378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС

Баспасөзге шолу. Қазақ биі деген не?

  • 672
  • UPD: 10:36, 08.03.2019

«Наздың» назы бөлек. «Айқын» газетінде жарияланған сұхбат осылай аталады.

Әріптесіміз Гүлжан Рахман «Наз» мемлекеттік би театрының директоры Сұлтан Срайылмен салмақты сұхбат өрбітіпті. Би театрына биыл 20 жыл. Әу баста 3-4 адамнан тұратын ұжым бүгінде 130 мүшесі бар іргелі шаңыраққа айналған. Өнер ұжымы жуырда ғана U-Sana деп аталатын қойылымды ұсынып, би қимылдары арқылы қалың көрерменге ой салады:

«Айрандай ұйыған отбасының гаджетке тәуелділігінен шырқы бұзылғанын би арқылы түсіндірдік. Виртуалды әлемнің құлы болған жеткіншектердің тағдыры мен оларды шырмаудан шығарып алғысы келген ананың арпалысы көрермен көзіне жас әкелді. Бұл да театр бишілерінің үлкен еңбегінің арқасы».

Сұлтан Срайылдың пікірінше, төл өнерімізді дамытпайынша, шығыстың биімен елден ерекшелене алмаймыз. Осы тұрғыдан алғанда ұлттық би үлкен қамқорлықты қажет етеді. «Ұлттық би өнерінің тарихын қайта зерттеу керек», – дейді мемлекеттік би театрының директоры:

«Қазақ биі деген не? Ол – дене қимылы арқылы көркем образды бейнелейтін ұлы өнер. Сахна өнері. Ұлттық биіміз – халқымыздың аса бай ауыз әдебиетімен, ән-күйлерімен, дәстүрлі тұрмыс салтымен біте қайнасып келе жатқан ел мұрасы. Ойды тілмен емес, қимылмен жеткізу қиынның қиыны екені рас. Бірақ біздің өнеріміз мұндай биікті бағындыра алған. Өзбектердің биін алайықшы, олар иық қозғалыстары арқылы ерекшеленеді. Сол сияқты ұлттық нақышты бейнелей отырып, өзге ұлттарға өзін таныстыратын би элементтері бізде де бар. Тек оны заман ағымына сай ете отырып, насихаттап, дамыта білуіміз керек».

Журналист Гүлжан Рахманның: «Бүгінде той аралап табыс табатын бишілер көбейді. Олар жайлы не айтасыз?» деген сұрағына былай жауап береді:

«Он қыздың басын қосып, биші жалдап, оларға үйретіп, ары қарай өзі ұйымдастырушы боп жүрген өнерге түк қатысы жоқ адамдар да бар. Осындай әуесқой бишілер шынайы талант иелерінің өнерін, жұмысын жоққа шығаратын жағдайға да жеттік. Қазақ «бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» дейді. Ұлы өнерді осындай дәрежеге түсірген кейбір пысықтарға ренжимін».

Телеканал Хабар 24