Алматылық шебердің қолынан шыққан қуыршақтар шетелде сұранысқа ие

Алматылық қолөнер шебері адамның фотосуретіне қарап қуыршақ тігеді, деп хабарлайды 24kz.

Есту қабілеті тумысынан нашар ісмер 400-ден астам қуыршақ жасаған. Туындылары елден бөлек, шетелде де танымал.

Алмас Садуақас, тілші:

- Жанардың шеберханасы түрлі шүберек маталарға, ине-жіп пен қуыршақтарға толы. «Күз қызы» тақырыптық жұмысы бірден көзге түседі. Бұл қолөнерші коллекциясының бір бөлігі ғана. Әрбір қуыршақ бірегей және кішкене бөлшектерге де ерекше мән беріледі. Жанар Ұрсарова үш баланың  анасы. Жолдасы Хайратхан Шонку грек-рим күресінен сурдлимпиада ойындарының чемпионы.

Шебер алғашқы қуыршағын қызына тігіп берген. Қуыршақтың керемет шыққанын көрген достары балаларына сондай ойыншық жасап беруін сұрайды.

Жанар Ұрсарова, тігінші:

- 2017 жылы интернеттен ерекше қуыршақ көрдім. Ол маған қатты ұнады. Қолөнерге бала кезден әуеспін. Сол әуестігім кәсіпке айналды.

Жанар бала кезінен шығармашылық қабілетін танытты. Он жасында анасы Барби қуыршағын сыйлаған. Қуыршақтың киімдерін үйдегі бар заттардан тігіп үйренеді.

Ақдана Ұрсарова, Жанардың анасы:

- Мехтан шуба тігіп, енді былай біткеннен кейін, киіндіріп қойғаннан кейін қарасам, сондай үлкен... Өзінің жасына сәйкес келмейтін киімдер тігіп қойған. 4-сынып оқып жүргенде 10 жасында қыздар ондай тігеді деп ойламадым да. Өзінің ынтасы, бейімділігі, талант дейміз ғой, өнерінің бар екенін содан байқадым.

Жанар қуыршақтарды фотоға қарап жасайды. Сондықтан олар бір-біріне ұқсамайды. Шетелден тапсырыс түседі. Болашақта жеке шеберханасын ашып, қолөнер шеберлігі дәрістерін өткізгісі келеді.

Авторлары: А.Садуақас, К.Амраев