378.87 423.00 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Мамырдағы мереке күндері елордада қандай шаралар өтеді?

  • 468
  • UPD: 23:48, 27.04.2019
Мамырдағы мереке күндері елордада қандай шаралар өтеді?

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай «Қазақ елі» монументінің алдындағы алаңда түрлі шаралар ұйымдастырылады.

Елорда тұрғындары мен қонақтары «Ынтымағы елімнің, Елбасының еңбегі!» музыкалық-хореографиялық қойылымын тамашалайды. Ашық алаңда «Терра», «Наз», «Туған жер» хореографиялық ұжымдары, «Алашұлы» тобы, «Z» триосы, сондай-ақ, қазақстандық опера мен эстрада жұлдыздары Сүндет Байғожин, Медет Чотабаев, Зарина Алтынбаева, Маржан Арапбаева және ағайынды Жүгінісовтер өз өнерлерін ортаға салады. Мерекелік театрландырылған қойылым Нұр-Сұлтан қаласының этно-мәдени бірлестіктерінің шығармашылық ұжымдарының концертімен жалғасады. Сонымен қатар жиналғандар алаңда ұйымдастырылатын белбеу күресі, арқан тартыс, гір көтеру, асық ату және қол күресі сынды ұлттық спорт түрлерінен күш сынасады.

Мұнан бөлек әрбір этномәдени бірлестік өзінің ұлттық тағамдарын әзірлеп, оларды жайылған ақ дастарқанға қойып, көпшілік назарына ұсынады. Осы мақсатта алаңда галерея түрінде шатыр конструкциясы орнатылады. Мерекелік дастарқанның ұзындығы 50 метрді құрайды. Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған мерекелік шара «Қазақ елі» алаңында сағат 10:00 мен 16:00 аралығында өтеді.

Осы күні сағат 12:00-ден 18:00-ге дейін әкімдік алдындағы Қалалық алаңда (Бейбітшілік к-сі мен Абай даңғ. бұрышы) танымал эстрада әншілерінің концерті өтеді. Сахна төрінде Қанат Үмбетов, Газизхан, Ернар Айдар және т.б. жұлдыздар өнер көрсетеді. Мерекелік концерт жүргізушілері – белгілі шоумендер Азамат пен Антон және Дәурен Әмреев. Сондай-ақ, мереке қонақтары асық ату, арқан тартыс, гір көтеру және қол күресінен жарыстарда бәсекеге түседі.

Сонымен қатар 1 мамырда сағат 17:00-де EXPO Конгресс орталығында композитор Арман Дүйсеновтың «Арман достығы» атты шығармашылық кеші өтеді. Концертке Роза Рымбаева, Нұржамал Үсенбаева сынды танымал орындаушылар, «МузАРТ» тобы, Толқын Забирова, Жамиля Серкебаева, «Нұр-Мұқасан», Тоқтар мен Бейбіт, Индира Елемес, Маржан Арапбаева, Айгүл Қосанова, Ерлан Рысқали, Әйгерім Қалаубаева және шақырылған шетелдік артистер қатысады. Билеттер www.topticket.kz сайтында онлайн және қалалық кассаларда («Keruen city» СОСО, «Керуен» СОСО, «Астана» концерт залы, «Жастар» сарайы) сатылады. Билеттер құны: 2000-8000 теңге.

Мұнан бөлек елордалық театрларда, музейлерде және басқа да мәдени мекемелерде Қазақстан халқының бірлігі күніне орайластырылған тақырыптық көрмелер, спектакльдер, концерттер мен спорттық жарыстар ұйымдастырылады. Жалпы, Нұр-Сұлтан қаласында 20-дан аса шара өткізіледі деп жоспарланып отыр. Шаралар кестесімен Мәдениет және спорт басқармасының сайтынан https://madeniet-sport-astana.kz танысуға болады. 

Ал 1 мамыр мерекесінен кейін елордалықтар 7 мамыр – Отан қорғаушы күні мен 9 мамыр – 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні мерекелерін тойлайды.

7 мамырда мерекеге орай әкімдік алдындағы Қалалық алаңда ашық аспан астында дискотека форматында бес сағаттық концерт ұйымдастырылады. Мәдина Сәдуақасова, Бейбіт Құшқалиев, Ayree, «Заман», «3038»  тобы, Раим мен Артур елордалықтарды Отан қорғаушы күнімен құттықтайды. Концерт сағат 17:00-де басталып, 22:00-де аяқталады. Жеңіс күнін мерекелеу аясында 8 мамырда сағат 10:00-де Орталық қалалық зиратта Ұлы Отан соғысында қаза болған жауынгерлердің зиратына Даңқ гүл тізбегін және гүл себеттері қойылады. Сонымен қатар, осы күні «Астана» концерт залында «Отан деп соққан жүрегі...» концерті өтеді, онда соғыс жылдарындағы әндер орындалмақ. 9 мамырда сағат 11:00-де «Отан қорғаушылар» монументіне «Даңқ гүл тізбегін» қою салтанаты өтеді. Ал, «Студенттік» саябақта 11 әскери палатка тігіліп, соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері үшін мерекелік дастарқан жайылады. Сондай-ақ, мерекелік концерт барысында соғыс жылдарындағы әндер шырқалады. Мұнымен қоса, «Жаужүрек полк - Бессмертный полк» шеруі өтеді. Шараға қатысушылар сағат 12:30-да «Қазақ елі» монументінің жанында жиналады, шеруге қатысушылар Тәуелсіздік даңғылынан «Отан қорғаушылар» монументіне дейін жүріп өтеді. Жеңіс күніне арналған мерекелік отшашу 9 мамырда сағат 23:00-де Есіл өзенінің жағалауында болады.

Телеканал Хабар 24