378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС

Елбасы: Қазба байлық та, ғылыми жетістік те өзімізден шықса, біз бағындырмаған белес қалмайды

  • 769
  • UPD: 23:30, 13.02.2019

Елордада «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жаңа жеңімпаздары таныстырылды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Салтанатты рәсім Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтті. Елбасы жеңімпаздарды жеке-жеке құттықтап, жеткен жетістіктерін бағамдады. Жобаның көздегені де осы. Елдің түкпір-түкпірінде тынымсыз тер төгіп, еселі еңбек етіп жүргендерді бұқараға таныстыру.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» – ел мерейін асырып, дамуына зор үлес қосқан жандарды халыққа кең танытқан жоба. Оған енген азаматтардың қай-қайсысы да өз ісімен дара. Қоғамға сіңірген еңбегімен де ерекше. Жобаның алғашқы жеңімпаздары 2017 жылы анықталды. Алғашында үміткерлердің саны 2 мыңнан асып, бәсекелестік күшейді. Нәтижесінде 102 бірдей азамат үздік деп танылды. Ал бүгін олардың қатары өзге де жаңа есімдермен толықты.

Жеңімпаздарды іріктеу өткен жылы күз айларында жүргізілді. Бірнеше кезеңді қамтыған байқауда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан 29 жеңімпаз анықталды. Жалпы, «Рухани жаңғыру» өткенімізді екшеп, бүгінімізді бағамдап, болашаққа бағдар алған бірегей бастама десек, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» сол ауқымды бағдарлама аясындағы ілкімді істің бір парасы. Асан Жолдасов – жұрт таңдаған жаңа есімнің бірі. Математика мектебінің негізін қалаған жас 1500 баланы білім нәрімен сусындатты. Математиктердің арасында жаңа буын тәрбиеледі.

Асан Жолдасов, жоба жеңімпазы:

- Бала кезімде мұғалім анама көмектесіп, онымен бірге үй жұмыстарын тексеретінмін. Уақыт өте келе өзім де бала оқытатын деңгейге жеттім. 17 жасымда осы істі қолға алдым. Қазір 136 мұғалім жұмыс істейтін «Пифагор» мектебінің негізін қалаушысымын. Оқушыларымыз халықаралық жарыстарда топ жарып жүр.

Ержан Сәлімгереев те жоба жеңімпазы. Елбасы алдында алғаш рет сөз сөйлеген ол толқынысын да жасыра алмады. Ержан – паралимпиадалық спортшы. Суға жүзуден байрақты бәсекелерде талай рет топ жарған. Оның ендігі арманы – Олимпиада ойындарында жеңімпаз атану. Мүмкіндігі шектеулі болса да, алға қойған мақсат-міндеттері ауқымды.

Қазақстанның ішкі татулығы әлемге үлгі. Шет мемлекеттерде жүріп, қақтығыс аймақтарында болып қайтқан отандастарымыз осыны жиі айтады. Фотожурналист Назгүл Кенжетай босқындардың ахуалын арқау етіп, соғыс оты шарпыған жерлерде талай зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бойында өжеттігі басым бойжеткен бұдан еш тайсалмады. Ол түсірген суреттер халықаралық деңгейде таптырмас дерек көзіне айналды. Сол үшін Назгүл шет мемлекеттерде әртүрлі мақтауға, ал өз елінде «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы деген атқа лайық деп танылды.

Бүгінгі жоба жеңімпаздарының арасында дәрігер, спортшы, өнер майталманы әрі ақын да бар. Солардың бірі – ұлтымыздың бай мұрасын жас буынға жеткізіп жүрген Мақпал Тәжмағамбетова. 

«100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары – тәуелсіз елдің жас буыны. Ата-баба салып кеткен сара жолды жалғаушыларға енді зор сенім артылып отыр. Олардың әрқайсысын Елбасы үлгі етті. Мұның астарында ауыр жауапкершілік бары барлығына белгілі.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл – менің «Рухани жаңғыру» мақаламның арқасында келіп отырған жоба. Екінші рет зор қуанышпен қатысып отырмын. Жалпы, жастармен тілдескенді жақсы көремін. Жастар жылы деп жариялап, жастармен кездескенімді білесіңдер. Жалындаған жастардың сөзін, ойын естідік.

Техника, технология, ғылым. Бүгінгі буын баса мән беруі тиіс негізгі үш бағыт осы. Оны меңгерген ұрпақ заман көшінен қалмайды. Елбасы жеңімпаздармен кездесуде сан түрлі мысалдар келтірді. Кез келген кәсіпті меңгеріп, зор табысқа жетуге болатынын дәйекті дәлелмен жеткізді.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Однажды банк решил проверить все свои кадры и пригласил дворника, сказав: "Распишись здесь". А он в ответ поставил палец, так как не умел писать. После дворника уволили из-за отсутствия образования. Прошло время, и кроме как убирать мусор и чистить улицы у него не было других специальностей. Но он собрал таких же дворников, организовал крупную компанию и стал очень богатым человеком.

Қазақ жері қазба байлыққа толы. Алайда оны шығарып, кәдеге жарата білу – қиын шаруа. Ғылым саласына бет бұрғандар осы мәселені шешуі қажет. Сонда ғана әлемнің дамыған елдерімен тең дәрежеге жетуге болады. «Қазба байлық та, ғылыми жетістік те өзімізден шықса, біз бағындырмаған белес қалмайды», – деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенті:

- Очень здорово, что мы проводим второй раз этот конкурс, будем его продолжать. Это пример для молодежи, пример для всех, что всего можно добиться.

Өсер елдің баласы – арманшыл, өшер елдің баласы – жанжалшыл. Елбасы Қазақстанның жаңа есімдеріне осы сөз тіркесін қарата қайтты. Арманшыл болуға үндеді. Әрі ойға алған жоспарларын нәтижелі жүзеге асыруға шақырды.

Авторы: Рауан Мыңбаев

Телеканал Хабар 24