379.86 423.80 5.90
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Баспасөзге шолу. Түндікті күндіз жаппаңыз

  • 667
  • UPD: 09:26, 27.03.2019
Баспасөзге шолу. Түндікті күндіз жаппаңыз

«Астана ақшамы» газетінде «Түндігіміз неге жабық тұрады?» атты айрықша ой саларлық мақала жарияланды. Автордың айтуынша, қазір ұлттық мерекелерде тігіліп жүрген киіз үйлердің барлығының дерлік күндіз түндіктері жабық тұрады. Бұл біздің ата салтымызға жат нәрсе.

«Қазақта «пәленшенің үйінің түндігі жабылып қалыпты» деген тұрақты сөз тіркесі бар. Бұл сол отбасының бас көтерер мүшелері (үй иесі, әйелі, жасы кәмілетке толған баласы дегендей) түгелдей қайтыс болып, шиеттей жетім балалар ғана қалғанда айтылатын сөз. Өйт­се, таңертең ерте түндік ашу – сол үйдің адамдарының тірі екенін, дендері сау, тұрмыстары түзу екенін білдіретін салт. Ал мерекеге тігілген үй сол үйде дастарқан жайылып, салтанатты шаралар өткізуге арналатындықтан тіршілік нышаны, тіпті шаттық көңіл күй шаңырағынан көрініп тұруы керек ғой».

Қазақстанда тұратын, бірақ әлі азаматтық алмаған оралмандарға «Оралман» мәртебесі ұзартылды. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, - деп жазады «Айқын» газеті. Қазақстанда этникалық репатрианттардың бейімделуі үшін барлық жағдай жасалған. Оралман мәртебесін алғандарға Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуға құқығы бар. ал қалған шетелдіктерге Қазақстанда кемінде 5 жыл тұру талап етіледі» делінген мақалада.

«Енді мәртебесі аяқталған оралмандар оны ұзарту үшін жергілікті атқарушы органдарға және Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алу үшін ішкі істер органдарына жүгіне алады. Министрлік дерегі бойынша, тәуелсіздік алған сәттен бастап 303 мың отбасы немесе 1 млн 40 мың этникалық қазақ тарихи Отанына оралды және оралман мәртебесін алды, бұл ел халқының 6 пайызын құрайды. Осының арқасында көші-қонның теріс сальдосының деңгейін төмендетіп, демографиялық өсімге қол жеткізілді.» 

Көктемді Парижде қарсы алғыңыз келе ме? «Жас Қазақ» ұлттық апталығында дәл осындай атаумен мақала жарияланды. Тақырыбы тартымды туындыда Алматыдағы Францияның Бас Консулдығы мен Француз Альянсы бірлесіп ұйымдастырған ерекше ұтыстың ережесі таныстырылады. Байқауға ниет білдірушілер әлеуметтік желі арқылы сауалнамаға қатысып, ұйымдастырушылар белгілеген сыйлыққа ие бола алады екен.

«Алматыдағы Францияның Бас консулы Алексис Шахтахтинскийдің айтуынша, бұл Алматыдағы Француз Альянсы базасында өткізілетін көптеген іс-шаралардың бірі. Қазақстандықтардың француз халқының мәдениетін зерттеуге деген қызығушылығын дамыту мен тереңдетуді ынталандыруға арналған екен.  Барлық ниет білдірушілерге 2019 жылдың 26 наурызы мен 2 сәуірі аралығында «Франция Мәдениеті» атты викторинаға қатыса алады. Викторинаның басты жүлдесі — Парижге сапар. Сонымен қатар, байқаудың жүлделері арасында француз тілін оқыту курстары, француз бижутериясы және тағы басқалар. Байқау жеңімпаздары сұрақ-жауап сауалнамасында қойылған сұрақтарға барынша дұрыс жауап берген қатысушылар арасында анықталады».

Телеканал Хабар 24