Астанада «маймыл шешегі анықталған» жолаушы оқшауланды
Вьетнамнан Қазақстанға ұшып келген азаматтан маймыл шешегінің алғашқы белгілері анықталды, деп хабарлайды 24kz.
Камрань – Астана әуе рейсінің 59 жастағы жолаушысы өзін әлсіз сезінген. Дене қызуы жоғарылап, басы ауырған. Анықталғандай, ол тамыз айының басында Конго еліне жұмыс сапарымен барған. Кейін Вьетнамда 5 күн аялдапты. Осыған байланысты дәрігерлер оны өзге азаматтардан уақытша оқшаулап, әуе айлағындағы зарарсыздандыру бөлмесіне жеткізді. Күдігі расталса, жұқпалы ауруларды емдеуге арналған медициналық мекемеге жатқызылады. Онымен бірге бір бортта болған басқа жолаушылар да тепловизор сүзгісінен өтті. Ұшақтың іші зарарсыздандырылды.
Бұл – Астана мен Алматы халықаралық әуежайларында өтіп жатқан, санитарлық-эпидемиологиялық оқу-жаттығудың оқиға желісі. Осылайша, төтенше жағдай бола қалса, құзырлы мекемелер арасындағы, іс-қимыл реттілігі қаншалықты сақталатыны бір тексеріліп, пысықталды.
Баян Дәулетиярова, ҚР ДСМ Көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Бөртпе пайда болады. Содан кейін қабыршақтанып, сол толығымен түсіп, жаңа тері пайда болмай, ауру қауіпті болып есептеледі. 5-21 күн аралығында оқшауланады. Шетелге саяхат жасаған адамдарға айтамыз. 21 күн ішінде осы белгілер пайда болса, міндетті түрде медициналық көмекке жүгінген жөн.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған дерекке сәйкес, бұл вирусты осы күнге дейін 15 мың адам жұқтырған. Соңғы айда 90 адам қайтыс болыпты. Ауруды жұқтырған адамның денесі бөртіп, басы мен бұлшықеттері ауырады. Денесі дірілдеп, әлсіздік пайда болады. Тағы қан тамырлары ісінеді.