378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС

Ұлттық ғылыми кеңестің жұмысы ендігәрі жіті назарда болады

  • 384
  • UPD: 22:42, 18.01.2019

Еліміздегі ғылыми жұмыстарды іріктеп, оларды қаржыландырумен айналысатын кеңестің былығы ашылды. Яғни оның құрамы заңды өрескел бұза отырып, жасақталған және салаға бөлінген қаржыны оңды-солды жұмсаумен айналысқан. Ең өкініштісі - мәселенің ушыққанына біраз уақыт өтсе де жауапты комитет үнсіз. Яғни заң бұзушылықты көре тұра ешқандай шара қолданбаған.

Еліміздегі ғылымға жауапты комитеттің жұмысы бұдан былай жіті назарда болады. Себебі мекемеге жүргізілген талдау жемқорлық тәуекелдерінің басым екендігін көрсетті. Әсіресе ұлттық ғылыми кеңесте күдікті жайттар жетерлік. Мәселен, оның құрамы заңсыз жасақталып, біраз уақыт алаңсыз жұмыс жасап келген. Осы аралықта олар төмен балл алған жобаларға 200, тіпті 300 млн теңгеден қаржы бөлді. Ең қызығы, қолдауға ие  жұмыстар арасында кеңес төрағасы басқаратын институттың жобалары да бар. Бұл мекемеге жалпы қаржының 24 пайызы, яғни 1 миллиард 384 миллион теңге бағытталған.

Мұсағали Дуамбеков,  қоғамдық ұйым төрағасы:

- ҰҒК непрекосновенный адамдар емес. Олар дұрыс баға бермесе, олады да соттайтындай қылып қою керек. Әйтпесе ұлттық кеңес деп аспанға шығарып жібересіздер, оларға не артық сөз айтуға болмайды, құрамына тиісуге болмайды. Меніңше, әр нәрсенің өз ретімен. Себебі бюджеттік ақша экспертизаға миллирдтап ақша бересіз ғой. Ал ҰҒК оны сызып тастайды да өз бағасын қояды, олай дұрыс емес ғой.

Ғалымдардың осынша шырылауы бекер емес. Өйткені олар жоғары ұпай алған жобаларын өткізе алмай, бірнеше жылдан бері сабылып жүр. Ал деңгейі әлдеқайда төмендерінің жолы болғыш екен. Мәселен, 2017 жылы салаға бас-аяғы 3 миллирдтан аса қаржы қаралса, оның басым бөлігі ең төмен ұпай алған жобаларға жұмсалған.

Жақып Мырзантай, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры:

- Мысалы, «маған ғылыми жұмыспен айналыс, іссапарға барып кел» деп ешқашан ақы төленген емес. Ал бірақ университет басшылары біз жазған мақалаларды жинап алады да міне біздің жұмыс деп ғылымға бөлінген қаражатты ақтау үшін ұсынады. Бұл жерде жемқорлық жоқ дейсіз бе?! Өйткені бір адамдар грантты ұтып алады, мен сияқты байғұстар мақала жазады.

Рахымжан Нұрсейітов,  ҚР БҒМ Ғылым комитеті төрағасының орынбасары:

- Жаңа атап өттіңіз орта баллдан жоғары балл алғандар міндетті түрде қаржыландыру керек деген норма бар деп. Қазіргі қолданыстағы нормалық құқықтық актіде дәл сондай норма жоқ. Осы норманы біз өзгерьтіп жатырмыз. Енді соңғы шешімді күтіп отырмыз.

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде өткен жиын осындай пікірталастарға толы болды. Тараптар өз шағымдарын ашық жеткізіп, тұшымды жауапты талап етті. Ал агенттік басшысы бұл іске қатысы бар әр адам жауаптан құтылмайтынын қадап айтты.

Олжас Бектенов, ҚР МҚІСЖҚ іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары:

- Қазір беріліп отырған жауаптар бізді қанағаттандырмайды. Әңгіменің барысын  басқа бағытқа бұрып, жауапкершіліктен сытылғыңыз келеді. Бірақ, қалай болғанда да заңды бұзғандар заң алдында жауап береді. Қазір іс тергеліп жатыр.

Ең қызығы, осынша былықты көре тұра ғылым комитеті ешқандай шара қолданбаған. Сондықтан ғалымдар тобы мен қоғам белсенділері заңды бұзғандармен қатар, заңның бұзылғанын біле тұра үнсіз қалғандарды да жауапқа тартуды сұрап отыр.

Авторлары: Аслан Қаженов, Ерзат Зайытхан

Телеканал Хабар 24