378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС

Жаңақорған ауданының атауын «Сығанақ» деп өзгерту ұсынылды

  • 744
  • UPD: 10:51, 20.02.2019

Сығанақ – аудан атына сұранып тұр.

«Егемен Қазақстанда» осы тақырыпта мақала жарық көрген. Авторы – еліміздің мәдениет қайраткері Асан Сарқұлов. Жазуынша, қазіргі Жаңақорған ауданының атауын Сығанақ деп өзгерткен жөн. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты тарихи-танымдық еңбегінде «Біздің жеріміз материалдық мəдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны, бастау бұлағы десек, асыра айтқандық емес», – деп бүкіл түркі дүниесінің түп қазығы болған жерді ерекше атап өткен болатын. Бұл дегеніңіз, еліміздің ұлы қалалары мен мəдени ошақтарына құрметпен қараудың дара жолы емес пе?» деген екен.

«Аса құнды, қасиетті орынды ұлықтау үшін Жаңақорған ауданының аты «Сығанақ ауданы» деп өзгертілсе, бұл игілікті шара халықтың қолдауына ие болар еді. Мұны Түркістан облысына қарасты Отырар ауданы сияқты елдің мерейін көтеріп, тарихымызды жаңғыртудың жаңа сара жолы деп бағалауға тұрарлық».

«Тарихы тереңде жатқан Сығанақ шаһарының атауын бір ауданға беріп жатса, тарихымыздың рухын жаңғыртып, бүгініміздің жарқын көрінісі болатынына сенім мол» деп автор мақаласын түйіндеген екен.

Балабақша тәрбиешісі мұғалім дәрежесіне жеткізіледі

Бұл «Айқында» жарық көрген материал. Авторы Тұмар Мырзаның жазуынша, бірінші сынып бағдарламасының бір бөлігі 0-сынып бағдарламасына ауысады. Осылайша сандар мен әліпбиді «нөлебайда» оқимыз. 0-сыныпты балабақшада оқытатын тәрбиешілердің дәрежесі бастауыш сынып мұғалімдерінің дәрежесіне жеткізіледі. Бұл туралы Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. Аталған министрліктің Мектепке дейінгі және орта білім департаменті хабарлауынша, 0-сынып оқулықтарын енгізу 2020 оқу жылының қыркүйегіне жоспарланып отыр.

«Бүгінде 0-сынып – балабақшадағы даярлық тобы. Егер мектептің өз ғимаратында 0-сынып ұйымдастыруға мүмкіндігі болса, оған толықтай құқы бар. 0-сыныпты енгізу құқынан балабақшаларды ешкім айырған жоқ. Осылайша 2020 жылы еліміз бойынша барлық мектеп мен балабақшада 0-сыныптар ашылады. Қолданыстағы білім туралы заңнамада балаларды 6 жастан 1-сыныпқа баруға міндеттейтін норма бар. Заңның аталмыш нормасына өзгеріс енгізіледі», – дейді департамент өкілдері.

Жаңа туған нәресте интернет арқылы тіркеледі

Бұл – Арқа Ажары Ақмола облыстық газетінде жарық көрген мақаланың тақырыбы. Автор былай жазыпты. 2018 жылы Ақмола облысында 11683 сәби дүниеге келсе, солардың 2549-ы немесе 22 пайызы электрондық нұсқада тіркелген екен. Осылайша жыл өткен сайын электрондық қызмет көрсету көлемі арта түсуде.

Әділет департаменті дүние есігін жаңа ашқан сәбилерді электрондық нұсқада тіркеуді жүзеге асыруда. Ол үшін телефоннан СМС хабарын жіберсе болғаны. Аналар дүниеге келген сәбилерін балалар босанатын ауруханада отырып, ұялы телефоннан хабар жіберу арқылы тіркей алады. Оған қоса, ата-аналардың сәбилерін балабақша кезегіне қойып, балаларға берілетін жәрдемақыны да интернет арқылы алуларына мүмкіндіктері бар.

Телеканал Хабар 24