378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС

Елімізде қандай мамандықтар сұранысқа ие

  • 346
  • UPD: 14:57, 21.02.2019

Жыл сайын еліміздің нарығы 260 мың жас маманмен толығады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Алайда олардың барлығы бірдей оқу орнын бітірген соң өз мамандағы бойынша жұмыс істемейді.

Елімізде оқу орнын бітірген түлектердің 70 пайызы өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. Бұл – былтыр жүргізілген сараптаманың нәтижесі.

Алайда осыдан 5 жыл бұрын түлектердің дені өз мамандығымен еңбек етуге ұмтылмайтын. Ал қазір алдымен меңгерген кәсібі бойынша жұмыс іздейді екен.

Тахир Аслялиев, «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ вице-президенті: 

- Біз 2016-2017 жылдар аралығында жоғары оқу орындарын тәмамдаған 200 мың жас маман мен 300 мың колледж түлегіне зерттеу жүргіздік. Білім және ғылым министрлігі ұсынған жеке құжаттарды қарай келе, олардың зейнетақы жинағын тексердік.

Зерттеудің нәтижесінде экономика және бизнес саласына машықтанған түлектердің көрсеткіші жақсы болып шықты. Одан кейін бұл тізімді білім саласы мен техникалық мамандықтар, ғылым мен технологтар жалғайды. Ал құқық саласы ең соңғы орында. Басты себеп, бүгінде нарықта заңгерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері және судьялардың қаптап кетуі.

«Сондықтан да оларға сұраныс төмен», – дейді сарапшылар. Бірақ мектеп бітірушілер мамандық таңдауда нарықтың сұранысын ескере бермейді. Кейіннен жұмыс таппаған соң, басқа кәсіппен шұғылдануға мәжбүр.

Осындай жағдайға тап болғандардың бірі – Азамат Қаппасов. Заңгер мамандығын меңгерген ол бүгінде фитнес-жаттықтырушы болып еңбек етіп жүр. Ал 4 жыл оқып қол жеткізген дипломы босқа жатыр.

Азамат Қаппасов, фитнес-жаттықтырушы:

- Мен заңгер болғым келді. Алайда оқу бітірген соң мамандығым бойынша жұмысқа орналаса алмадым. Себебі, жұмыс берушілер тәжірибелі мамандарды жұмысқа алғылары келеді. Бірақ оқу орнын енді бітірген жас маманда тәжірибе қайдан болсын? Сосын жаттықтырушы болуды шештім. 12 жыл бойы бокспен айналысқан мен үшін мұнда ешқандай қиындық туған жоқ.

Азамат сияқты оқуды енді бітірген жастарға тәжірибенің жоқтығы енді кедергі болмауы керек. Ол үшін жоғары оқу орындары арнайы бағдарламалар қабылдап жатыр. Оның аясында студенттер білім алып жүріп болашақ жұмыс берушілермен байланыс орнатады.

Мирас Дәуленов, ЖОО өкілі:

- Қаржыгер мамандығы бойынша көптеген университеттерде оқып, диплом алуға болады. Бірақ оның білімі төмен болуы мүмкін. Әлемде қаржыгерлердің білімін зерттейтін халықаралық сертификаттар бар. Жұмыс берушілер үшін дипломға қарағанда мұндай қағаздардың маңызы жоғары. Біз осындай халықаралық ұйымдармен байланыс орнатып, олардың талаптары бойынша мамандарды дайындауға келістік. Ол үшін оқыту бағдарламасын түбегейлі өзгерттік.

Бүгінде оқу орнын бітірген қаржыгерлерге сұраныс арта түсті. Білім ордасы барлық мамандарды осы тәжірибе бойынша оқытып жатыр. Нәтижесінде былтыр түлектердің шамамен 90 пайызы өз мамандықтары бойынша екі қолға бір күрек тапты. Ал қалған 10 пайыз жұмыссыздардың қатарында болмас үшін мамандық таңдауда нарықтың сұранысын ескергені абзал.   

Авторлары: Назерке Әбдірахманқызы, Зарина Бейсембина, Наурыз Базаров

Телеканал Хабар 24