375,90 426.35 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС

Конституциялық Кеңестің Елбасы өтініші бойынша шешімі жария етілді

  • 746
  • UPD: 20:25, 15.02.2019

Ата Заңның 42-бабы 3-тармағын ресми түсіндіру жөніндегі Елбасының өтініші бойынша бүгін Конституциялық Кеңестің шешімі шықты.

Қазақстан Президенті – мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатына жауапты лауазымды тұлға. Адам құқықтарының кепілі әрі халық пен билік бірлігінің нышаны. Конституцияның 42-бабы 3-тармағы Президент өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтатуға негіз болатын бірнеше себепті қамтиды. Дегенмен Елбасы таяуда Конституциялық Кеңеске ресми өтініш жолдап, Ата Заң аясындағы құқықтарын түсіндіріп беруді сұрады. Соған сәйкес, бүгін жоғарғы органның тиісті қаулысы жарияланды.

Қайрат Мәми, ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы:

– ҚР Конституциялық Кеңесі қаулы етеді. ҚР Конституциясы 42-бабы 3-тармағында белгіленген ҚР Президентінің өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтату тізбесі толық емес. ҚР-ның конституциялық мәртебесінен оның өз еркімен білдіруге сәйкес өкілеттілігін тоқтату құқығы туындайды. Бұл Мемлекет басшысының өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтатуға дербес негіз бола алады.

Жалпы әлемде Мемлекет басшысының өз өкілеттілігін мерзімінен бұрын тоқтатуына қатысты бірыңғай тәжірибе жоқ. Мәселен, Ресей, Беларусь, АҚШ, Иран, Сингапур, Израиль конституцияларында тек «отставка» ұғымы болса, Латвия мен Польшада «қызметтен бас тарту» сынды қосымша құқықтық негіз қарастырылған. Ал Германия бұл жайттарды бөле жармайды. Онда Президент өкілеттілігін өз еркімен де, саяси себептермен де тоқтата алады.

Төлеш Қаудіров, ҚР Жоғарғы соты жанындағы академия ректоры:

– Президентті уақытынан бұрын тоқтату негіздерінің тізбесі толық емес. Басқа баптарды салыстырып, Президенттің өзінің өкілеттілігінен және басқа Президент адам ретінде Үкімет жұмысшысы ретінде талқылағанда оның өз еркімен қызметтен кету құқығы бар деп шешілді.

Мирас Дәуленов, М.Нәрікбаев атындағы қазмзу академиясының директоры:

– Президенттің өз еркімен қызметтен кетуіне құқығы бар делінген сөйлем Конституциялық заңдарға толық сәйкес келеді. Өзге елдердің тәжірибесіне де ұқсас. Сондай-ақ мемлекеттің негізгі қағидаттарына сай.

Елімізде мемлекеттік орган басшылары мен Парламент депутаттарының өкілеттілігі осы секілді заң талаптары бойынша тоқтатылады. Сондықтан өз еркімен қызметтен бас тарту –  Президенттің де азаматтық құқығы. Қорыта айтқанда, Конституциялық Кеңес Мемлекет басшысы еңбек ету бостандығына да сүйеніп, өкілеттілігін мерзімінен тоқтата алатынын айқындап берді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ержан Қанапиялы, Азамат Сәметов

Телеканал Хабар 24