379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Қасым-Жомарт Тоқаев Президент ретінде алғашқы жұмыс сапарын Түркістан облысынан бастады

  • 538
  • UPD: 15:51, 23.03.2019

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысында жұмыс сапарымен жүр.

Мемлекет басшысы әуелі Қожа-Ахмет Яссауи кесенесіне барып, сосын Түркістанда жүргізіліп жатқан құрылыс қарқынымен танысты.

Атап өту керек, бұл – Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президент ретінде аймаққа жасаған алғашқы сапары. Және оның дәл осы Түркістаннан басталуы тегін емес. Ежелден ер түріктің бесігі атанған Түркістанның жеке дара облыс атанғанына 9 айдан асты. Осы уақыт ішінде Түркістан шынымен түледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев сапарын әуелі қасиетті орын Қожа-Ахмет Яссауи кесенесінен бастады. Бұл жерде Мемлекет басшысы «Әзірет-Сұлтан» қорық-музейін жаңғырту жоспарымен танысты. 88 гектардан астам аумақты алып жатқан тарихи-мәдени орынды туристер үшін тартымды ету мақсаты тұр. Сондай-ақ, бұл жерде президентке «Ұлы дала елі» орталығының жұмысы баяндалды. Бұл орталық Атырау облысының Түркістанға деген тартуы, нысан келер жылы пайдалануға берілмек. Ал облыстық әкімдік пен басқарма ғимараттарының құрылысы биыл толығымен аяқталады. Сондай-ақ Мемлекет басшысына Конгресс-холл мен Медиа орталықтың да құрылысы таныстырылды.

Айта кету жөн, өңірде құрылыс қарқыны қатты, биылғы қаңтар-ақпан айларында өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі жарым есеге артқан. Кейін Мемлекет басшысы жақында ғана тұсауы кесілген облыстық Жастар ресурстық орталығына аялдады. Қасым-Жомарт Тоқаев орталықта «Жастарға қызмет көрсету», «Еріктілер клубы», «Жас сарбаз», «Тілдер мектебі» және «Stem» жобаларымен танысты. Сондай-ақ, TURKISTAN HUB коворкинг орталығының резиденттерімен кездесті. Бүгінгі таңда орталық бір мезетте 400-ге жуық жасқа түрлі қызмет көрсете алады. Биыл Түркістан қаласының мың жарым мыңнан астам тұрғыны қоныс тойын тойлайды. Мұнда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 26 көпқабатты үй салынып жатыр. Мемлекеттік бағдарламаның орындалу барысы Мемлекет басшысына баяндалды.

Ал дәл қазір мына Яссауи атындағы университетте Мемлекет басшысының облыс жұртшылығымен кездесуі өтіп жатыр. Әрі қарай Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның үшінші мегаполисі Шымкентке барады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз биліктің ауысуын тұрақты жағдайда жүзеге асырамыз. Мұндай жағдай дүниежүзі тарихында болмаған. Менің негізгі мақсатым – Елбасының стратегиялық бағытының сабақтастығын қамтамасыз ету. Мен оның ісін жалғастыра беремін. Елбасы бізге табысты мемлекет құрып берді. Менің Президент ретіндегі негізгі ұстанымым әрі көзқарасым, ең алдымен, сабақтастық, яғни Елбасы саясатын жалғастыру. Екінші ұстанымым, бұл – әділеттілік. Үшінші ұстанымым –ілгерілеу.

Авторы: Гүлжан Марқабаева

Телеканал Хабар 24