378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС

Браконьерлермен күресте қаза тапқан инспектор Е.Нұрғалиев «Барыс» орденімен марапатталды

  • 434
  • UPD: 20:42, 04.02.2019

Қалың қазаққа қайсарлығымен танылған қорықшылар мемлекеттік орденмен наградталды.

Елбасы жарлығымен браконьерлер қолынан қаза тапқан инспектор Ерлан Нұрғалив пен оның ажалдан аман қалған серігі Петр Ницыкке үшінші дәрежелі «Барыс» ордені берілді.

Бұл марапат қазаның орнын толтыра алмас. Дегенмен ерлікті елеусіз қалдыруға да болмайды. Ал марқұмның қызметіне адалдығы, қайсарлығы мен ержүректігі ел есінде мәңгі қалмақ. 

Ерен ерлігімен еліне танылған есіл ұлдың дүниеден өткеніне бүгін тұп-тура 20 күн. Қайсар қорықшының қарақшыларға қарсы тұрғаны қалың қазақты сүйсінтті, бірақ қапыдағы қаза қабырғаны қайыстырып кетті. Жұрт батыр ұлын жоқтады. Мұқым ел ерлігіне мадақ айтты. Елбасы да сол қасиетін елеусіз қалдырмады.

Жанат Таңсықбаев, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК бас директорының орынбасары:

- Ерлан өмірден өткенше елін жерін қорғады. Марқұм осыған дейін құқық қорғау органдарында қызмет еткен. Ерлан 2012 жылы зейнетке шығады. Сол кезде мен оның физикалық қабілеті мен қайсар мінезіне тәнті болып жұмысқа шақырған едім. Жұмысты адал атқаратын, ұқыпты қызметкер болды. Менің бір айтатыным, ол өз елінің нағыз патриоты болды.

Жұрттың жағасын ұстатқан қанды оқиға өткен айдың ортасында болып еді. Қос қорықшы Ерлан Нұрғалиев пен оның серігі Петр Ницык Нұра ауданында рейд шаралын жүргізіп жүрген. Сол сәтте атылған 5 киікті тауып алады. Ізінше төңіректе мемлекеттік нөмірсіз жүрген екі бірдей жол талғамайтын көлікті байқапты. Соңынан түсіп, күдікке ілінгендерді ақыры тоқтатқан. Бірақ қарақшылар қарсылық көрсетіп, төбелес кезінде қос инспектор да жараланады. Бірақ басынан ауыр жарақат алған Ерлан Нұрғалиевтің сол күйі беті бері қарамады. Тілге келместен жан тапсырды.

Пётр Ницык, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторы:

- Далада ізді көрдік. Сол бойынша жүріп келе жатып, көлікпен кетіп бара жатқандарды байқадық. Соңына түсіп, қуа жөнелдік. Мен көлік тізгінінде болдым. Ал Ерлан браконьерлерге тоқтаңдар деп белгі берді. Тоқтамаған соң, үш рет ескерту ретінде мылтық атты. Осыдан кейін тоқтады. Бізге бірден соққының астына алды. Мені ұрып есімнен тандырып тастады.

Марқұммен ұзақ жыл бірге қызметтес болған, қанды оқиға кезінде браконьерлермен қарсы күрескен Петр Ницыкке де үшінші дәрежелі «Барыс» ордені берілді. Ал қорықшыларға шабуыл жасаған күдіктілер қолға түсіп, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.

Айта кетейік, соңғы 3 жылда осындай 10 дерек тіркелген екен. Бірақ олардың біреуінде ғана браконьерлер жазаға тартылған.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Телеканал Хабар 24