378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС

Қырғызстандық мұғалімдер елімізге келіп тәжірибе алмасты

  • 312
  • UPD: 07:52, 19.02.2019

Қырғызстандағы кәсіптік лицейлердің ұстаздары тәжірибе алмасу бағдарламасы бойынша Қазақстанға келіп кетті. Олардың пікірінше, еліміздегі кәсіптік білім беру жүйесінің табысты болуына үш себеп бар. Ол мемлекет тарапынан қолдау, толық техникалық қамтылу мен болашақ жұмыс берушімен байланыс. 

Бүгінде Қырғызстанда 101 кәсіптік лицей бар. Онда 40 мың өрен білім алып жүр. Соңғы жылдары елде кәсіби мамандарға сұраныс артып келеді. Алайда қаражаты жетіспейтіндіктен, лицей басшылары халықаралық ұйымдар мен донорлардан көмек сұрауға мәжбүр.

«Ал қазақстандық әріптестер жұмысымен танысу барысында барлық деңгейде қолдау көрсетіліп жатқанын байқадық» дейді.   

Соодат Жаманкулова, № 10 кәсіптік лицейдің директоры:

- Қазақстанда кәсіптік колледж директоры «жоқ» деген сөзді білмейді. Оларды толығымен муниципалитет деңгейінде қамтып отыр. Сауда-өндіріс палатасы жұмысын керемет атқарады, оқу орынын жұмыс берушімен байланыстырып, құрал-сайманмен жабдықтау және кабинеттерді жөндеу мәселелерін шешеді.

Қазіргі кезде Қырғызстан парламентінің депутаттары 7-9 сынып оқушылары үшін техникалық білім беруді міндеттеу жөнінде заң жобасын қарастыруда. Бұл жергілікті кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі жаңа стандарттарға сай болуы тиіс дегенді білдіреді. Осы тұрғыда қазақстандық тәжірибе пайдалы болуы әбден мүмкін. Қырғызстандық ұстаздар осындай шараларда ең бастысы біліктілік арттыру дейді. 

Тамара Сосновская, кәсіптік білім беру қызметкерлері қауымдастығының төрайымы:

- Өзге елдерде бұл жүйе қалай жұмыс жасайтыны, не енгізіліп жатқаны туралы білетініміз аз. Осындай тәжірибе алмасу тек жетекшілер деңгейінде ғана емес, кең ауқымда өткізілу керек деп санаймын.

Сапар барысында кәсіптік лицейлер мен колледждердің басшылары ынтымақтастық туралы бірнеше меморандумға қол қойды.

Авторы: Бақыт Чермашев

Телеканал Хабар 24