378,17 430.15 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС

Үсік шалғанда алдымен не істеу керек?

  • 521
  • UPD: 16:19, 28.01.2019
Үсік шалғанда алдымен не істеу керек?

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы үсіктен сақтану бойынша кеңес берді.

Ең алдымен, үсік шалу белгілері бар науқасты жылы жайға жеткізіп, аяқ киімін, шұлығын және қолғабын шешу керек. Дереу жедел жәрдем шақырту қажет. І дәрежелі үсік шалғанда үсіген тері қабатын қызарғанша жылы алақанмен жылытып, уқалау қажет, жүн матамен, демнің жылуымен жылытып, соңынан мақта-дәкемен таңады. Зардап шеккен жанға ыстық ас, ыстық шай беруге болады. Және аспирин мен анальгин берген жөн, ол қан тамырларын үлкейтіп, қанның жүруін жақсартады. Науқасты жылыту мақсатында ішімдіктер беруге, сонымен қатар үсуге ұшыраған тері аумақтарын интенсивті түрде қармен, маймен, спиртті ерітінділерімен уқалауға мүлдем болмайды.

Үсіген адамды алдын ала жылы температурада жылытып алмай, ыстық сулы ваннаға салуға әрекет етпеңіз. Науқасты жылыту мақсатында лаулап тұрған отты пайдалануға тыйым салынған. ІІ-ІV дәрежелі үсік шалғанда тез жылыту, массаж немесе уқалау жасаудың қажеті жоқ. Зақымдалған жерге жылу шығармайтын дәке таңу қажет (қабатталған мата, қалың мақта қабаты, тағы да мата, үстінен клеенка немесе резеңке мата). Сол себепті де бірден жедел жәрдем шақырыңыз. Көбінесе қорғалмаған қол, бет, құлақ үсікке шалынады.

«Үсіктен қорғану мақсатында кең және жылы киінген жөн. Аяқ киім кең болғаны жақсы, егер бақайларыңыз аяқ киім басына тиіп тұрса, ауа айналмайды да аяғыңыз тонып, үсіп кетуі мүмкін. Және су өткізбейтін табаны қалың аяқ киім киген абзал. Аязда темір, күміс, алтын әшекейлер тақпаған дұрыс. Құлақ пен бетіңізді міндетті түрде жауып жүріңіз. Мұрын адам денесіндегі ең тез тонатын мүше, қатты суықта тек мұрынмен демалыңыз. Ішімдік ішпеңіз, ол денеге жылығандай әсер етеді, бірақ олай емес. Дұрыс ауқаттанған жөн. Ас жылу береді. Тонсаңыз, ыстық шай ішіңіз немесе ыстық ас ішіңіз. Темекі тартпаңыз, әсіресе аязды күні. Темекі қан айналымын нашарлатады.», – деп кеңес береді Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы.

Ақпарат көзі: astana.gov.kz

Телеканал Хабар 24