375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС

Жастар жылы: Президент Үкіметке нақты 4 тапсырма берді

  • 3684
  • UPD: 23:40, 23.01.2019

Үкімет пен жергілікті билік жастар мәселесін шешуге арналған Жол картасын әзірлейді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бүгін Астанада салтанатты шара өтіп, Жастар жылы ресми бастау алды. Сол жиында Президент тиісті тапсырмалар берді.

Жалпы жұрттың жалқы көрген жастары жалындайтын кезі жетті. Астанада Жастар жылына арналған ауқымды форум өтті. Салтанатты шара «Нұр Әлем» кешенінде ұйымдастырылды. Қуат көзіне айналған орынға жастардың жаппай ағылуы тегін емес. Олар да елдің жүгін өрге сүйрейтін қозғаушы күш іспеттес осы күні. Ел де, Елбасы да сенім артты соларға. 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев әуелі дарынды жастардың сәтті жүзеге асырған жобаларымен танысты. Барлығы дерлік бірегей дерсің. Арасында мобильді қосымшалар да, аграрлық секторды дамытуға арналған тың бастамалар да бар. Отандық өнім түрлері де бұл көрмеде самсап тұр. Өзгеге телмірмей, өзіміз де өндіре аламыз. Мұны бүгінгі буын дәлелдеп берді.

Амина Нарықбаева, әлеуметтік желі құрастырушысы:

- Бұл жоба журнал парақтаудан басталды. Бастапқыда танымал адамдардан өзіміз сұхбат алып, журналист кейпінде болдық. Кейін әлеуметтік желі құрдық. Мұнда небір қызықты деректер бар. Тіпті, 16 жасқа толмаған қыздар ұшақ басқаруды үйрене алады. 

Астанада өткен шараға еліміздің әр өңірінен өрелі өрендер жиналды. Олардың әрбірі өз саласының білгірі. Арасында «Болашақ» бағдарламасының түлектері де, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары да, жас кәсіпкерлер мен елге ересен еңбек етіп жүрген еріктілер де бар. Тіпті, балалар үйінің тәрбиеленушілері де табылады бұл маңнан. Мақсат – жұдырықтай жұмылып, елдің қазіргі қарқынын қарыштату. Ал дамудың бастауы – білімде болса керек.     

Рауан Кенжеханұлы, Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры:

- Құрметті Елбасы, өткен жылы сізге «100 жаңа оқулық» жобасымен аударылып басылған алғашқы 18 оқулықты таныстырдық. Әрқайсысы еліміздегі 115 жоғары оқу орнына 10 мың данамен таратылды. Оқулықтардың электронды нұсқасы Интернет арқылы еркін қолданысқа берілді. Соның арқасында бұл жоба аз ғана уақытта еліміздің барлық оқу орындары, оқытушылары мен студенттеріне әлемнің ең озық білім мен ғылым орталықтарының алтын қорын ашып берді.

Қарымды қаламгерлердің тырнақалды туындыларын қазақ тіліне тәржімалап жүргендер жақында тағы 30 оқулықтың төл тілімізге аударылатынын айтты. Барды білудің артықтығы болмайды. Біздің елге білім іздеп шеттегі қандастарымыз да келіп жатыр. Бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызын айталық. Қазақтың саятшылық өнерін шартарапқа әйгілеген қаршадай қыз іргедегі Моңғолиядан Астанаға ат арытқан. Қазір «Нұр ордада» тәлім алып жатыр. 

Айшолпан Нұрғайыпқызы, бүркітші қыз:

- Мен Сізбен кездесуді армандаған едім. Міне, бүгін – сол арманым орындалған күн. Шынымды айтсам, сәл қобалжып тұрмын. Себебі, күнде Президентпен кездесе бермеймін ғой. Мен Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында туып-өстім. Бірақ та атамакенім Қазақстан екенін ешуақытта ұмытпадым. Соның арқасы шығар, қазіргі кезде мен «Нұр орда» халықаралық мектебінде оқып жатырмын.

Бейбіт елдің азат ұрпағы адымды алшаңдату үшін аянып қалмайтындарын анық айтты. Жөңкіле сөз сөйлеумен шектелген жоқ. Елбасына ұсыныс-тілектерін де жеткізді. Мінберден сөз алғандардың бірі Астанада алма бағын өсіргісі келеді. Бағбандық өнерді ілгерілету көздегені. Сүлейлер болса әдебиет академиясын ашуды сұрап отыр. Солайша жастарды жастана кітап оқуға үндемек.   

Мерей Қартов, ақын:

- Өзіңіз үнемі айтып жүргендей, бәсекеге қабілетті жастар – елдің болашағы. Ендеше әдебиет әлемінде де біз бәсекеге қабілетті болуымыз үшін жас қаламгерлерге арналған Әдебиет академиясын құру жөнін қарастырып берсеңіз деп өтініш айтқым келеді. Әдебиет академиясы ашылатын болса, жастар білімге ұмтылып, алпауыт мемлекеттердің тілдерін меңгеріп, философтардың, мәдениеттанушылардың білімін бойына сіңірсе, әдебиетіміздің әлеуеті артып, тынысы, кеңістігі ашылар еді. Сонда жас қаламгерлер жаһандық бәсекеге қабілетті шығармаларды дүниеге әкелер еді.

Елбасы жастар уәжін мұқият тыңдады. Сөйтіп кейінгі буынның кежегесін кейін тартып жүрген бірнеше мәселеге тоқталды. Үкіметке Жастар жылында жүзеге асуы тиіс 4 нақты тапсырма жүктеді. Алғашқысы – жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамту. Президент пәрменімен енді жылына кем дегенде 1 мың пәтер жастар үшін салынатын болды. Жалдамалы үйлер Астанада, Алматы мен Шымкентте бой көтермек.

Баспана мәселесі шешілсе, білікті жастар жұмыс іздеп шарқ ұрмайды. Қалаған қалаға барып, қызмет қыла береді. Ол үшін жастарды жаппай еңбекпен қамту қажет. Елбасы біздің елде жұмыс көп, тек мамандар тапшы екенін айтты. Сондықтан күрмеуі көп осы мәселені дереу шешуді тапсырды. «Тығырықтан шығар жалғыз жол – жастарды кәсіпкерлікке баулу», – деді. Бұдан былай «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша берілетін грант саны тағы 2 есеге ұлғаяды. Жастар кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгереді. Ол үшін бюджеттен 32 млрд теңге бөлінбек. Бұл – Үкіметке жүктелген екінші міндет. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- В прошлом году в Казахстане среднюю школу окончило более 125 тысяч молодых людей. В среднесрочной перспективе численность молодежи, выходящей на рынок труда, будет только расти. В настоящее время в стране порядка 300 тысяч человек, или 9% молодежи не вовлечены в образовательную и трудовую деятельность. Необходимо предпринять эффективные меры, которые будут способствовать ежегодному сокращению данной категории молодежи.

Табысты еңбек ету үшін сапалы білім алу қажет. Президент мұны да қаперге салды. Мемлекет басшысы 5 әлеуметтік бастама аясында білім гранттарының саны 20 мыңға көбейіп, жатақханалардағы орын саны 75 мыңға артатынын айтты. Одан бөлек, «әр өңірдегі жоғары оқу орындарының тым құрығында біреуі Назарбаев университетімен иін тірестіре алатындай болуы керек», – деді. Техникалық мамандықтар да назардан тыс қалмауы тиіс. 

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Необходимо разработать программу «Жас маман», по принципу «100/200». За три года проект охватит около 200 тысяч молодых граждан во всех регионах страны. В его рамках будет осуществляться подготовка специалистов по 100 наиболее востребованным индустриальным и сервисным профессиям на базе 200 модернизированных учебных заведений.

Жас ғалымдар да қашанғыдай қатардан қалмайды. Нұрсұлтан Назарбаев өнертапқыштардың өрісін кеңейтіп, ғылымға терең бойлағандарға қолдау көрсетуді тапсырды. Үкіметке жүктелген үшінші міндет те осы. Ол үшін ел қазынасынан жыл сайын 3 млрд теңге бөлінетін болады.   

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- 12 мың «Болашақ» түлегі, Назарбаев университетінің түлектері, КиМЭП – бәрі де қазірдің өзінде біздің елдің келешектегі элитасын құрып жатыр. Жас ғалымдарға өз идеясын шынайы жобаларға айналдыруда көмектесу керек. Өзім тура осы мәселемен айналысуды көздеп отырмын. Үкіметке осы жұмысты арнайы бақылауға кеңес беремін. Бұл процеске Назарбаев университеті де кіріседі. Осы мақсатта Үкіметке жас ғалымдардың фундаменталды және қолданбалы зерттеуіне бөлінетін гранттық қаржыландыруды жыл сайын 3 млрд теңгеге арттыруды тапсырамын.

Президенттің төртінші пәрмені – ерікті жастарға көңіл болу. «Қарттарға қарайласып, мүгедек жандарға қол ұшын созған олардың еңбегі ерен», – деді Елбасы. Президент қазақта қарттар үйі болмағанын айтып, жетімдерді жәутеңдетпеу керектігін айтты. Ол үшін жастарды мектеп кезінен тәрбиелеу қажет. Болашақ аналардың да, әкелердің де жауапкершілігін кейінгі буынға ұғындыруымыз тиіс. Сол кезде ғана шаңырақ шайқалмайды, берік ірге қалыптасады.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бәрін алаңдатып отырған мәселе – жас шаңырақтардың күйреуі. Тәуелсіздік жылдары бір жарым миллион отбасы ажырасты, оның ширек бөлігі некенің алғашқы жылында-ақ кетіскен. Неге бұлай болғанын зерттеу керек. Әрине, келіспеушілік, қаржының жетіспеушлігі, баспананың болмауы, ата-анамен бірге тұру жағдайлары бар. Қоғам белсенділері, ғалымдар, БАҚ отбасы мәселесіне ерекше көңіл бөлуі керек. Отбасын құру – өте жауапты мәселе.

Ауқымды форумда жастар туризмін қалыптастыру мәселесі де сөз болды. Президент Қазақстанның тұмса табиғатын шетелге таныту үшін сол жауһарларды әуелі өзіміз көруміз керек деді. Жастар жылында жүзеге асатын барлық шаралар Қоғамдық даму министрлігіне жүктелген. Ведомство Жастар жылының арнайы картасын әзірлеген екен. Енді оны Үкімет тездетіп бекітуі тиіс. Жиын соңында Мемлекет басшысы бүгінгі буынның бәсі басым екенін айтып, жастарға сенім білдірді.

«Жастар – қоғамның қозғаушы күші», «Кемел келешек кейінгі буынның қолында»... Осы тектес тіркестер ел арасында айтылып-ақ жүр. Сұлу сөздер дерсің. Бірақ сүйексіз тілден төгілген сол сөздерді нақты іске асыратын кез жетті. Қазір елге бағдары айқын бастамалар қажет. Жастарға тап осындай мүмкіндік берілген тұста шашасына шаң жұқтырмайтын арғымақтай арындау керек. Әйтпесе көлгірсуден көлеңкеде қалған көп жайтты күнгейге шығарудан қаламыз.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Телеканал Хабар 24