379.36 421.60 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Орбан мен Сальвини шекараларын тастай етіп бекітпек

  • 145
  • UPD: 21:29, 03.05.2019

Нигер мемлекетінің астанасы Ниамей қаласына Германия канцлері Ангела Меркель ресми іссапармен барды. Мақсат – өңірде өрши түскен терроризмнің алдын-алу және көші-қон дағдарысы.

Соңғы екі жылда Нигер мемлекетінен шығатын мигранттардың саны екі есеге азайған. Оған себеп, мемлекетке Германияның инвестиция құюы. Жыл сайын бұл елдің білім беру және денсаулық сақтау саласына Ангела Меркель 25 миллион евро бөледі екен. Осылайша жұмыс орындарын құру арқылы, Еуропаға кеткісі келетіндердің санын азайтуға болады дейді Канцлер.

Ангела Меркель, Германия канцлері:

- Заңсыз көші-қонның алдын алу үшін Нигер елінде көптеп жұмыс орнын ашу керек. Біз бұл үдеріске қатысты алғашқы жобаларымызды іске қостық. Енді сол бағдарламаларды кеңейту керек. Өңірдегі азаматтарға жағдай жасау керек.

Дәл осы көші-қон мәселесі бойынша Италия ішкі істер министрі Маттео Сальвини де Венгрияға іссапармен барып, премьер-министр Виктор Орбанмен кездесті. Екі саясаткер мигранттар ағынына қарсы тұрғызылған қоршауға барды. Айта кетейік, Венгрия мемлекеті де, Сальвинидің саясаты да босқындарға қарсы бағытталған. Өйткені 2015-ші жылы мигранттардың басым бөлігі осы Греция, Македония, Сербия және Венгрия арқылы Еуропаға өткен. 2015-2016 жылдары Сирия, Пәкістан, Ирак сынды елдерден Еуроодаққа 2,5 миллион босқын барған. Ал 2017 жылы тағы 700 мың мигрант шекара асқан.

Маттео Сальвини, Италия ішкі істер министрі:

- Заңсыз көші-қон ағынын тоқтату үшін, шекаралық бақылау пунктерін күшейту керек. Қоршау салу қажет. Сол арқылы босып жүрген босқындарды елге кіргізбеуге болады. Жалпы Италия, Венгрия және Еуропа аумағына өту үшін мигранттарға міндетті түрде рұқсат алу міндеттелді.

Сонымен Ангела Меркель инвестиция салуды ұсынса, Италия мен Венгрия қоршау салу керек деп отыр. Ал дәл сондай қоршаудың қасында қалып қойған мигранттар құқығымыз тапталды деп дабыл қағуда. АҚШ пен Мексика шекарасына Ақ Үй басшысы Дональд Трамптың қорған салып жатқаны бәрімізге аян. Салдарынан Гватемаладан бет алған мыңдаған мигрант АҚШ-қа өте алмай отыр. Тіпті сусыз, тамақсыз қалғандар аштықтан не аурудан көз жұмып жатыр. Бұл аптада 16 жастағы ер жігіт қайтыс болды. Өткен жылы 7 жастағы қызбен 8 жасар баланың өлімі тіркелген еді.

Фернандо Гарсия, белсенді босқын:

- Қоршаудан заңсыз өткендерді соттап жатыр. Ал рұқсатсыз өткізбейді. Нәтижесінде көз алдымызда балаларымыз көз жұмуда. Бұл жағдайға АҚШ Президентінің саясаты кінәлі. Шекараның қақ ортасында қалдық.

Дональд Трамп бұл жағдайларға қарамастан, Мексика президенті Андрес Мануэль Лопес Обрадорға сес көрсетті. Егер заңсыз мигранттардың АҚШ шекарасына жиналуы бәсеңдемесе, Мексикамен Америка арасындағы шекараны түбегейлі жауып тастайтындығын айтты. Мексика әкімшілігі әзірге үнсіз отыр. Десе де, Мексикамен арадағы заңсыз ағынға байланысты көршілес жатқан Техас штаты арнайы босқындар үйін ашты. Оның сыйымдылығы 500 адамды құрайды.

Рамиро Кордеро, шекаралық бақылау комитетінің агенті:

- Эль-Пасодан мигранттар уақытша түнеп шығатын босқындар үйі бүгіннен бастап жұмыс істейді. Басымдық балалы әйелдерге беріледі әрине. Қазір босқындардың жағдайы қиын. Соңғы үш күннің ішінде мыңға жуық заңсыз босқынды ұстадық.

Телеканал Хабар 24