«Кәсіби бағдар» жобасы: 20 мыңнан астам оқушы болашақ мамандығын анықтады

Еліміздің барлық өңірлерінен орта мектептердің 20 586 оқушысы «Кәсіби бағдар» жобасы аясында 5 бағыт бойынша 85 түрлі тренингтен өтті: «Тиімді коммуникациялар, шешендік шеберлік», «Жобалық ойлау», «Кәсіби бағдарлау және мансаптық траекторияны құру», «Эмоционалды интеллект», «Командалық жұмыс».

Тренингке қатысушылар жобалық менеджмент, жобаларды басқару, бюджеттік жоспарларды құру негіздерімен танысып, шешендік өнер бойынша өз дағдыларын жетілдірді, сондай-ақ өз қабілеттері мен мақсат-мүдделерін ескере отырып уақыт үрдістеріне сәйкес мамандық таңдау бойынша шешім қабылдау дағдыларын меңгерді.

Жобаның басты мақсаты – қазіргі заманда сұранысқа ие мамандықтарға жастардың дағдылары мен бейімділігін арттыру.

Жыл соңына дейін «EduNavigator» кәсіби бағдар беру платформасы базасында онлайн-режимде орта мектептердің кемінде 20 мың оқушысына психологиялық диагностика мен тестілеу жүргізу жоспарлануда.

Сонымен қатар жоба аясында экономиканың жетекші салаларының мамандарымен және Қазақстан мен шетел университеттерінің жетекші жоғары оқу орындарының түлектерімен онлайн-кездесулер өткізіліп, мамандық таңдау мәселелеріне арналған бейнероликтер әзірленді.

Жобаның негізгі серіктестері: ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы түлектерінің қауымдастығы, «BTS Education» және «International Academy of Emotional Intelligence» компаниялары.

Естеріңізге сала кетейік, «Кәсіби бағдар» жобасын «Азаматтық және құқықтық бастамаларды дамыту» Қоғамдық қоры ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының қолдауымен жүзеге асыруда.