378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС

Нью-Йорк университетінде қазақстандық «Номад» клубы ашылды

  • 287
  • UPD: 23:46, 01.03.2019

Нобель сыйлығының 30 лауреаты мен Оскар жүлдесінің 19 иегері білім алған оқу орнына түсу көпке бұйыра бермейтін бақыт. Миллиондаған адам бұл жерде тәлім алуды армандайды. Енді осы беделді білім ордасында Қазақстанның тарихымен танысуға болады.

1831 жылы ашылған Нью-Йорк университетінде әлемнің әр қиырынан келген 50 мың студент білім алады. Олар еліміздің Номад клубының ашылу салтанатының куәсі болды. Шетелдік студенттер енді осы жерде Ұлы даланың өнері мен мәдениеті және салт-дәстүрімен танысады. Салатанатты шарада қазақтың мың бұралған бишілері өнер көрсетіп, көрермендерді тәнті етті. Әсіресе Арай Найманның кербез қимылы ерекше назар аудартты.

Дархан Мұңайтпасов, «Nomad» клубының президенті:

- Бұл клуб тек ғанақазақстандық студенттердің бір-бірімен араласуы емес және де Қазақстанның мәдениеті, Қазақстанның дәстүрі және де Қазақстанның табиғаты мен тамағы туралы білу үшін құрылған клуб. 

Қонақтар  кітап көрмесін аралап, еліміздің көрікті жерлерімен танысып,  ұлттық тағамдарымыздан дәм татты. "Білім ордасынан шықпай-ақ, Қазақстанға саяхаттағандай болдық",- дейді олар. Шара барысында «Go-Nomads» жобасының тұсауы кесілді. Бұл бастама кез-келген адамға елімізге сапар жасап, Қазақстанның  қалаған аймағында ағылшын тілін үйретуге мүмкіндік береді. 

Фил Опаола, студент:

- «Номад» клубының ашылуы керемет өтті!  Қазақ мәдениетінің түрлі тұстарын көріп, қазақстандықтар өз елін мақтан тұтатынына көзім жетті. 

Номунбилег Сухболд, моңғолиялық студент:

- Бұл өте қызық шара, Қазақстан және оның мәдениеті, ұлттық тағамдары жөнінде көбірек білуге мүмкіндік берген. Болашақта осындай қазақ кештері жиірек өтсе екен дейміз. 

Нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра. Кешке келген қонақтар күмбірлеген аспаптан қазақтың әуезді әуендерін тыңдады. Шараға келген дипломатарымыз да клубқа қолдау көрсетіп, болашақта осы жерде еліміздің мәдениетін дәріптейтін мағыналы кештер ұйымдастыруды ұсынды.

Жәнібек Әбдірашев, Қазақстанның Нью-йорктегі бас консулы:

- Дархан мен Айнұр қазақстандық студенттер тобын жинап, осы клубты ашты. Бұл туризммен қатар түрлі салаларда байланыстарды дамытуға жол ашады. Осындай ұйым университетте алғаш рет құрылып отыр. Бұл  платформа университет инфрақұрылымының негізінде қазақстандық шараларды өткізуге мүмкіндік береді.

Нью-Йорк университеті «Номад» клубына қазақ тілін оқытуға арналған арнайы аудиториялар бөлді. Қазірдің өзінде кей шетелдік студенттер тілімізді меңгеруге ниет білдірген.

Габриел Мендес, венесуэлалық студент:

- Өзім Венесуэладанмын, мен үшін таңғажап елді ашқан қазақстандықтарға шын жүректен алғыс айтқым келеді. Мәдениеттеріңіз бен дәстүрлеріңіз туралы аз білетінмін. Біз бірігіп, бірге болумыз керек деп санаймын. 

«Номад» клубының ашылуы жастар жылымен тұспа-тұс келді. Американың ең ірі қаласында білім алып жүрген қазақ жастары енді осы орталықты дамытуға өз үлестерін қоспақшы.

Авторлары: Майра Әбдірахманова, Ренат Садыров

Телеканал Хабар 24