388,95 435,25 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Н.Назарбаев Дүниежүзілік Арнайы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты

  • 897
  • UPD: 12:16, 15.03.2019

Біріккен Араб Әмірліктерінің астанасы Абу-Дабиде Дүниежүзілік Арнайы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.

Абу-Дабидегі бұл спорттық шара өзінің ауқымымен таңқалдырды.

7,5 мың спортшы, 2,5 мың жаттықтырушы, 20 мың ерікті. 49 500 адамға арналған Шейх Заед стадионы адамға лық толы. Дәл мұндай ауқым бұрын-соңды арнайы олимпиада тарихында болып көрген жоқ.

Америкадан бастау алған Олимпиада, араға 50 жыл салып тұңғыш рет Таяу Шығыста өтіп жатыр. Әлемдік деңгейдегі шараға әмірліктердің әзірлігі ерекше. Абу-Дабидегі бұл жазғы ойындар Арнайы олимпиаданың тарихында қалары сөзсіз.

Дүниежүзілік Арнайы Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсіміне Абу-Дабидің тақ мұрагері Заид әл Наһаянның шақыруымен Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. Сөйтіп, қазақ президенті дипломатиядағы досына қодау көрсетіп ғана қоймай, Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетіліп жатқан көмектің жоғарғы деңгейін растап берді. Елбасы бұған дейін спортшылар мен жаттықтырушыларға сәттілік тілеп, бүкілхалықтық қолдауды жеткізген еді.

Ерекше адамдарға арналған ерекше Олимпиаданы естігендер аз. Осыдан 50 жыл бұрын америкалық отбасы бастаған бұл қозғалыстың қатарына қазір күллі жаһан елі жиналды. Өкініштісі сол, әлемде өзгеше жандардың саны артпаса, кеміп жатқан жоқ. Ендігі бір міндет оларды бөлектемеу, керісінше оларды қажетсіну, олармен мақтану. Әрине, ақыл-есі кем адамдардан қандай спортшы шығады деген сұрақ туындауы мүмкін. Сеніңіз, нағыз спорт сайысын осы жерден көресіз. Бұл жерде допинг дауы болмайды, қызғаныш атымен жоқ. 

Түрлі деңгейдегі 10 медаль. Абу-Дабиге келген қазақстандық спортшылардың межесі әзірге осы. «Спешиал Олимпикс Қазақстан» қозғалысы осымен 15-рет арнайы Олимпиадаға қатысып жатыр. Қазір құлағыңызға сенбеуіңіз мүмкін. Бірақ осыған дейін қатысқан 14 олимпиададан қазақстандық спортшылар 225 алтын, 221 күміс, 160 қола медаль алып келді.

Назарбек Көкенұлы, жаттықтырушы:

- Қазір статистиканы қарасақ, мұндай адамдар күннен күнге көбейіп келе жатыр. Яғни мұндай адамдар бар, оны жасырып керек емес. Мұндай адамдарды жасырғаннан гөрі көрсетіп, қоғамға бейімдеу, оларды осы қоғамның бір бөлшегі ретінде өздерін толыққанды азамат ретінде сезіну үшін жағдай жасау керек деп ойлаймын.

Бұл жолғы ойындарға Қазақстаннан суда жүзу, пауэрлифтинг, жеңіл атлетика, волейбол, баскетбол, гимнастика, боулинг, роликпен жүгіру және бадминтон сияқты спорттың 15 түрі бойынша 67 спортшы жарысқа түседі.

Тимур Үсенбаев, арнайы мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі: 

- Оларға кішкене айтып тұру керек, қалай ойнау керек. Спорт арқылы балалар өздерін ашады. Барасың дегенде мотивация болады, талпынады. Бұл балаларға медаль алу бәрінен қымбат.

Бұл өзгеше Олимпиада, спортшылар да. Олардың ойлау-қабілеті, бәлкім түр-әлпеті басқа болар. Бірақ олардың бойынан жеңіске деген жігерді, өмір сүруге деген құштарлықты байқамау мүмкін емес. Байқайсың да, еріксіз бас шайқайсың.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

- 190 ел. 7,5 мың спортшы. 5 мың көрермен. Осы кештегі мына стадиондағы көріністі көзбен көріп тұрып елжіремеу мүмкін емес. Біз, яғни адамзат әлі де әлсізге пана, жоққа қайырымды, жалғызға жұбаныш бола алады екенбіз. Біз әлі де мүмкіндігі шектеулі жандарды мейірімге шомып, оларға көңіл бөледі алады екенбіз. Адамзатқа ғана тән осы асыл қасиеттердің жоғалмауы, ертеңгі күнге, ертеңгі жарқын күнге деген сенімді еселей түскендей.

 Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Еділ Ермекбаев, Руслан Жакеев

Телеканал Хабар 24