377,65 427.65 5.89
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС

Қатты аязда көліксіз қалмау үшін не істеу керек?

  • 379
  • UPD: 21:15, 06.02.2019

Астана жұртын ақпанның аязы әбден әлекке салды.

Бұрқасын буып тастаған соң, кей адам көліктерін көшеге қалдырып кетуге мәжбүр болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ қатты аяздан темір тұлпарлары қатып, ертесі оталмай қалыпты. Ал көлік қыздыруды кәсіп көзіне айналдырғандар бұл күні бағаны да аспандатып жіберген. Қызметтеріне кемі 15 мың теңге сұрайды. Ал қалтасында мұндай қаржысы жоқтар қара суықта қаражаяу қалған.

Сақырлаған сары аяз Мәдина Әбдуованы да әуре-сарсаңға салған. Кеше жұмыс күні біткен соң, көлігін оталдыруға шыққан екен. Бірақ қатты аяздан темір тұлпары қатып қалған. Қырсық қылғанда, көмек көрсетер жан да бірден табыла қоймапты.

Мәдина Әбдуова, қала тұрғыны:

– Көлігімді ұзақ оталдыра алмай тұрдым. Сол кезде маңайдан бірнеше жас жігіт өтті. Олардан көмек сұрап едім, сөзіме құлақ аспады. Арада бірнеше уақыт өткенде ғана қарт кісі келіп, жағдайымды сұрады. Қанша тырысқанымен, ол кісі де көлігімді оталдыра алмады. Амалым құрыған соң, көлікті осында қалдырып кеттім. 

Ақпанның аязында Мәдина сынды астындағы көлігінен айрылған жандар көп Астанада. Мұны білетін пысықайлар қызмет құнын да бір-ақ күнде өсіріп жіберген. Олар бір көлікті қыздырып беру үшін кемі 15 мың теңге сұрайды. Темір тұлпарларды жібітетін құрылғылар қымбат болған соң, құнды да өсіруге мәжбүрміз дейді олар.

Родион Архангельский, көлік жөндеуші:

– Қалада мұндай қызмет түрі 10-15 мың теңге тұрады. Одан да көп сұрайтындары бар. Өйткені көлікті қыздыратын құрылғылар қымбат. Меніңше, адамдарға қиын кезде көмектесу керек. Сондықтан мен көлікті жібітіп беру үшін 5-7 мың теңге аламын.

Қалтасында мұндай қаражаты жоқтар қаншама. Үскірік аяз әлекке салған соң, амалсыз көліктерін көшеге тастап кетуге тура келеді. Көлік қыздыратындар ондай жағдайға тап болмас үшін құнды кеңеске құлақ түрген абзал дейді.

Родион Архангельский, көлік жөндеуші:

– Көліктің майын уақытылы ауыстырып тұру керек. Аккумулятордың күшін тексеру қажет. Қысқа қалай қамдансақ, көлікті де солай баптаған дұрыс. Көп адам аяз түспей тұрып біраз шығындалатын шығар, есесіне қысты күні қамсыз жүреді. Олай етпеген жағдайда, шығынға белшесінен батуы мүмкін.

Мамандар суық күнде көлікті жиі оталдырып, қыздырып тұрған дұрыс дейді. Сол кезде қатпайды. Яки аккумуляторын жылы орынға қою керек, болмаса киізбен орап тастаған дұрыс. Өйткені биыл теріскейде қыс қытымыр мінез танытып тұр. Ауа райын болжаушылар мұндай суық әлі біраз күн сақталатынын айтады. Сондықтан оқта-текте опық жеп қалмау үшін алдын ала қамданған жөн.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Асхат Ниязов, Нұрғали Мамырбаев

Телеканал Хабар 24