389,53 428,03 6.01
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
РУС


Бразилияда оқу жылы әдеттегіден бұрын аяқталуы мүмкін

  • 381
  • UPD: 09:28, 26.05.2019

Бразилияда оқу жылы әдеттегі мерзімнен бұрын аяқталуы мүмкін. Себебі бүкіл ел аумағында мұғалімдердің наразылық шеруі өтуде. Ұстаздар үкіметке бірқатар талаптар қойып отыр.

Билік мұғалімдердің сұрауын орындауға дайын ба?

Бразилияда мұғалімдердің наразылық акциясы елдің 200-ден астам қаласында өтіп жатыр. Ұстаздар үкіметтен жалақыны өсіруді талап етуде және жоғарғы оқу орындарын қаржыландыруды қысқартуға қарсылық танытуда. Шараға қатысушылар мұндай әрекет елдегі институттардың дамуына, яғни жастардың білім алуын тежейді дейді. Бірақ қазір Бразилядағы жоғарғы оқу орындарының көбі өзін өзі қаржыландыруға қауқарсыз.

Серхио Кладо, студент:

- Соңғы аптада бізде сабақ дұрыс өткен де жоқ. Біз оқуға барғанмен мұғалімдер келмеді. Бастапқыда бұл қызық сияқты болды. Бос уақытымыз көбейді. Бірақ алда емтихандар, ал біз оқу бағдарламасынан қалып қойдық.

Соңғы күндері жоғарғы оқу орындарының ұстаздары мен студенттерінің наразылық шарасына орта мектептердің мұғалімдері қосылды. Кей штаттарда мамандар жұмысқа шықпай, жүздеген мектеп пен жоғарғы оқу орны уақытша қызметін тоқтатты.

Флавио Касто, мұғалімдер кәсіподағы қауымдастығының мүшесі:

- Билік өзгерістер уақытша екенін және біздің жалақы мен шәкіртақыға еш әсер етпейтінін айтып отыр. Бірақ мұндай уәдеге ешкім сенбейді. Егер біз жағдайды қазір өзгертуге тырыспасақ, үкімет кейін қалағанын жасауы мүмкін. Мәселе елдің болашағы білімге қатысты болып отыр. Мемлекет бұл мәселеде еш шара қолданбай, керісінше қаржыны қысқартып жатса, қандай өркениет туралы айтуға болады.

Наразылық шерулерінің бірі Рио-де-Жанейро қаласында өтті. Мұнда көшеге 200 мыңға жуық адам шықты. Кәсіподақтар билік мұғалімдердің талабына құлақ аспаса шеруді жалғастырып, мамырдың 30-ы күні ең ауқымды наразылық шарасын өткізетінін ескертіп отыр.

Авторлары: Анна Орлова, Дмитрий Лукша, Герберт Рейз

Телеканал Хабар 24