379.54 427.25 5.93
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Ресейлік туристердің «Шымбұлаққа» қызығушылығы артты

  • 185
  • UPD: 23:34, 18.03.2019

Сочиде «Шымбұлақ» тау-шаңғы шипажайының күндері өтті, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Бұл шара Қазақстан мен Ресейдің туристік саладағы өзара әрекеттесу жобасы аясында ұйымдастырылған. Биыл қаңтар айында «Роза Хутор» және «Шымбұлақ» кешендері шипажайлардың танымалдығын арттыру, тау туризмі мен белсенді демалысты және салауатты өмір салтын насихаттау турасында өзара ынтымақтастық орнатуға келіскен болатын.

2014-жылғы Олимпиада ойындарына арнайы салынған Роза Хутор кешені алты мәрте Ресейдің ең үздік тау-шаңғы шипажайы болып танылған. Инфрақұрылымы жақсы дамыған және техникалық жабдықталуы да сапалы. Бірақ тау-шаңғы жипажайы үшін ең бастысы – қар мен ауа райы. Осы жағынан Шымбұлақтың біраз артықшылығы бар. Мұнда қысқы маусым ерте басталып, ұзаққа созылады. Қары да шаңғы тебуге ыңғайлы. Қос кешен ынтымақтасып, туристерді өзіне тарту үшін бірлесіп жұмыс істеуді шешкен. Сочидегі «Шымбұлақ» күндері – осы келісім аясында ұйымдастырылған алғашқы шара. 

Ержан Еркінбаев, «Шымбұлақ» шипажайының бас директоры:

- Біз бірдей құрал-жабдықты пайдаланып жүрміз, бұл – қар тығыздайтын және тауға көтеретін техника. Біріксек, осы техниканы жеткізушілерімен келіссөздеріміз тиімді болмақ. B2B форматында бірқатар кездесу жүргіздік. Бұл негізінен туроператорлар арасында келіссөздер болған. Турпакеттер дайындау жөнінде ойларымыз бар.

Аркадий Марков, «Роза Хутор» шипажайы халықаралық қатынастар бөлімінің бастығы:

- Бұл арнайы ұсыныс, шипажайлардың бірінде скипас сатып алып, екеуінде де шаңғы тебуге болады. Бұл бағдарлама Қазақстаннан Ресейге және кері бағытта да туристерді жіберуді көздеп отыр. 

Екі шипажайға бірыңғай электронды рұқсат құжат құруды шаңғышылар мен сноубордистер де қызу қолдап отыр. Бұл жобаны келесі қысқы маусымда жүзеге асыру жоспарланған.

Алексей Дементеенко, турист:

- Онлайнда «Роза Хуторға» маусымдық скипасс сатып алып, Шымбұлақта шаңғы тебу керемет болар еді. Қазір Шымбұлақтағы қар сапасы едәуір жоғары. 

Қазақстанның туристік мүмкіндіктері Сочиде таныстырылды. Ресейліктерге Шымбұлақтың шаңғы трассалары виртуалды түрде көрсетілді.

Сергей Андреев, турист:

- Бұл жерде трассалар тар болса, «Шымбұлақта» шаңғы тепкенде өзіңді ұшқандай сезесің. Өте кең, бүкіл дүние аяқ астында жатқандай. 

Алексей Олейников, турист:

- Сізде өте қызық екен, әрине барамыз. Мамыр айында келетін шығармыз. 

Қазақстан мен Ресей өткен жылы туризмді дамыту бойынша бірлесіп жұмыс істеуге келіскен болатын. 2018 жылы елімізге 1 млн 700 мың ресейлік турист келген. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 2% артық.

Авторлары: Дана Нұржан, Александр Любителев

Телеканал Хабар 24