БҚО-да мектеп асханалары жұмысын бастады

Батыс Қазақстан облысында кейбір мектептердің асханасы жұмысын қайта бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Санитарлық талаптарға сәйкес тамақтану орнындағы адам саны 30 проценттен аспауы тиіс.

Дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатында 352 бала штаттық режимде оқып жатыр. Оралда әзірге осы білім ордасында ғана асхана ашылды. Былтырғы тендер жеңімпазы жұмысын жалғастырады. Екіжақты келісімшарт мерзімі 3 айға ұзартылған. Асханада санитарлық талаптар күшейтілді. Аспаздар медициналық бетперде киюі тиіс. Жасөспірімдер тамақтану орнына арнайы кесте бойынша кезекпен барады. Әрбір үстелде 2 адамнан артық отыруға болмайды.

Аягөз Хамзина, мектеп директоры:

– Бастауыш сыныптар түгелдей, 114 бала ыстық тамақпен қамтылып отыр. Тұрмысы төмен, әлеуметтік жағдайына байланысты 4 оқушымыз және интернаттағы 69 бала осы жерде тамақпен қамтамасыз етіліп отыр. Барлық санитарлық-гигиеналық талап сақталған. Арақашықтық сақталып отыр.

Оқушыларды ыстық тамақпен қамту әрбір елді мекендегі эпидахуалға байланысты жүргізіледі. Қазір облыста 93 мектептің асханасы жұмысын бастады. Тағы бірнеше білім ордасында тамақтану орнын ашу жоспарланып отыр. Тек 2 ауданда бұл бағыттағы жұмыстар тоқтап тұр.

Үміт Жәңгірова, облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы:

– Бөрлі және Шыңғырлау ауданынан басқа аудандардың білім беру бөлімдері қазіргі таңда жергілікті санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларымен бірлескен түрде жұмыстар атқаруда.

Бастауыш сынып оқушылары мен әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары ыстық тамақпен тегін қамтылады. Мамандардың айтуынша, асханаларда әзірге санитарлық талаптардың бұзылу дерегі тіркелген жоқ.

Авторлар: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов