378.01 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Ертіс өңірінде ашылатын зауыттар қарапайым заттар экономикасына себепкер болады

  • 155
  • UPD: 21:53, 27.04.2019

Қасым-Жомарт Тоқаев Павлодар облысына жұмыс сапарымен барды. Мемлекет басшысы өңірдегі іргелі кәсіпорындар мен бірқатар әлеуметтік нысанды аралады.

Айтап айтқанда, Қазақстан электролиз зауыты мен Павлодар мұнай-химия зауытына барып, жұмысшылармен жүздесті. Сондай-ақ жастарды қолдау орталығында аймақтың белсенді жастарымен және дарынды оқушылармен кездесті.

Гүлжан Марқабаева, тілші: 

- Павлодар – өндірісі өркен жайған өңір. Облыс экономикасының тең жартысы, яғни шамамен 50%-ы өнеркәсіп саласына тиесілі. Бұл аймақтар арасындағы ең жоғарғы көрсеткіш. Географиялық жағынан да маңызды шекаралық аймақ. Солтүстігінде Ресейдің қос облысымен, шығыста Алтай өлкесімен шектесіп жатыр. Сондықтан, аймақтарға сапары барысында президенттің Павлодарға бұрылмауы мүмкін емес еді.

Ұшақтан түсісімен президент аялдаған жоқ, бірден жұмысқа кірісті. Алғашқы нысан Қазақстан электролиз зауыты. Мұнда жылына 250 мың тонна таза әрі жоғары сұрыпты алюминий құймалары шығарылады. Қазақстандағы алғашқы әрі әзірге жалғыз зауыт.

Мына алюминий құймалары конвейерден енді ғана шыққан, жып-жылы күйінде экспортқа жіберіледі. Әлем елдері қазақстандық алюминийді ұшақ жасауда кәдесіне жаратып отыр. Кәсіпорын бүгінде өз өнімін берІсі Өзбекстан мен Ресей, әрісі АҚШ, Бразилия, Италияға жеткізеді. Зауытта екі жарым мың адам жұмыс істейді. Облыс жұртшылығы президенттің аймаққа алғашқы сапарында онымен жүздесу үшін мына аңшаҢқай залға жиналды. Павлодар облысының тарихынан тамыр тарта отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдің жетістіктеріне жеке тоқталды. Өңірде 1 трлн теңгенің 90 жобасы сәтімен жүзеге асты. 9,5 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Бірақ кез келген экономикалық көрсеткіштің артында қарапайым қазақстандықтардың әл-ауқаты тұрғанын еске салды Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Бұл үкімет пен әрбір әкім жұмысының басты көрсеткіші. Сондықтан келесі мәселелерге ерекше көңіл аударуды тасырамын. Біріншісі, ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтудың ең төмен көрсеткіші осы Павлодар аймағында. Бұл мәселе кеше не бүгін пайда болған жоқ. Көп жылдар бойы алаңдатып отыр. Оны тез арада шешу керек. Республикалық бюджеттен қаржы бөлінеді, бірақ ол тиімді жұмсалып жатыр ма? Жуық арада осы мәселені шешумен айналысамыз. Бұл ретте есеп комитеті қатаң бақылау жүргізуі тиіс.

Мемлекет басшысы өңірге тән төрт проблеманы шешуді тапсырды. Соның бірі, экология. Аймақта өндіріс ошақтарынан бөлінетін улы заттардың көлемі жыл сайын артып келеді. 2018 жылы ол 716 мың тоннадан асып кеткен. Өткен жылмен салыстырғанда 16% Мемлекет басшысы мән берген тағы бір мәселе - жастармен жұмысты күшейту, халықты еңбекпен қамту, экономиканы әртараптандыру.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Электролиз зауытының екінші кезеңінің құрылыысына үлкен үміт артып отырмыз. Бұл жоба 2023 жылға дейін 150 млрд теңге инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Алюминий өндірісі екі есе артып, бір жарым мың жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл бізге өте қажет. Аграрлық саланы да дамыту қажет. Қант және крахмал зауыты Елбасы айтқан қарапайым заттар экономикасын құруға сеп болады.

Президент барған екінші нысан Павлодар мұнай-химия зауыты. Бұл еліміздегі үш мұнай өңдеу зауытының бірі.

Гүлжан Марқабаева, тілші:

- Мұнда жылына 5,1 млн тонна мұнай өндіріледі. Яғни көлікке бензин, ұшаққа керосин, жылу қазандығына мазут, құрылысқа битум өндіріледі. Зауыт ішкі нарықтың 60%-ы бір өзі қамтамасыз етіп отыр.

Технологиясы жағынан Қазақстанда ғана емес, ТМД төңірегінде соңғы үлгімен жабдықталған озық өндіріс ошағы. 2017 жылы зауыт модернизациядан өткен. Өткен жылы өзінің 40 жылдығын атап өткен зауытта 1500-ден астам адам қызмет етеді. Бір аңғарғанымыз МҰНДА жас мамандардың көптігі.

Ерлан Самұратов, мұнайды бастапқы өңдеудің қондырғы бастығы:

- Жылына екі миллион үш жүз тоннадай дизель отынынын шығарамыз, үш жүз жиырма мыңдай керосин отынын шығарамыз. Жалпы орталық Қазақстан, Шығыс Қазақстан аймағын дизельді отынмен қамтамасызз етеміз. 2017 жылы жаңғырту бағдарламасы аясында қондырғымыз жаңарып, жаңа технологиялар енгізілді.

Мемлекет басшысы сол жастарға сәттілік тіледі.

Павлодар облысында 163 мың жас бар. Мына орталық сол жастардың мұң-мұқтажын, талап-өтінішін тыңдауға арналған. Қасым-Жомарт Тоқаевты жалынды, жігерлі жастар күтіп алды. Мемлекет басшысы Жастар жылында жастарды кәсіп құруға, белсенді болуға шақырды.

Президент Назарбаев зияткерлік мектебіне де барды. Бұл жерде білімімен дараланған дарындар оқиды. Үштілде еркін көсілетін олар мемлекет басшысымен әлем тілінде еркін әңгімелесті.

Оқушылар президентке робот көрмесін таныстырды. Қазақтың техникаға ебі жоқ дейтін түсінікті түбегейлі өзгерткен бұл таланттарға Қасым-Жомарт Тоқаев тілегін жеткізді.

Мемлекет басшысы Павлодарда осылай бір күн аялдады. Жұмыс сапары барысында еңбекшілермен де, оқушылармен де кездесті. Өңір басшыларына талап та қойды. Ол бюджетті ұқыпты жұмсау, популизмге жол бермеу. Міндет бар және ол ортақ деген президент Ертіс елінің ертеңгі күнге деген сенімін нығайтып барып аттанды.

Телеканал Хабар 24