378.89 422.90 5.88
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


АҚШ Ираннан мұнай сатып алатын елдерге санкция қолданбақшы

  • 212
  • UPD: 21:41, 23.04.2019

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран кірісін құлдыратуды мықтап қолға алайын деді. Оның айтуынша мемлекет қара алтынын сату арқылы Таяу Шығыстағы қауіпсіздікке қатер төндіріп отыр.

Терроризмді қолдап, ядролық қаруын күшейтіп жатыр дейді. Сондықтан мамыр айының екінші жұлдызынан бастап Ираннан мұнай алған кез-келген мемлекет АҚШ-тың қаһарына ұшырайды. Яғни санкцияның садағына ілінеді. Осылайша, Вашингтон Иран билігін басты табыс көзінен айыруды көздеп отыр.

Майк Пампео, АҚШ Мемлекеттік хатшысы:

- Иран режиміне максималды түрде қысым көрсетуді көздеп отырмыз. Енді ешқандай елге Тегераннан мұнай ала тұруға уақытша мүмкіндік берілмейді. Біз Иранның табыс көзін нөлге жеткізбекпіз. Олар біздің талаптарды біледі. Ядролық қару өндіруді, терроризмді қолдауды тоқтатып, бір үстел басына отырмайынша санкцияны күшейте береміз. Иранмен серіктестік орнатқан кез-келген мемлекет бұл санкцияға ілігетін болатын.

Екі ел арасындағы жағдай «Иран ядролық келісімнен» АҚШ бас тартқан соң ушыға түсті. Ол құжатқа сай Иран ядролық бағдарламасына шектеу қоюы тиіс еді. Тиісінше Вашингтон санкция салмауға уәде берген-ді. Бірақ, билікке Дональд Трамп келгелі Тегеран талаптарды орындамағанын алға тартып, келісімнен шығады. Ізінше қара алтынға және оны импорттаушы елдерге санкция жаудырады. Бірақ сегіз елге уақытша 180 күнге дейін Ираннан мұнай ала тұруға мүмкіндік берген болатын. Енді бірде-бір мемлекет Тегераннан мұнай алмайды деп отыр. Мұны естіген серіктес елдер Трамптың қадамын қатаң сынға алды.

Ген Шуан, Қытай сыртқы істер министрі:

- Қытай АҚШ-тың біржақты санкцияларына үнемі қарсы шығып келеді. Себебі Қытай мен Иранның серіктестігі ашық, заңды түрде жүргізіліп келеді. Сол себепті біздің үкімет қытайлық компанялардың құқығын қорғау үшін қолдан келгенін жасайды. Халықаралық энергетикалық нарықта тұрақтылық болуы керек.

Мевлют Чавушоглу, Түркия Сырқы істер министрі:

- Бұл саяси және сауда тұрғысынан да, этикалық тұрғыдан да дұрыс емес. АҚШ сауда бойынша халықаралық заңнаманы, Дүниежүзілік сауда ұйымының заңын бұзып отыр. Өңірдегі тұрақтылыққа залал келуі мүмкін. Вашингтон бұл қадамы арқылы өз серіктестерінің мұнай сатылымын арттырмақ. Түркия мұндай лас әрі заңсыз қадамдарға қарсы.

АҚШ-тың шешімне қарсы шыққандардың қатарында Жапония және Ирак елдері де бар. Ал Израиль болса Ақ үй басшысы Дональд Трамптың бұл шектеуін қос қолдап қолдайтыныдығын айтты. Оның айтуынша санкция салу арқылы Иран аггресиясын тоқтатуға болады.

Биньямин Нетаньяху, Израиль Премьер-министрі:

- Президент Дональд Трамп пен америкалық үкіметтің санкцияны күшейту шешімін қолдаймын. Себебі осындай экономикалық қысымдар, Иранның аггрессивті қадамдарына нүкте қоймақ.

Ал ресми Тегеран болса, Вашингтонның айыптауларына еті үйренгенін айтады. Сол себепті шет елдік серіктестеріміз келіссөзді жалғастырып, қажет болған жағдайда АҚШ-қа тиісінше жауап қатамыз деп отыр. Халықаралық сарапшылар болса, АҚШ бұл қадамы арқылы өзінің және ауыз жалысып отырған серіктес елдерінің шикізатын сатуды көздегенге ұқсайды дегенді алға тартады.

Телеканал Хабар 24