Ұмытылмас үш күн Жеміріліп, әбден сарғыштанған көлемі әйнек көзіндей ғана қағаз... Ұқыпты қолтаңбамен бастан-аяқ моншақтай тізілген фамилиялар. Жай тізім емес, атқыштар батальонындағы коммунистер тізімі. Ұзын саны – 39-шы, 33-ші рет саны бойынша Тотаев Әбдіхан Жұмашұлы деп жазылған. Туған жылы – 1911, партия қатарына кірген жылы – 1939 жыл, партиялық билетінің №3284905, әскері шені – лейтенант, әскері қызметі алдымен атқыштар взводының, сосын атқыштар ротасының командирі, есепке алынған мерзімі 1944 жылдың 12 қаңтары. Әйнек көзіндей қағаздан сызды окоптың, оқ-дәрінің күлімсі исі келгендей. Ал сонау қансоқтада Отан үшін күрескен күндердегі батальон комиссары, досы Әбдіханның семьясын 37 жылдан соң арнайы іздеп келген дағыстандық қонақ Мутай Амир-Ағайұлы Рустамов өзі үшін ұмытылмастай жадында қалған үш күннің әңгімесін сабақтап отыр... Мутай Амир-Ағайұлы: - Біздің алғы шепке лейтенант Тотаевтың взводы 1944 жылдың 12 қаңтарында резервтен келіп қосылған еді. Ұмытпасам түс әдеті болу керек, жертөледе қажет документтерді жайғап отырғам. Ішке кімнің кіргенін де байқамаппын. Кенеттен шыққан «Баяндауға рұқсат етіңіз!» деген дауысқа жалт қарасам, қарсы алдымда қаршыға қабақ, орта болуы, қараторы жігіт сымша тартылып тұр. Түріне қарап, «тіліміз бір болса керек-ау» деген болжамға келіп үлгірген мен: «Ассаламулейкум!», – дедім орнымнан тұра беріп. Күтпеген болу керек, әуелі абдырап қалды да: «Әлейкумассалам!», – деп қос қолын соза берді. Екеуміз қол сілкілесіп амандастық. Ол алдында ғана батальон командирі С. И. Дегтияровта болып, маған бастауыш партия ұйымына есепке тұруға келген екен. Таныстық. Әбдіхан маған Совет Армиясы қатарына 1939 жылы алынғандығын, одан бұрын (жадымнан шығып қалмаса) колхозда бухгалтерлік, ауылдық Советтің председателі, Арыс аудандық комсомол комитетінің бірінші секретары болып қызмет атқардым деген болу керек, сірә. Ең соңғы жарақаттанғанында ауылына барып келгенін, айыққан соң алғы шепке сұранғанын, тіпті екі ұлы бар екендігін де қалдырған жок. Өз тілімізде сөйлегенге жадырадым ғой деймін, мен де шешілдім. Дағыстан АКСР-і Дербент қаласындағы педагогика техникумын бітіргенімнен бастап, комсомол жұмыстарына араласқанымды, 1942 жылы армияға шақырылғаннан, Тбилисидегі әскери-саяси училищесін бітіргенімнен бергі Қырымды азат етушілер қатарында Әбдіханның өзімен кездескенге дейінгі аралықты хал-қадірімше әңгімелеп берген едім. Ертеңіне екеуміз нарпос қабырғалы сыз окоп ішінде кездестік. Ол бұл жолы туған ауылының табиғаты, тіршілігі, туған-туысқандары, енді ғана қатарға қосылып келе жатқан қазақ интеллигенциясы және өз армандары туралы беріле сөйледі. Ашық аспандай мөлдірлігінен, ағынан жарылатын ақкөңілдігінен оның табиғатының таза адам екендігін танығандаймын. Шыны керек, одан бұрын мен Қазақстанды, оның халқын көз алдыма терең елестетіп көрген емес екенмін. Айтпақшы, біздің арамызға Әбдіхан екеуіміз танысқан күні абхаздық жауынгер коммунист Сұлтан Әлиев те қосылған болатын. Әңгіменің соңғы жағында ол бізді сабыла іздеп әрең тауып алды. Ал ертеңіне қаңтардың 14-і күні Керчь қаласын азат етуге әзірлік жұмыстары жүріп жатты. Әбдіхан бұл күні рота командирі болып тағайындалды. Сол күні кешке нақ ойласқандай-ақ, үшеуміз бір-бірімізді іздеп таптық. Алдағы шабуылдың жойқын да қауіпті екендігі бәрімізге де белгілі еді. Қысқасы, үшеуміз төс қағыстырып дос болдық. Дереу мекенжай алмастық. «Кім тірі қалатын болса, қалған екеуміздің семьяларын тауып, естіртуге тиіспіз» дестік. Ертеңіне біздің шабуылымыз басталды. Осы арпалыста көл жолдастарымыз қаза болды. Шабуыл сәтті аяқталды. Мен зыр жүгіріп екі досымды іздедім. Сұлтан тез табылды, екеуміз Әбдіханды шарқ ұрып іздедік. Таптық, бірақ ол сұлық жатыр... Оның жұқалтаң жүзін мұң торлап, жанары шықтанып қалған екен. Алқымына жас тығылғандай, тотығып кетіпті. Сонда Әбдіханның қалдырған мекенжайы мынау еді: Оңтүстік Қазақстан облысы, Шымкент ауданы, Шымкент қалалық әскери комиссариаты, Қайнарбұлақ қыстағы, әйелім – Тотаева Қоракүл, балаларым – Төрехан, Беглерхан. Біз тозығы жеткен көк блокнотқа Беглерхан, Рыстай үшеуміз жапырыла қарадық. Сия қаламмен асығыс жазылғандығы көрініп-ақ тұр. ...Соғыстан елге оралысымен еңбек майданына араласып кеттік. Менің екі досымның семьясын іздестіруге уақытым болмағаны рас. Сұлтанды да туысқан Польшада өз қолыммен жерледім. Елдегі қиын-қыстау жағдай мұрша бермеді. Дағыстан АКСР-і, Қайтақ аудандық партия комитетінде, ауыл шаруашылығы басқармасында бөлім меңгерушісі, шикізат дайындау мекемесінде, балалар үйінде директор болып қызмет атқарып, жақында құрметті демалысқа шықтым. Достарымның семьясымен хат арқылы хабарласып тұрдым. Ұмытылмас күндер. Сөзбен айтып жеткізе алмастай, көзбен айтып ұқтыра алмастай, көзбен айтып ұқтыра алмастай нәзік, алмаспен бұза алмастай құрыштан берік достық. Ойлап отырсақ, оларды достастырған сол қиын-қыстау үшін, ел үшін етікпен мұз кештірген ерлік, елдік рухы десек болар ма? Ендігі әңгіме тізгінін Отан қорғау жолында мерт болған Әбілхан Тотаевтың ортаншы ұлы Беглерхан мен кенже ұлы Рыстай алды. Беглерхан: - Тылдағы ауыртпалықтың шал-шауқан мен әйелдерге, біз секілді майда балаларға түскенің өз көзімізбен көріп өстік. Біз өзімізді ересектердей сезінуші едік. Қостың басын ұстадық. Орақ орып, қырман салдық. Жеңіс сағаты соққан жылы Рыстай 3-ақ жаста, мен 8-де, үлкеніміз Төреханның 11-ге қараған кезі болатын. Арагідік майдан шебінен ауылдастарымыз келіп жатты. Көбі мүгедек. Алдында әкеміз жайлы «қара қағаз» алғанбыз. Сол күні анамыз үшеумізді бауырына басып, түні бойы ағыл-тегіл жылаған. Төрехан да солығын баса алмады, сол есімде қалыпты...Жеңістен соң бес жыл араға салғанда сырқат анамыз қайтыс болды. Содан бастап әкеміздің інісі Қайсейіт Тотлевтың тәрбиесінде болдық. Біз ағамыз бен жеңгеміздің қамқорлығының арқасында жетімдік көрген жоқпыз. Ол кісі бізді ағасының көзіндей көріп, мәпеледі. Төрехан Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтын бітірді. Жоғары білімді, мамандығы - агроном. Қазір Жамбыл облысында тұрады. Өзім жүн тасымалдауда жүргізушімін. Рыстай – Сайрам ауданындағы №15 К.Маркс атындағы сегізжылдықмектепте оқу-тәрбие ісінің меңгерушісі. Бүгінде кешегі майдангердің 14 немересі бар, «Орнында бар оңалар» дегеніңіз осы емес пе? Рыстай: - Майдангер ұрпақтарының жай-күйі туралы Бекең қысқаша да болса тоқталды ғой деймін. Мен дүниеге келгенде ол кісі майданда болған. Оны тек қана Мутай Амир-Агасанчтің қолындағы сары суреттен ғана елестетемін. Ағайынды үшеуміз бас қосқанда, әкеміз жайлы сұхбат ұзаққа созыла қоймайтын-ды. Бірде 1967 жылы Дағыстаннан хат келді. Қанды-көйлек досы жауынгер Әбдіханмен үш күн сырлас болғанын, әкемнің Отан үшін шайқаста мерт болып, өз қолымен жерлегенін айтыпты. Содан бастап Мутай Амир-Агаевичпен хат алмаса бастадық. Ол хат арқылы біздің шаңырақ астында не өзгеріс болып жатқанын егжей-тегжейлі біліп отырды. Біз оны талай мәрте қонаққа да шақырдық. Соның реті енді 15 жылдан соң келіп отыр. Ол майдангер досының барлық немересін құшып сүйді. Біз сол кезде әкеміздің өзі келіп, ұрпағымен табысқандай сезім болып, жанарымызға еріксіз жас алдық. Міне, енді біздің шаңырағымызда өтінгенімізге көнбей небәрі үш-ақ күн (баяғы үш күнді еске түсіруді мақсат тұтса керек) болып, қайтып барады. «Тағы келіп, асықпай қонақ боламын» деген уәдесін берді. Ал біз оның кенже ұлының үйлену тойына міндетті түрде баратын болып келісім бердік. Ұмытылмас үш күн және отыз жеті жыл... Уақыт қойнауындағы достық жаңғырығы үнін жоғалтпай бүгінге жетіпті. Бұл достық күші енді екі майдангердің ұрпақтарын да табыстырғалы отыр. Т.Рамбердиев, Шымкент қаласы