378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС

Электронды үкімет порталы халық үшін қолжетімді құралға айналды

  • 556
  • UPD: 20:44, 15.01.2019

Алдағы уақытта азаматтар некесін небәрі 3 күннің ішінде рәсімдей алады. Яғни қазіргідей 1 ай күтудің қажеті жоқ. Көлікті де 2 сағаттың ішінде тіркей аламыз. Елімізде осы сынды мемлекеттік қызметтерді пайдалану жеңілдей түседі. Үкімет отырысында Ақпарат және коммуникациялар министрі осы жайттарды мәлімдеді.

Бұқараның қамын күйттеген осындай шаралардың нәтижесінде Қазақстан электронды үкіметтің даму деңгейі бойынша әлемде 39-орыннан көрінді. Зерттеуді былтыр БҰҰ жүргізген. Ал порталды одан әрі жетілдіре түсу үшін жасанды интеллект сынды заманауи технологиялар енгізілмек. Бұл жұмыстар 2021 жылға дейін аяқталады. 

Еліміз электронды үкімет, яғни egov порталын дамытуға ерекше мән беріп отыр. Содан болар Үкіметтің биылғы алғашқы отырысы осы мәселеге арналды. Мінберден сөйлеген Ақпарат және коммуникациялар министрі алдымен атқарылған істерді сөз етті. Бүгінде мемлекеттік қызметтің 61 пайызы яғни 454-і электронды форматта қолжетімді. Ал 165 қызмет тек ғана электронды түрде көрсетіледі. Жыл санап бұл тізім толығып келеді.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Қызмет тек ғана электронды түрде көрсетіледі. Олардың жартысынан көбі лицензиялар мен рұқсат беру және кәсіпкерлікті субсидиялау құжаттарын рәсімдеуге байланысты. Бұл қадамдардың барлығы бизнесті дамытуда әкімшілік кедергілерді жою үшін қолға алынған. Мемлекет Басшысы өзінің халыққа Жолдауында 2020 жылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 90%-ын электронды форматқа ауыстыру қажеттілігі туралы айтқан болатын.

Тапсырмаға сай биыл көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің 80 пайызы, ал келер жылы 90 пайызы автоматтандырылады. Әрі орындалу мерзімі де оңтайландырылмақ. Мәселен, қазір 1 айға созылатын некені тіркеу рәсімі енді 3 күнге дейін қысқарады. Көлікті тіркеу үшін бұрын азаматтар 6 сағат уақытын жоғалтатын. Ал қазір небәрі 2 сағат жұмсайды. Бастысы салық төлеушілердің артық төлеген сомасы далаға кетпейді. Алдағы уақытта қаражатты автоматты түрде қайтару көзделіп отыр.

Абылайхан Оспанов, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы:

- Азаматтардың электронды қызметтерді пайдалану деңгейін арттыру мақсатында мемлекеттік корпорация 60/40 қағидатына сәйкес фронт-офистерді трансформациялауды бастады. Бұрын жұмыс орындарының 80 пайызы операторларға тиесілі болса, қазір 174 фронт-офистің жұмыс орынның 60 пайызы өзіне өзі қызмет көрсету секторына берілген. Онда азамттар электронды үкімет порталы арқылы электронды қызметтерді өз бетінше ала алады.

Бүгінде e-GOV-қа 8,5 млн астам тұтынушы тіркелген. Былтыр осы портал арқылы 30 миллион мемлекеттік қызмет көрсетілді. Осыдан қолға алынған шаралардың нәтижесін аңғаруға болады.  Ал ел тұрғындары көбіне денсаулық сақтау саласының қызметтерін жиі пайдаланады екен. Сондықтан да былтыр медициналық ұйымға тіркелу мен дәрігер таңдау сияқты қызметтер электронды форматқа көшірілді. 4 айдың ішінде бұл қызметті 70 мың адам пайдаланған. Қазір наркологиялық, психологиялық және тубдиспансерде берілетін анықтаманы портал арқылы алуға да мүмкіндік бар.

Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі:

- Бір жылда қағаз түрінде ұсынылатын 110 миллион құжат қысқарады. Ең бастысы көрсетілетін қызмет түрлері халыққа ұғынықты, қолжетімді және пайдалы болуы үшін бар күш-жігерімізді, мүмкіндіктерімізді жұмсауға дайынбыз. Осы бағыттағы жұмыстар бір сәтке де тоқтамайды. Негізгі мақсат - ел тұрғындарының сағаттап кезек күтпей, қажетті құжатына жылдам әрі оңай қол жеткізуіне жағдай жасау. Үкімет пен бизнестің, азаматтардың арасындағы интеграцияны жаңа деңгейге көтеру.

Ол үшін портал күн санап жетілдіріліп келеді. Алдағы уақытта E-gov 3.0 сатысына көшу көзделіп отыр. Яғни «Жасанды интеллект», «Проактивті қызметтер», «Интернет заттар» сынды заманауи технологияларды қолдану арқылы портал дами түспек. Жаңартылған жүйе 2021 жылы іске қосылады. Қолға алынған іс мұнымен бітпейді. Министрлік электронды үкіметтің мобильді қосымшасын да дамытып жатыр. Себебі ел тұрғындарының 64% ұялы телефон арқылы интернетті пайдаланады екен. Ал егов қосымшасын бүгінде 1,3 миллион азамат қолданады. 

Назерке Әбдірахманқызы, тілші:

- Министрліктің есебіне сүйенсек, электронды үкімет порталын дамыту бойынша атқарылған шаруа аз емес. Бірақ алда күтіп тұрған міндеттер де ауқымды. Содан болар үкімет басшысы 1 ай ішінде биыл электронды жүйеге көшірілетін мемлекеттік қызметтердің тізбесін дайындауды тапсырды. Ал орталық және жергілікті атқарушы органдар бұл істің уақтылы орындалуын қамтамасыз етуі керек.

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Әлібек Әлиев

Телеканал Хабар 24