі байқалады.

Телеканал Хабар 24