Астана әуежайы жаңа қызмет түрін іске қосты
Рейс алдындағы ұзынсонар кезекте тапжылмай тұруға екінің бірінің төзімі әрең жетері анық.
Нұрсұлтан Назарбаев әуежайының әкімшілігі бұл мәселенің шешімін тапты. 2021 жылдың мамыр айында fast track қызметін іске қосты. Яғни тіркеу залында сарылып күтпей, жедел жолақ арқылы өтуге болады.
Төлеген Орынбаев, жолаушы:
- Жолдарыңыз болсын! Қай жаққа тарттыңыздар?
- Қостанайға жол жүріп бара жатырмыз.
Жылына 4-5 рет Қостанай жүреміз. Балалаларым сонда тұрады. Сосын қайтып келеміз Астанаға. Үлкен балам Қостанайда тұрады. Қазір бізді қарсы аламыз деп жатыр ғой.
Төлеген ақсақал Қостанайдың Жітіқара ауданында өсіп-өнген. Елордаға қазық қаққалы он екі жылдан асыпты. Бүгін Күләй анамызды ертіп, туған жеріне тартып барады. Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайындағы fast track қызметіне жиі жүгінеді. Бұл жолы да жоғары баға берді.
Fast track – жедел өту жолағы. Яғни алтыннан қымбат уақытыңызды кезекте тұрып жоғалтпайсыз.
Руслан Масғұтов, жолаушылар тасымалы қызметінің аға агенті:
- Fast track тек Астана қаласында енгізілген. Әдеттегідей жолаушы тіркеу үшін, тексеру үшін 15-20 минут кетеді. Ал fast track қызметінде тек қана 5-10 минут. Осы күнге дейін мың шақты адам қызметін пайдаланған. Бір адамға 4 мың теңге болады.
Fast track екі жыл бұрын іске қосылды. Қызметі ақылы. Ал мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тегін. Осы уақыт ішінде бұл санаттағы 17 мыңнан астам адамға қызмет көрсетіліпті. Туристер де тұрақты келеді.
Әсет Төлеуов, авиациялық қауіпсіздік қызметінің аға инспекторы:
- Рейстердің ұшуына байланысты, бірнеше рейс қатар болған кезде ол жерде кезек пайда болады. Сол кезектен бұл fast track-тің артықшылығы сол кезекте тұрмай, осы fast track-тен өтіп кетуге болады.
Әлемдік деңгейге қол созған әуежайда бұл сервис міндетті түрде болуы тиіс. Жедел жолақ әзірге ішкі рейстерге ғана қызмет етеді. Ал келешекте еліміздің өзге өңірлерінде де пайда болуы бек мүмкін.
Нұрқанат Қанапия, Ербол Дайыров