Белградта фрилансерлер шеруге шықты

Сербия астанасы Белградта жергілікті фрилансерлер наразылық акциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар өзін өзі жұмыспен қамтыған тұлғаларға салық салу туралы заңның күшін жоюды талап етті.

Негізі бұл заң сонау 2001 жылы қабылданыпты. Бірақ сол кезде түсіндіру жұмыстары жүргізілмеген. Содан бері фрилансерлерге ешқандай талап та қойылмаған. Алайда былтырдан бастап азаматтарға салық жинаушылардан хат келе бастаған. Шерушілердің айтуынша, мемлекет соңғы 5 жыл үшін мерзімі өткен берешекті өтеуді талап етіп жатыр. Бұған түбегейлі қарсы жұрт салықты жою үшін күреспек. Тіпті Парламент ғимараты алдында шатыр құрып, сонда өмір сүруге көшкен.