378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Сербиялық инвестор еліміздегі қағазбастылық туралы шағымданды

  • 231
  • UPD: 14:25, 29.04.2019

Қазақстанда шетелдік инвесторларға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл мәселеге Премьер-министр соңғы екі Үкімет отырысында баса назар аударды.

Осы мақсатта біраз жұмыс атқарылды. Дегенмен, әттеген-ай дейтін тұстар да жетерлік.

Шамамен екі ай бұрын Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне қарасты жобалық кеңсеге сербиялық инвестор жүгінген. Ол Қазақстанның бас қаласындағы аудандардың бірінде ауқымды құрылыс жобасын жүзеге асырмақ болған. Алайда инвесторлық визаға уақытылы қол жеткізе алмапты. «Оған себеп бітпейтін бюрократиялық процестер» дейді сербиялық кәсіпкердің еліміздегі өкілі. 

Нұрлан Боранбаев, сербиялық компанияның Қазақстандағы өкілі:

- Заң бойынша, біз инвесторлық визаны 1,5 аптаның ішінде алуымыз керек еді. Алайда бұл процесс бір айға дейін созылып кетті. Инвестор үшін уақыттың қаншалықты маңызды екенін білесіздер. Сондықтан бизнестің және инвесторлардың мүддесін қорғайтын жобалық кеңсенің көмегіне жүгіндік. Визаға қол жеткіздік. Кей жағдайларда заң нормаларын мемлекеттік мекемелер мен бизнес өкілдері екі түрлі қабылдайды. Бұл кеңсе осындай жағдайлардың алдын алуға көмектеседі. 

Осылайша бұл инвестор 30 гектар аумақты қамтитын құрылыс жобасын қаржыландырмақ. Жалпы өз құқығын талап етіп, тиісті мекемеге жүгінетін кәсіпкерлер аз емес. Мәселен, соңғы 10 айда жобалық кеңсеге 500-ге жуық шағым түсіпті.

Айдос Мамыт, бизнес пен инвестицияларды сыбайлас жемқорлықтан қорғау жобалық кеңсесінің менеджері:

- Инвестициялық жобалар іске асырылып жатқан кезде немесе іске асыратын кезде жергілікті мемлекеттік органнан жер телімдерін алуға байланысты. Бұл біріншіден. Екіншіден, өте жиі кездесетін сұрақтар бұл рұқсат қағаздарын алу бойынша. Үшінші топ жарып тұрған сұрақтардың бірі инвестициялық виза мәселесі.

Жазира Жылқышиева, ҚР МҚІСЖҚІА Нұр-сұлтан қаласы бойынша департамент басшысы:

- Орталық біздің Елорда болғаннан кейін барлық облыстарда, барлық аймақтарда жүргізіліп жатқан жобаларға сүйемелдеу жасап келеміз. Бүгінгі таңда өздеріңіз білесіздер, 308 жобаны 11,8 триллион теңгеге осындай сүйемелдеу жүріп жатыр. 

Қазақстандық және шетелдік инвесторлардың мүддесін қорғайтын фронт-кеңселер еліміздің барлық аймағында бар. Оларда 140-тан астам маман қызмет етеді. Қадағалау қаншалықты күшті жүргізілгенімен, құзіретін пайдаланып, заңды белден басатындар да жоқ емес. Мәселен, 10 айда 17 мемлекеттік қызметкер әкімшілік, тағы 40-тан астамы тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Нұрғали Мамырбеков

Телеканал Хабар 24